Апатты жағдайдағы 130 тұрғын үй мәселесі қалай шешіледі?
Шымкент қаласы – еліміздегі ең үлкен үш қаланың бірі. Онда тұрып жатқан халық саны да аз емес.
2024 жылғы 1-қыркүйектегі есеп бойынша, елдегі үшінші мегаполистің тұрғындары 1 миллион 243,9 мың адам болды. Шаһарда адам санының өсуіне қарай белгілі мөлшерде әлеуметтік ауыртпалық пайда болады. Яғни азық-түлік, ауыз су, жылу және жарық энергиясын тұтыну мөлшері көбейеді. Ең маңыздысы, тұрғын үйге қажеттілік артады.
Сол қатарда ірі мегаполиске айналып келе жатқан Шымкент қаласында да тұрғын үйге мұқтаж жандар жетерлік. Оның үстіне қаладағы кейбір көпқабатты үйлер ескіріп, тұрғындарға қауіп төндіре бастаған. Мұндай үйлерді де сүріп, онда тұрып жатқан азаматтарға жаңа үй беруге тура келеді. Бұған дейін мемлекет басшысы 2029 жылға дейін республика бойынша апатты жағдайдағы 1500 тұрғын үйді бұзып, иелеріне жаңа пәтер беруді тапсырған.
Шымкент қаласы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мегаполистегі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары қала әкімінің тапсырмасы бойынша жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі сәтте Шымкент қаласында екі мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар, бірақ оның жетпіс пайыздан астамының салынғанына жарты ғасырдан аса уақыт болған. Сондай-ақ апатты жағдайдағы тұрғын үйлер де бар, қазір қалада мұндай үйлердің саны 130-дан асады. Мұндай тұрғын үйлерді бұзудан бұрын сонда тұрып жатқан тұрғындардың толық келісімін алу қажет.
24-қазанда Shymkent City шағынауданы аумағында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бағдарлама аясында тұрғындарға пәтер кілтін табыс етті. Айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі ескіріп, бұзуға тура келетін нысандар тізіміне енді. Аталған ғимарат осыдан 60 жылдан аса уақыт бұрын салыныпты. Ол заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талабына сәйкес келмейді. Мұндай тұрғын үйлер азаматтардың өміріне ғана емес, маңайындағы инфрақұрылымға да қауіп төндіретіні анық.
Бағдарлама шарты бойынша апатты деп танылып, бұзылған үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмесі бұрынғымен бірдей пәтер алады. Жаңа тұрғын үйлер заманауи талапқа сай әрленгенін айта кеткен жөн. Бұл бағдарлама азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қаланың сәулеті мен келбетін жаңартуға, қала экологиясын жақсартуға және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Республика күні қарсаңында да Шымкент тұрғындарына пәтер кілті табысталды. Атап айтқанда, ұлттық мереке қарсаңында мемлекеттік бағдарлама бойынша 304 отбасы қоныстойын тойлады. Бозарық шағынауданында орналасқан үйлерден баспаналы болған азаматтарға кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үйлерін Отбасы банк арқылы «2-10-20», «5-10-20» бағдарламасы бойынша несиелік негізде рәсімдеген. Қоныстойын тойлап жатқан тұрғындар арасында ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар және бюджеттік мекеме қызметкерлері бар.
«Республика күні – елдік пен бостандықты, мемлекет бірлігі мен патриотизмді дәріптейтін ұлы мереке. Рухымызды қайта жаңғыртып, ұлттық мүддеміз бен тарихи бейнемізді биікке көтеру – бізге жүктелген асыл борыш. Бұл күн – Қазақстан Республикасының негізі қаланған тарихи сәт ретінде аса қымбат. Ұлттық мерекеміздің маңызын жас ұрпаққа жеткізу, патриоттық сезімді күшейтіп, ел бірлігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы», – деді қала әкімі.
Қазір 304 пәтері бар сегіз көпқабатты тұрғын үйге конкурс өтіп, азаматтармен сатып алу-сату келісімшарты жасалып жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында Отбасы банк АҚ арқылы 400 пәтері бар 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өтіп жатыр. Бұған дейін табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген. Жыл аяғына дейін тағы төрт мыңнан аса пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр. Егер түрлі мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде жұмыс істесе, көптеген азаматтың баспаналы болу арманы ертерек орындалар еді.
Қуан Өмірхан
Шымкент қаласы