Саясат

Алматыда сайлау бақылаушыларын дайындайтын мектеп ашылды

Алматы қаласында 10 желтоқсан күні сайлау процедураларының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін қоғамдық орталықтың ашылуына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Алматыда сайлау бақылаушыларын дайындайтын мектеп ашылды

Спикерлер ретінде Алматы қаласының азаматтық альянсының өкілі, сайлау процедураларының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық орталықтың басшысы Әділ Жүнісов, Алматы қаласындағы «Сайлау-2021» бақылаушылар мектебінің жетекшісі, «Қоғамдық жоба» мекемесінің директоры Александр Братенков, «Сайлау-2021» бақылаушылар мектебінің оқытушысы Гүлнара Усеинова және Қазақстандық франчайзинг қауымдастығының президенті, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Кисиков сөз сөйледі.

Аталмыш орталық Қазақстан Республикасының азаматтық альянсының мүшесі – Алматы қаласының азаматтық альянсының бастамасымен құрылды. Орталықтың басты мақсаты – дауыс беру процедурасына кең азаматтық бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі мен Алматы қаласы мәслихатының депутаттарын сайлаудағы дауыс беру нәтижелерін шығару.

Сайлау процедураларының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық орталықтың басшысы Әділ Жүнісов:

– Дәл 30 күннен кейін еліміздің азаматтары сайлау учаскелеріне барады, көп нәрсе олардың дауыс беруіне байланысты. Сайып келгенде, бұл қайда және қай жолмен жүретінімізге байланысты. Өз платформаларын ұсынған, тіркеуден өткен партиялар өздерінің түпкі мақсаттарын нақты белгіледі. Біз өз кезегімізде сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жиналдық, – деді.

Бақылаушылар мектебінің басшысы Александр Братенков қазіргі кезде азаматтық белсенділер қатарынан 249 адам оқытылғанын атап өтті.

Барлық 507 ашық сайлау учаскелерінің бақылаушылары оқу процедурасынан өтеді, олар өздерінің қатысуымен дауыс беру процедурасына, дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін тіркеуге азаматтық бақылауды қамтамасыз етеді, яғни азаматтық сектордың бақылаушылары сайлау процесі мен нәтижелерінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Тренинг тыңдаушылары бақылаушы мәртебесін сайлау учаскелерінде тіркелген кезде 10 қаңтарда алады. Оған дейін олар потенциалды түрдегі бақылаушылар болып табылады. Оқу процесінің өзіне келетін болсақ, ол үш блоктан және төрт пәннен тұрады.

Бақылаушылар мектебінің оқытушысы Гүлнара Усеинова:

– Оқыту бақылаушының құқықтық мәдениетін қамтиды, алғашқы екі блок бақылаушының құқықтары мен міндеттері туралы, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңын түсініп білуден тұрады. Үшінші блок – бұл білімді практикада қолдану. Яғни біз жағдайларды имитациялаймыз және потенциалды бақылаушыларды, егер олар осы мәртебеге ие болса, заң шеңберінде әрекет етуге әрі заңнан асып кетпеуге шақырамыз. Заң шеңберінде әрекет етуге және сайлау учаскесіндегі процестің заңдылығын бақылау үшін бақылаушыға көңіл бөлуді үгіттейміз, – дейді.

Баяндамашылар сөз соңында атап өткендей, азаматтық одақ сайлауға бақылаушы болғысы келетіндердің бәріне ашық. Әзірге мұндай бастама тек Алматыда ғана белсенді болып отыр.

2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша сайлаушы азаматтардың бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес – 11 919 241 сайлаушы азамат тіркелген.

Партиялық тізімдер бойынша сайланған мәжіліс депутаттары сайлауындағы сайлаушылардың жалпы санының 1 пайыз резервін қоса алғанда, дайындалып, сайлау учаскелеріне жеткізілетін бюллетеньдердің саны – 12 038 433.

2021 жылғы сайлау жаңа тәсілмен өткелі отыр. Біріншіден, 16 жылда алғаш рет парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өткізілмейді (кезекті сайлау тек 1999 және 2004 жылдары өтті; 2007 жылдан бастап Қазақстанда кезектен тыс сайлау өткізілді). Екіншіден, коронавирустық пандемия аясында. Үшіншіден, сайлау заңнамасына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес.

Партиялық тізіммен сайланған мәжіліс депутаттарының келесі сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда, ал Қазақстан халқы ассамблеясы сайлаған депутаттар үшін 11 қаңтарда өтеді.

Қала сайлаушылары үшін Алматы әкімдігі Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісінің және Алматы қаласы мәслихатының депутаттарын сайлауда сайлау учаскелері туралы ақпарат беретін Call-орталықты іске қосты. Яғни өз сайлау учаскесін тексергісі келетін және дауыс беруге қатысу туралы көбірек ақпарат алғысы келетін алматылықтар үшін 221-10-01 бірыңғай нөмірімен тегін байланыс-орталығы құрылған. Call-орталық операторлары сайлаушылардың дауыс беру барысы және сайлау учаскелерінің жұмысына қатысты барлық заңнамалық нормаларды түсіндіріп береді. Call-орталықты ұйымдастырудың мақсаты – халықты кеңінен ақпараттандыру және қала тұрғындарын сайлауға қатысты мәселелер мен процедуралар бойынша кеңес беру арқылы сайлау барысына тарту.

Алматы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова:

– Дауыс беру процедурасы «Сайлау туралы» конституциялық заңымен регламенттелген. Азаматтар үшін бұл бірінші кезекте сайлаушылар тізімінде болу. Азаматты нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне қосуға оның осы сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрақты тіркеуде тұруы негіз бола алады, – деп атап өтті.

Алматы қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев 2021 жылы сайлау өткізуде call-орталық жұмысының маңыздылығына назар аударды.

– Халықтың ақпараттылығын арттыру – біздің азаматтарымыздың дауыс беруге белсенді қатысуы негізіндегі маңызды шарт. Сол себепті Алматы әкімдігі аумақтық сайлау комиссиясының методологиялық қолдауымен call-орталықты іске қосып отыр, – деді ол.

Азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелгеннен бөлек, сайлау құқығын жүзеге асырудың екі жолы бар:

–  кем дегенде бір ай бұрын, яғни 2020 жылдың 10 желтоқсанына дейін тұрғылықты мекенжайы немесе сайлаушы сайлау күні болатын орны бойынша аудандық әкімдікке оны сайлау учаскесін көрсете отырып, сайлаушылар тізіміне қосу туралы өтінішпен бару керек. Содан кейін аудандық әкімдік сайлаушыны өтініште көрсетілген сайлау учаскесінің тізіміне қосады және ол тіркеліп тұрған өңірдегі тізімнен алып тастауды ұйымдастырады;

– тіркелген орны бойынша сайлау учаскесіне келу (сайлау учаскелері 26 желтоқсаннан бастап ашылады) және есептен шығару талонын алу. Есептен шығару жеке куәліктерін беру 2021 жылы 9 қаңтарда жергілікті уақытпен 18:00-де тоқтайды. Есептен шығару талонымен елдің кез келген өңірінде дауыс беруге болады, алайда есептен шығару талоны берілген қала ішінде емес (егер сайлаушы сол қалада тіркелген болса).

Call-орталық аптасына жеті күн – сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін 221-10-01 бірыңғай нөмірі бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар @sailau_almaty Телеграм-бот көмегімен немесе Open Almaty және service.almaty.kz онлайн-сервистері арқылы да ақпарат алып, сонымен бірге әр қала тұрғыны өзін сайлаушылар тізімінен тексере алады.

Сайлау партиялық тізімдер бойынша құпия дауыс беру, жалпыға ортақ негізде және тікелей сайлау құқығы арқылы жүзеге асырылады. Әрбір сайлаушы өз дауысын бір рет және тек бір үміткерге бере алады. Сайлаушылар тұрғылықты мекенжайы бойынша сол немесе басқа учаскеде тіркеледі. Сайлау учаскелері 2020 жылдың 26 желтоқсанынан бастап ашылады.

Сонымен қатар орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауында бюллетеньдегі орындарды бөлу үшін жеребе тарту рәсімін өткізді.

Орындар келесідей бөлінді:

Бірінші нөмір – Қазақстан Халық партиясы

Екінші нөмір – «Нұр Отан» партиясы

Үшінші нөмір – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы

Төртінші нөмір – «Ақ жол» демократиялық партиясы

Бесінші нөмір – «Адал» саяси партиясы

Жеребе нәтижелері орталық сайлау комиссиясының хаттамасымен бекітілді.

Тегтер: Без Тега
Еркежан Арын
Еркежан Арын Еркежан Арын

Оқыңыз