Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:40, 28 Қазан 2022

Алты рет аты өзгерген шаһар

None
None

Гиннестің рекордтар кітабын тағы да тұрақсыздығымызбен «бағындырдық!»

Астана қаласы атауын өзгерту бойынша әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Басқалар жұрттың ойына келмейтін әрекеттерге барып, күн-түн жаттығып, шынығып, рекордтар кітабына әзер еніп жатса, біз орнымыздан қозғалмай-ақ, есесіне, өзгелерді әбігерге салып, миллиондарды шашып, Гиннеске кіре саламыз. Өзгелерді әбігерге салғанымыз емей немене Астана атын өзгерткенде тек біз ғана емес, дүниежүзіндегі барлық мемлекеттер, ұйымдар, фирмалар, карта жасайтындар, интернет іздеу жүйелері тағы басқа атауға байланысты дүниелер өзгертетінін де ойламаймыз ғой шіркін. Әйтеуір, бәрін шешіп, сол ғана қалғандай, өткен айда Бас қаламыздың атауын тағы өзгерттік.

Атап өтер жайт, негізі, 60 жыл ішінде Астананың атауы бес рет өзгертіліп, Гиннестің рекордтар кітабына енген болса, енді алтыншы рет өзгертіп, рекордты тағы бір жаңғыртып отырмыз.

Алғашында қала Ақмола деп аталды, 1961 жылы Целиноград, 1992 жылы Ақмола, 1998 жылы Астана, 2019 жылы Нұр-Сұлтан болып аталды. 2022 жылғы 17 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен тағы да қала өзінің бұрынғы атауы – Астананы қайтарып, алтыншы рет өзгертті. Гиннестің рекордтар кітабының сайтында Астананың 1997 жылы Қазақстанның астанасы болғаны, бірақ алғашында Ақмола аталғаны жазылған.

1961 жылдан 1991 жылға дейін қала Кеңес Одағының тың және пайдаланылмай жатқан жерлерді игеру науқаны аясында ауыл шаруашылығын кеңейту бағдарламасының орталықтарының бірі болғандықтан, Целиноград, яғни «тың игеру қаласы» деп аталды. 1961 жылға дейін Ақмола деп аталды. Ақмола 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде қала атауы болып қабылданды.

Кейін 1998 жылы қаланың атауы елбасының қалауымен Астана аталса, 2019 жылы жекелеген адамдардың қалауымен Нұр-Сұлтан болып өзгертілген-ді. 2022 жылдың қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қалаға бұрынғы атауы – Астана қайтарылды. Соңғы жылдары еріккендердің ермегіне айналған қала атауының рекордтар кітабына енуі тұрақсыздығымыз бен даңғойлығымызды, жүйенің жекелеген азаматтарға ғана қызмет ететінін әйгілеп тұрғандай. Халықты қойшы, жан жағымыздан ұят болды-ау!

          Осы орайда, атап өтер жайт, негізі, отыз жылдан бері атауы ауысуды күтіп тұрған қалаларымызға президенттің «мейірімі» түссе ғой. Қит етсе, «Вова көкемізге айтамыз» дейтіндер де тырп ете алмас еді. Өйткені дәл қазір көкелерінің басы онсыз да қатып жатыр. Өз елін тастап қашқан орыстар елімізді паналап жатқан тұста, оның үстіне, қоғамда қазақ тілінің мәселесі де қайта-қайта көтеріліп жатқан кезді пайдаланып, жоғымызды түгендеп, жыртығымызды бүтіндеп, неге үлгермеске?!

Осы бір қарбаластың ішінде білінбей де кетер еді. Әйтпесе, осы уақытқа дейін «орманға қарап ұлитындардың» кесірінен, өзгелердің қас қабағына қарап, бата алмай отырғанымыз өтірік емес қой. Петропавл, Павлодар, Щучинск секілді қалаларымызды қазақыландырып, сауабын алсақ, сайлау алдында мемлекет басшысына ұпай жинауға да жақсы еді. Бір қаланың атауымен алысып, рекорд жасай бермей, елімізде сол тектес басқа да мәселелер бар екенін биліктегілер қашан түсінер екен...

Тегтер: