Аңызға айналған «Ақиқат» журналына – 105 жыл
Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына орай «Заман мен зиялы мінбері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Салтанатты шара Мемлекет басшысы аңызға айналған басылымды мерейтойымен құттықтауынан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.Мемлекет басшысы атап өткендей, дәстүрлі баспасөз сапалы сараптама мен жауапты журналистиканың негізгі тірегінің бірі болып қала береді.
«Бұл тарихи меже – тұтас ұлт руханиятының тағылымды шежіресі, өнегелі басылымның бірегей жылнамасы. «Ақиқаттың» әр парағында халқымыздың тағдыры мен елдік мұраты хатталды. Басылым бетінде Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин бастаған ұлт зиялыларының бірегей туындылары жарияланды. «Aqiqat» қай кезеңде де елдік мүддені бәрінен биік қойып, әдебиетіміз бен мәдениетімізді дәріптеді, ұлттық сана мен қоғамдық ойдың өрісін кеңейтуге қалтқысыз қызмет етті. Қазіргідей оқырман талғамы өзгеріп жатқан кезеңде байыпты сөздің, терең талдаудың, парасатты пайымның қадірі бұрынғыдан да арта түскені анық. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде салиқалы ойдың мінбері болып қалу «Aqiqat» журналының жауапты миссиясы деп санаймын», – делінген ҚР Президентінің құттықтау хатында.

Жиын барысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ержан Байтілес оқып берді.
«Құрметті «Aqiqat» журналының ұжымы! Сіздерді қазақ баспасөзінің қазыналы қара шаңырақтарының бірі – «Aqiqat» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырдан астам тарихы халқымыздың қоғамдық-саяси және рухани өмірімен сабақтасып жатқан журнал ел тарихының тағылымды беттерін санасында сақтаған бағалы рухани мұраға айналды. Ұлттың ой-санасының өсуіне, қоғамдық пікірдің қалыптасуына және қазақ журналистикасының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Түрлі кезеңде атауы мен мазмұндық бағытты өзгергенімен, журналдың қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын беделді пікір алаңы ретіндегі сабақтастығы үзілген жоқ. Бүгінде «Aqiqat» өзекті мәселелерді тереңнен талдап, ұлт мүддесін байыппен зерделейтін салмақты басылым ретінде оқырман ықыласына бөленіп келеді. Бұл журналдың әр жылдардағы басшыларының, ардагер қаламгерлерінің және қазіргі шығармашылық ұжымының еселі еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта да «Aqiqat» тағылымды дәстүрі жаңа мазмұнмен толығып, қоғамға ой салатын қызметі жалғаса беретініне сенімдімін", – деп құттықтау хатында Арман Қырықбаев ғасырлық тарихы бар журналдың қоғамдық маңызын атап өтті.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев, журнал ардагерлері Сарбас Ақтаев, Жанболат Аупбаев, тарихшы Хангелді Әбжанов және басқа ғалымдар қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың хатын Жанай Омаров, ал, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың құттықтауын бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Эльмира Рамазанқызы журнал ұжымына табыстады.

Ғасырлық жолды жүріп өткен журналдың түп негізі тарихи Орынбор қаласынан, 1921 жылдың 15 қыркүйегінен бастау алады. Ол кезде «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген басылымның алғашқы бас редакторы мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Абдолла Асылбеков болды. Журналда қазақ ұлтының тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен, ғылымы мен білімінен ойып тұрып орын алған белгілі тұлғалар қызмет атқарды. Ораз Жандосов, Смағұл Садуақасов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов, Ғаббас Тоғжанов, Ерғали Алдоңғаров және тағы да басқа ел ардақтыларының қолтаңбасы қалған басылым өз заманының үнін жеткізіп, ұлт баспасөзінің айнасы бола білді. Уақыт өте келе басылым атауы бірнеше рет өзгергені мәлім.Атап айтқанда, «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген атпен жарық көрді. Мерекелік іс-шара барысында «Aqiqat» журналының бас редактордың орынбасары, журналист Дина Имамбай журнал тарихынан баяндама жасады.

«1921 жылғы бірінші нөмірден бастап, журналымыздың әрбір беті – тарихтың шежіресі! Партиялық журнал бола тұрса да, мұнда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ақыл-кеңесі, Алаш арыстарының мемлекетшілдік ұстанымы менмұндалап тұр. Мұнда Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлиннің қолтаңбасы, 25 жасында халық комиссары болған Смағұл Сәдуақасовтың «ұлтым!» деген жүрегінің дүрсілі жатыр. Журнал алғашқы күннен-ақ тіл мәселесін көтерді. Мысалы 1923 жылы №19-21 сандағы «Ұлт мәселесі және Қазақстан құрылысы» деген бас мақалада автор (С.) билік органдарында қазақ тілін білмейтін мамандардың көптігін, халық билік өкілдерімен сөйлесе алмайтынын айтады: «Милиция, инспектор қазақша бір ауыз білмейді. Жоғарғы исполкомдарға барсаң тілмашсыз тағы болмайды». Жалпы журналда ұлттық идентификация мәселесі ұдайы көтеріліп отырған. 1931 жылы журнал «Қазақстан бәлшебегі», одан кейін «Ауыл коммунисі» аталды, латынша қаріппен шықты. 1931-32 жылдары жауапты редактор Жанайдар Сәдуақасұлы, Ораз Жандосұлы болды, одан кейін Сарыбаев, Сүгіров, Мусин редакторлық етті. Голощекиннің сөздері шыққан нөмірлер 10 мың тиражбен тараған. 1938 жылы журнал «Коммунист» аталды. Тиражы 15 мыңға жетті. Соғыс кезінде журнал жұмысы уақытша тоқтады. Бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан технология заманында қағаз бетіндегі басылымдардың, әсіресе қоғамдық-саяси журналдардың орны мен сипаты да жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Сондықтан да «Ақиқат» сияқты іргелі басылым терең аналитика мен сараптама алаңы болуға тиіс», – делінген баяндамада.
Сонымен қатар басылымда еңбек еткен қаламгерлер естеліктерін бөлісті.
– Мен екі рет «Ақиқат» журналына жұмысқа шақырылған адаммын. 1986 жылы Кәкімжан Қазыбаев ағамыз бас редактор болып келді. Сол кісі үш журналисті жұмысқа алды. Соның бірі – мен едім. Өте қиын заманда жұмыс істедік. 1985 жылы қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келді. Кәкімжан аға журналды жаңартуға тырысты. Ескі тәсіл орын бергісі келмейді. Жаңа идея жүзеге аспайды. Кәкеңнің арқасында журналға жаңа леп келді. Бізге жоспар жасатып, жүйелі жұмыс жүргізді. Тың тақырыптарға қалам тербедік. «Ақиқат» журналында істеген жылдарымды журналист ретінде қалыптасқан шағым деп білемін», – деді Жанболат Аупбаев.
«Ақиқат» журналының 105 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысындағы маңызды сәттің бірі – басылым тарихына арналған «Алаштың «Ақиқаты» атты кітаптың тұсаукесері болды.

– Мерейтой аясында біз «Ақиқат» журналының тарихына арналған кітап шығаруды ұйғардық. Кітапта басылымның бас редакторлары болған қаламгерлер туралы мәлімет бар. «Ақиқаттың» «Қызыл Қазақстан» деп аталған кезеңінен бергі тарихи зерттеулерін де енгіздік. Себебі аңызға айналған басылым туралы зерттеу жоқтың қасы. Сол үшін де журнал ұжымымен ақылдасып, зерттеу еңбек шығаруды жөн көрдік. Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші бөліміне естеліктер мен зерттеулер жарияланса, екінші бөлімде «Ақиқат» журналының бас редакторының орынбасары Дина Имамбай «Қызыл Қазақстан» деп аталған кезеңнен бергі барлық материалдарға шолу жасады. Кітаптың атының осылай қойылуының да өзіндік себебі бар. Бұл журналдың тарихында Алаш арыстары өте көп жұмыс істеген. Сондай-ақ, Алаш арыстарының еңбектерін тұңғыш жариялаған да осы «Ақиқат» журналы болатын. Кітап көпшілік қауымға арналған», – деді басылымның бас редакторы Дәуіржан Төлебай.
Жиын соңында «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Ержан Байтілес журналдың ардагері Сарбас Ақтаевты «Парламентке 30 жыл» медалімен марапаттады.
Гүлдана Нұрлыхан
«Қазақ газеттері» ЖШС