Қоғам

Ақтөбеде есірткі саудасына 400 млн теңгеден астам қаржы аударған топ ұсталды

Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкеннің төлемдерін қабылдап, ақшаны криптовалюта арқылы аударып отырған қылмыстық топтың жолы кесілді.

Ұстау

Тергеу дерегінше, топ мүшелері есірткі саудасына байланысты 918 мың USDT-ден астам қаражат аударған. Бұл 400 млн теңгеден асады.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын құрып, оған жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша, төлемдерді тәулік бойы қабылдап, ақша аударып отырған.

Есірткі сататын интернет-дүкеннің операторлары сатып алушыларды тапсырыс ақысын төлеу үшін осы топқа бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін оларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.

Тергеу мәліметінше, топ күн сайын 50–70 төлем операциясын жүргізген. Қаражатты қабылдау үшін өзге адамдардың атына ашылған 22 банк картасы пайдаланылған. Мұндай карталар дропперлердің атына рәсімделген.

Кейін түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын басқаратын адамдардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылып отырған.

Қылмыстық әрекетті ұйымдастырды деген күдікпен бір адам қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Ұстау Ақтөбе
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз