Алматыда ойыншық тапаншамен такси жүргізушісін кепілге алмақ болған ер адам ұсталды
Алматының Жетісу ауданында шетелдік такси жүргізушісін қорқытып, көлігімен қала сыртына алып кетуді талап еткен күдікті ұсталды.
Полицияның мәліметінше, 3 маусым күні кешке «Kia» маркалы автокөлік патрульдік полиция экипажының жанына тоқтаған. Көлік жүргізушісі көліктен жүгіріп шығып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Белгілі болғандай, артқы орындықта отырған жолаушы жүргізушіге тапаншаға ұқсас зат көрсетіп, оны қала маңындағы ауылдардың біріне апаруды талап еткен.
Оқиға орнына жедел әрекет еткен полицейлер көлікті қоршауға алып, күдіктіні ұстады. Тексеру барысында оның қорқыту үшін пайдаланған заты ойыншық тапанша екені анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиғаның қызықты тұсы, жүргізуші болған жағдайды бейнекамера алдында баяндап тұрған сәтте оның арт жағында жол апаты орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, BMW жүргізушісі оқиғаға алаңдап, назарын жолдан аударып алғандықтан, таксидің көлігіне соқтығысқан.