Қоғам

Ақсуда әйелді өлтіріп, мәйітін өртемек болған ер адам сотталды

Павлодар облысының Ақсу қаласында әйелді ұрып өлтіріп, қылмыс ізін жасыру үшін мәйітін өртемек болған ер адамға сот үкімі шықты.

Сот

Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 5,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді.

Сот мәліметінше, оқиға 17 сәуірде қаланың шетіндегі жылу құбырларының маңында болған. Сол күні ер адам мен әйел бірге алкогольдік ішімдік ішкен. Дастарқан басында әйел ер адамның марқұм анасын балағаттағаннан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған.

Ашуға булыққан ер адам алдымен әйелдің бетінен жұдырықпен ұрған. Кейін оны бірнеше рет тепкілеген. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Осыдан кейін ер адам үйіне барып, солярка алып келген. Қайтып оралған соң марқұмның киімін шешіп, денесіне жанармай құйып, өрт қойған. Ол осылайша қылмыс ізін жасырмақ болған.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 5,5 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: сот үкімі
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз