Live

 Алматыда полицейлер азаптау ісі бойынша сотталды

Алматы қаласында мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот Наурызбай аудандық полиция басқармасының екі қызметкеріне үкім шығарды.

Полиция

Капитан Әбілхайыр Пернебеков пен лейтенант Бибатыр Әлімбеков ұсталғандарға азаптау қолданғаны үшін кінәлі деп танылды.

Айыпталушылар жер теліміне қатысты алаяқтық ісін тергеу барысында заң шегінен шыққан. Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың наурызында жедел қызметкерлер үш күдіктіні «сатып алушы» ретінде нотариусқа шақырып, сол жерде ұстаған. Кейін оларды полиция басқармасына жеткізген.

Камералар орналасқан жерді білген полицейлер күдіктілердің бірін бейнебақылау көрмейтін «соқыр аймаққа» орналастырған. Сол жерде одан смартфонның құпия сөзін талап етіп, балағат сөздер айтқан. Бас тартқаннан кейін күш қолданылған:

– бір қызметкер қолына сүлгі орап, бірнеше рет соққы жасаған;

– жәбірленушіні дәретханада сулап, бетінен ұрған;

– екі рет электрошокер қолданылған;

– басынан ұялы телефонмен және су толы пластик бөтелкемен ұрған.

Осыған ұқсас тәсілмен екінші күдікті де «жауап алынған». Нәтижесінде күдіктілерден мойындау жауаптары алынғанымен, бұл әрекеттер ішкі қауіпсіздік қызметіне белгілі болған.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Олар бірауыздан Пернебеков пен Әлімбековті азаптау жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бастапқыда оларға қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы да тағылған, алайда сот оны артық деп тауып, тек азаптау айыбын қалдырды.

Судья Бахытхан Бакирбаев шығарған үкімге сәйкес, екі полицейдің әрқайсысы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олар полициядағы арнайы атақтарынан айырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз