Алматыда ер адам танысын пышақтап өлтіріп, мәйітін жертөлеге жасырған
Алматының Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірінде кісі өлтіру оқиғасы болды.
Полиция мәліметінше, бірге ішімдік ішіп отырған екі ер адамның арасында жанжал туындаған.
Тергеу дерегіне сәйкес, 50 жастағы үй иесі пышақ алып, 45 жастағы танысына өлімге әкелген жарақат салған. Осыдан кейін күдікті қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның денесін үйдің жертөлесіне жасырған.
Полиция қызметкерлері ер адамды оқиға ізін суытпай ұстады. Оқиға орнынан қылмыс құралы болуы мүмкін пышақ тәркіленді.
Аталған факті бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.