Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 05 Маусым 2024

Антикордың өзінен пайда көретін, тасқын кезінде той жасайтын Мақсат Раманқұловтың бизнестері

Мақсат Раманқұлов
Фотоколлаж Kazinform

Алматыда экс-депутат Мақсат Раманқұлов 50 жасқа толған мерейтойын ең атақты мейрамханалардың бірінде атап өтті.

 Оның тойына белгілі шенеунік Иманғали Тасмағамбетов, Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қазіргі мәжіліс депутаты Қазыбек Иса келген. Одан бөлек, ресейлік «Мираж» тобы, Қайрат Нұртас, «Музарт» тобы, Мұқасан Шахзадаев, Raim сынды жұлдыздар арнайы концерт қойған. Тойдың видеолары желіде вирустай тез таралды. «Қазақстандағы ең қымбат той» деп қоғам арасында қызу талқыға түсті. Қазір мерейтойына байланысты экс-депутат түсініктеме беріп әлек.

Тойға барған тағы бір депутат Азат Перуашев «Бұл не қылған надандық. Ол нағыз кәсіпкер адам» деп, экс-депутатты ақтап жатыр (бұл жерде «Ақ жол» партиясының төрағасы тым таяз ойлап, тым беріден қайырып отыр. Халықтың реакциясы «надандық» емес, бұл тасқын су әлі қайтпай тұрған екіұдай шақта «өзінде бармен көзге ұрған», жұрттың жүйкесімен ойнаған бұрынғы шенеунік, қазіргі миллионердің әрекетіне деген наразылық болатын. Сосын, осы күні кез келген олигархтың жұрт көрсін деп жасайтын тойы халық үшін дарақылық болып көрінетінін ескеру керек).

Сонымен, біз білдей бір партияның төрағасын өзіне «адвокат» қылып, халықты «надан» деп ататып қойған миллионердің тойының кадрларын біз де көріп шықтық. Мақсат Раманқұлов кім, қандай кәсіпкер? Тексеріп көрдік.

Желідегі видеодан тойдың шынымен де аста-төк болғанын көруге болады. Мерейтойда келген қонақтарға арнап Астанадан пәтер, электромобиль, Samsung, iPhone телефондары және Дубай мен Италияға саяхат сияқты ұтыс ойындары ойнатылған.

Желіде «Қазақстандағы ең қымбат той» деп қоғам арасында қызу талқыланған тойға байланысты экс-депутаттың өзі кейіннен түсініктеме берді.

Мақсат Раманқұлов
Фото: facebook.com/aqjol.shahtinsk

«7,5 млн тұратын жеңіл автокөлік, Астанадан 12 миллион теңге тұратын бір бөлмелі пәтер ұтыс ретінде ойнатылғаны рас. Мен құрылысшымын және құрылыс компаниям бар. Біз Астанада және бүкіл Қазақстан бойынша тұрғын үй кешендерін салып жатырмыз. Мерейтойыма қонақтарыма осындай сыйлық беруді жөн көрдім. Оған қоса кәдімгі сыйлықтар, бірнеше телефон болды. Мерейтойға 300 қонақ келсе, оның 50-60-ы балалар. Әр орын 45 мың теңге, яғни 250 адамға 10 миллионнан сәл артық кетеді. Той Алматының тау бөктерінде, ашық аулада өтті. Ол жерде туыстарым мен достарым ғана болды. Бізде мұндай тойлар апта сайын болып тұрады, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ», – дейді Мақсат Раманқұлов.

Раманқұлов кім?

Мақсат Раманқұлов – 2021-2023 жылдары мәжіліс депутаты болған, сонымен қатар 2023 жылы өтетін парламент сайлауында «Ақ жол» партиясының тізімі бойынша депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген шенеунік. Ол Шымкент көлік прокурорының көмекшісі (1997-2001), Оңтүстік-Шығыс көлік прокуратурасының ішкі қауіпсіздік жөніндегі аға прокуроры (2001), Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының бастапқы есепке алу құжаттарын әзірлеу және статистикалық есеп беру бөлімінің прокуроры қызметтерін атқарған. 2020 жылға дейін 10 жыл Mabex Trade LTD ЖШС деп аталатын жеке құрылыс компаниясының бас директоры болған. Экс-депутаттың жеке қонақ үйі, бірнеше құрылыс компаниясы бар. Енді оларды ретімен баяндап берейік.

Экс-депутаттың бизнестері

BUILDING RESOURCES ЖШС

Астана қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2007 жылы, 20 наурызда, кейіннен 2017 жылы, 10 қазанда тіркеуден өткен.

BUILDING RESOURCES

Директоры – Жуканова Арман Уахитовна. Құрылтайшысы – Раманкулов Максат Базаралыевич. Мекенжайы –Астана қаласы, Қадырғали Жалайыри көшесі, 8.

Кәсіпорын мейрамханалары бар қонақ үй қызметімен айналысады. 2022 жылғы қаржы айналымы – 2 240 952 263 теңге, биылғысы – 1 233 375 325 теңге. 2023 жылғы төлеген салығы – 26 188 401 теңге. Жалпы осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 197 262 945 теңге аударған. Мемлекеттен алған келісімшарттар саны 2018 жылдан бері – 18. Оның сегізін тікелей бір көзден алған.

General Structure жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2002 жылы 5 ақпанда, кейіннен 2023 жылы, 9 маусымда қайта тіркеуден өткен.

Директоры – Жуканов Абай Уахитович. Құрылтайшысы – Раманкулов Максат Базаралыевич. Мемкенжайы – Астана қаласы, Шарль де Голль көшесі, 3А.

Кәсіпорын ғимарат құрылысымен айналысады. Компанияның кейінгі уақыттағы қаржы айналымы мардымсыз. 2023 жылғы қаржысы – 2 975 789 теңге ғана, төлеген салығы – 57 мыңға жуық. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

MabexTrade Ltd ЖШС

Экс-депутаттың ең ірі компаниясы – MabexTrade Ltd. Ол бұл компанияда 2020 жылға дейін бас директор қызметін атқарған. Кейіннен құрылтай құрамынан да шығып кеткен.

MabexTrade Ltd

Компания құрылыс саласында сәтті қызмет көрсетіп келеді. Астанада бірнеше үй салған. Олардың арасында: «Мәди», «Ақан сері», «Наурыз», «Max Royal», «Ақ Бұлақ 2» , «Статус», «Arman De Luxe», «Жастар», «Баян Сулу», МЖК-1, МЖК-2, «Парковый» сынды тұрғын үй кешені бар.

Сонымен бұл компания Астана қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2004 жылы алғаш рет тіркеуден өткен. 2023 жылы қайта тіркелген. Былтырдан бастап директоры Маралбаев Айбек Аскарович. Құрылтайшысы да Маралбаев Айбек Аскарович. Бұрын оның құрылтай құрамында Романкулова Асем Базаралиевна, Жуканов Абай Уахитович және Раманкулов Максат Базаралыевич болған. Мекенжайы – Астана қаласы, Шарль де Голль көшесі, 3А.

1

 

Кәсіпорынның 2023 жылғы ақша айналымы 6 920 346 210, төлеген салығы 166 824 339 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 1 144 734 035 теңге аударған.

Компания мемлекеттен келісімшарт алып орындап тұрады. Мысалы, 2019 жылы 2 019 931 200 теңгеге үш, 2020 жылы 3 360 000 000 теңгеге бір, 2022 жылы 1 852 015 480 теңгеге бір келісімшарт алып орындаған. Жалпы осындай тендерлерінің саны – 49.

MAB Qurylys KZ

Бұл компания «MAB Qurylys KZ» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы. Аталған кәсіпорын да құрылыспен айналысады. Астана қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2021 жылғы 27 қаңтарда алғаш тіркеуден өткен. Директоры – Утегенова Меруерт Камбаровна.

1

2023 жылғы қаржы айналымы –458 976 157 теңге. Төлеген салығы – 8 406 147 теңге. Ал биыл компанияның жұмысы сәтті болып жатқанға ұқсайды. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 20 012 203 теңге салық төлеген.

Астанадағы антикор ғимараты
Астанадағы антикор ғимараты. Фото: kaztag.kz

Өз бағасынан 3 есе қымбатқа мемлекетке сатылған ғимарат

Жалпы Мақсат Раманқұловтың басы дауға қалып жатқан жағдай бұл бір емес. Осыдан 4 жыл бұрын оның MabexTrade Ltd компаниясы мемлекетке ғимарат сатамын деп, онысы БАҚ беттерінде біраз шу болған еді. Себебі экс-депутаттан Астана әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне деп сол кездегі нарықтан 3 есе қымбат бағаға ғимарат сатып алған.

Кәсіпкер 2017 жылдың көктемінде елорданың «Ақ-Бұлақ» ықшамауданындағы ауданы 0,3 гектар бөлінбейтін жер телімін 158 миллион теңгеге сатып алып, ол жерге кеңсе ғимаратын салған. 5 200 шаршы метрлік ғимараттың 120 бөлмесі болған. Астана әкімдігі ғимаратты сатып алуға асыққаны сонша, ғимарат сатып алатын бірнеше құжаттық кезеңдерден аттап өтіп, жылжымайтын мүлікті Раманқұловтан 3,3 млрд теңгеге сатып алған. Нәтижесінде, оның бір шаршы метрі бюджетке 634 615 теңгеге, яғни елордадағы ең элиталық тұрғын үй бағасымен бірдей сомаға түскен.

Экс-депутаттың өзі ғана емес, туыстары да бизнеспен айналысады

Раманқұловтар әулетінде тек экс-депутат қана емес, оның қарындасы да бизнеспен айналысады. Біз Мақсат Раманқұловтың өзі негізін қалаған MabexTrade Ltd компаниясында Романкулова Асем Базаралиевнаның да құрылтай құрамында болғанын жаздық. Тегі мен әкесінің аты экс-депутаттікімен бірдей, соған қарап, біз оны қарындасы деп топшыладық. Сонымен Әсем Романқұлованың атында ресми 2 компания бар. Оның бірі –

«Tehtour» Туристік агенттігі» ЖШС

Алматы қаласында орналасқан. Директоры да, құрылтайшысы да Әсем Романқұлова. Терминалдардың қызметімен айналысатын компанияның кейінгі уақыттағы қаржы айналымдары туралы мәлімет жоқ. Тек 2015 жылы қаржы айналымы – 336 172 105 теңге, 2016 жылы – 47 688 526 теңге болғаны ғана белгілі. Ал компания жабылмаған, қазір де қызмет көрсетіп келеді.

Car.kz
Car.kz

Екіншісі – Car.kz деп аталады. Астана қаласында орналасқан компания алғаш рет 2015 жылы, 2 маусымда тіркеуден өткен. Директоры да, құрылтайшысы да Әсем Романқұлова.

Мекенжайы экс-депутаттың компаниялары сияқты, Шарль де Голль 3А-да орналасқан.

2023 жылғы ақша айналымы – 95 643 473 теңге, төлеген салығы – 1 441 223 теңге. 2020 жылдан бері мемлекеттен төрт келісімшарт алып орындаған. Осы жерде айта кетейік, Мақсат Раманқұлов 2021-23 жылдар аралығында мәжіліс депутаты болған.

P.S. Жалпы, экс-депутаттың өзі «таңғаларлық ештеңе жоқ» деп айтқан тойына қанша қаржы кеткенін біз білмейміз. (Басқалары тегін ән айтса да, атақты «Мираж» тегін келмейтіні, оның үстіне экс-депутат тойға 20 млн жұмсадым дейтіндей, сол сомаға ресейлік топтың бір өзі ән айта қоюы екіталай). Бәлкім, 20 млн, бәлкім, 200 млн. Бірақ біз Қазақстанда ең қымбат той өткізудің тағы бір жолын анықтадық. Ол үшін нарықтағы бағадан 3 есе қымбатқа антикордың өзіне ғимарат сату екен.

Тұрсынбек БАШАР