Саясат

АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстан өкілдерімен Самарқандта келіссөз жүргізеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 17-22 қазан аралығында Самарқанд, Мумбай және Джамнагар қалаларына жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаменті хабарлады.

Марко Рубио

Сапардың алғашқы бағыты – Өзбекстанның Самарқанд қаласы. Мұнда Марко Рубио АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекетін – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанды біріктіретін C5+1 форматындағы министрлер кездесуіне қатысады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Рубио Орталық Азиядағы бес мемлекеттің жоғары лауазымды өкілдерімен екіжақты келіссөздер өткізеді. Кездесулерде стратегиялық ынтымақтастық пен экономикалық байланыстарды нығайту мәселелеріне басымдық беріледі.

Мемлекеттік хатшымен бірге Самарқандқа АҚШ-тың ірі бизнес делегациясы да келеді. Оның құрамында америкалық компаниялардың 200-ден астам басшысы мен іскерлік орта өкілдері бар. Вашингтон бұл сапар арқылы Орталық Азия елдерімен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.

Самарқандтағы кездесулерден кейін Марко Рубио Үндістанға аттанып, Мумбай және Джамнагар қалаларына барады. Онда үкімет және бизнес өкілдерімен кездесіп, стратегиялық әріптестік, өңірлік және жаһандық мәселелер, сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылайды.

Самарқандтағы кездесу АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен байланысын кеңейтуге бағытталған дипломатиялық іс-шаралардың бірі болмақ. Ал Қазақстан үшін C5+1 форматындағы келіссөздер Вашингтонмен саяси және экономикалық жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Тегтер: Марко Рубио
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз