Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 20 Мамыр 2024

Қызылордада әкімдік мұғалімдерге көп қабатты үйлердің сыртын әктеуді міндеттеген

1
Фото: tverlife.ru

Елімізде "Педагог мәртебесі туралы" Заңның күшіне енгеніне бірнеше жыл болды. Дегенмен, аталмыш құжат ұстаздардың құқықтарын қорғап, қоғамдағы орнын айқындауға септігін тигізбегенге ұқсайды.

 Мәселен, Қызылорда облысында әкімдік қызметкерлері мұғалімдерге көп қабатты үйлердің сыртын әктеп, сырлауға міндеттемек болған деп хабарлайды, Zhasalash.kz.

Көптің наразылығын тудырған жағдай Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде орын алған. Аталған кент әкімінің орынбасары мектеп директорлары мен басқа да мемлекеттік мекемелерге көп қабатты үйлердің жөндеу жұмыстарын өз қаражаттарына жасауды жүктеген. Шенеунік қол қойған құжат әлеуметтік желілерде таралып, халықтың ашуын тудырды. Күндіз сабағынан, түнде рейдтік шаралардан қолдары босамайтын мұғалімдер енді демалыс күндері де өзге біреудің үйін тазалайтындарына күйінеді.

"Заң қабылданған жылы сенбілікке шыға бермейтінбіз. Ретсіз жиналыстарға да бізді қатысыңдар деп мәжбүрлемейтін. Өзіміздің тікелей жұмысымызбен, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болды. Бірақ біраз уақыттан соң, баяғы қалпымызға қайта келдік. Енді келіп, өзге біреудің үйінің сыртын әктеп, тазалауға мәжбүрміз. Оған кететін шығынды да өз қалтамыздан шығарамыз ғой. Қарсы шықсақ, жұмыссыз қаламыз ба деп қорқамыз. Бірақ мұғалімдерге кішкене болса да құрмет болуы керек қой", - деп ашынады Гүлназ есімді қазалылық мұғалім.

Әлеуметтік желілерде тарап кеткен әкімдік құжатында кенттегі көп қабатты үйлерге жүргізілетін жөндеу жұмыстарына мектеп директорлары тікелей жауапты деп жазылған.

1

Әр аймақ тізімге сәйкес бөлінген. Барлығы 33 көп қабатты үй. Тапсырмаға сәйкес, мектеп қызметкерлері ғимарат қабырғаларын әктеп, сырлап, сондай - ақ, қажеттілігіне қарай іргетасын да сырлауға міндеттелген. Құрылыс жұмыстарына қажетті құрал - саймандарды да өздері алуға тиісті болған. Бұл жағдайға байланысты билік өкілдері ресми мәлімдеме жасады.

"Еліміз бойынша жүріп жатқан "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында Қазалы ауданында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылуда. Соған сәйкес, елді-мекендерді абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және тазалық жұмыстарына аудан тұрғындары мен мекеме, кәсіпорын қызметкерлері атсалысуда. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 101 көпқабатты тұрғын үйлер болса, үйлердің қас беттерін дұрыстау жұмыстары Әйтеке би кенті әкімі аппаратының бюджет шығыстары мен демеушілік есебінен жүргізіледі.  Осы ретте, әлеуметтік сала қызметкерлері аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына тартылмайды. Сондай-ақ көрсетілген кемшіліктерге байланысты зерделеу жүргізіліп, жауапты тұлғаларға тиісті шара көрілетін болады", - деп мәлімдеді Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айнұр Төлешова

Тегтер: