Саясат

«Ештеңені өзгертпейміз»: Жұманғарин кәсіпкерлердің салыққа қатысты шағымына жауап берді

Қазақстанда Салық кодексін өзгерту әзірге жоспарланып отырған жоқ.

Жұманғарин

Бұл туралы Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Журналистер министрден кәсіпкерлердің жаңа салық талаптарына қатысты шағымдарын ескеріп, Үкіметтің заңнамаға өзгеріс енгізу ойы бар-жоғын сұрады.

«Менің білуімше, қазір реформа мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Біз мұндай мәселе көтеріп отырғанымыз жоқ және  өзгеріс туралы жоспар жоқ», - деді Серік Жұманғарин.

Министрдің түсіндіруінше, қазіргі салық жүйесінде бизнес түріне қарай әртүрлі талаптар қарастырылған. Басқа компаниялармен жұмыс істейтін кәсіпорындар жалпыға бірдей салық режимін қолданып, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен басқа да салықтарды төлеуі керек. Ал тауарлар мен қызметтерді тікелей тұтынушыларға ұсынатын кәсіпкерлерге арнаулы салық режимдері қарастырылған.

Журналистер кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексін қолдану кезінде қиындықтарға тап болып жатқанын да айтты. Бұған жауап берген министр кодекс күшіне енгеніне небәрі тоғыз ай болғанын еске салды.

«Келісіңіз, жұмыс істеп үлгермей жатып, негізгі баптарға өзгерістер енгізу барып тұрған ақылға қонымсыз әрекет болар еді», - деді ол.

Жұманғариннің пікірінше, Салық кодексінің тиімділігін бағалап, қандай өзгерістер қажет екенін анықтау үшін оны кемінде бір жарым-екі жыл қолданыста сынау керек.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз