Қоғам

Польшада Конституциялық трибуналға қатысты жанжал өршіп, наразылық басталды

Польша Конституциялық трибуналы төрағасының орынбасары Бартоломей Соханьский елде мемлекеттік төңкеріс болып жатқанын мәлімдеді.

Польша

Бұған дейін Конституциялық трибуналдың ресми сайтында Бартоломей Соханьский мен мекеме төрағасы Богдан Свенчковскийдің өкілеттігі уақытша тоқтатылғаны туралы ақпарат жарияланған.

Соханьский мұндай шешімнің заңды негізі жоқ екенін айтып, оны трибунал мен тәуелсіз судьяның қызметіне араласу деп бағалаған.

Өкілеттікті бір айға тоқтату туралы шешімді трибунал судьясы Анна Корвин-Пиотровская қабылдаған. Бұған Соханьский мен Свенчковскийдің Сейм сайлаған төрт судьяны Конституциялық трибуналдың жалпы жиналысына қатыстырудан бас тартуы себеп болған. Соның салдарынан трибуналдың 2027 жылға арналған кірістер мен шығыстар бюджетінің жобасын қабылдау мүмкін болмағаны айтылды.

Корвин-Пиотровская өз кезегінде 2016 жылғы Конституциялық трибуналдың ұйымдастырылуы мен жұмыс тәртібі туралы заңға сүйеніп, мекеме төрағасының міндетін өзіне алған. Ол трибунал судьяларының арасында еңбек өтілі ең ұзақ екенін алға тартқан.

Шешім жарияланғаннан кейін Конституциялық трибунал ғимаратының алдында наразылық басталып, аумаққа полиция кірген. Трибунал төрағасы Богдан Свенчковский де ғимаратқа келгенімен, полиция оны ішке өткізбеген.

Осыдан кейін Свенчковский жиналғандардан қоршауды бұзуға арналған лом сұраған. Наразылыққа қатысушылардың бірі өзін слесарь ретінде таныстырып, қоршауды бұзған. Алайда полиция жасағы Свенчковскийдің ғимарат аумағына кіруіне бәрібір рұқсат бермеген.

Оқиғаларға байланысты Польша президенті Кароль Навроцкий Сенегалға жасаған сапарын шұғыл тоқтатып, елге қайтып келе жатқаны хабарланды. Ал премьер-министр Дональд Туск елде "құқық үстемдігін қалпына келтіру" жүріп жатқанын мәлімдеген.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз