Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:18, 10 Қаңтар 2023

Аралас мектеп ана тілімізге жасалған қиянат

None
None

Қазақ елі орыс тілінен кіндігі ажырамай әлі отыр. Кейбіреулер баласын қазақ тілді мектептен ала қашып, орыс мектебіне берсе, ал билік аралас мектептерді біртіндеп қазақ тілді мектепке айналдыру орнына жаңадан ашылған мектептерді аралас мектеп жасауға барынша тырысуда.

Айналып келгенде ана тіліміздің тынысы тарылып, барған сайын мәртебесі төмендеп барады. Осыдан соң елімізге, жерімізге біреу көзін алартып, Тәуелсіздігіміз сынға түссе, Украинаның кебін кидірсе кімге ренжиміз?! Обалымыз билікке дейміз бе?!

Өз тілімізді өзімізге өгейсітіп, ұрпағымыздың өзге тілде білім алуына, өз тілін мойындамауына ғана жағдай жасап отырған билік қазақ елінің ертеңін ойлап, ұлт болашағына қызмет етіп отыр дегенге сену қиын. Отыз жылдан асса да бағы жанбай есіктен сығалаған қазақ тілінің жағдайы, билік басына осы жылдар ішінде ұлтқа, ұлттық құндылықтарға жаны ашитын жандар бармағанын аңғартады. Ал халық осы уақытқа дейін «2020 жылы халықтың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді» деген ертегіге сеніп келді. Ақырында отыз жылда қоғамда өз орнын таба алмаған қазақ тілінің болашағынан үмітін үзіп, балаларын, немерелерін орыс сыныптарына сүйрелеуде. Ал билік тағы да «аралас мектептерді халықтың сұранысына орай ашып отырмыз» деген уәжді алға тартуда. Шын мәнінде билік қазақ тілінің қадірін арттырғанда, ұлттық тіліміз қазақ тілінің басқалардан бәсінің жоғары болуына аз да болса тырысса жағдай мұншалықты ушықпас еді. Соның дәлелі бүгінгі күні жыл санап көбейіп бара жатқан аралас мектептер.

Биылғы 2022-2023 оқу жылының өзінде қазақ журналистері қанша жерден шулап, қарсылық көрсетсе де Алматы облысы Талғар ауданындағы №25 мектеп аралас мектеп болып ашылды. Алматы қаласы, Алатау ауданынан да №209 қазақ-орыс аралас мектебі пайдалануға берілді.  Еліміздің бас қаласы Астанада жалпы саны 149 мектеп болса, оның 99-ы – мемлекеттік екен. Оның ішінде 35-і – қазақ тілінде білім берсе, 56-сы аралас, 8-і орыс тілінде оқытатын мектептер екен. Ал Алматыда2022-2023 оқу жылында 212 мемлекеттік мектеп тіркелген болса, тағы 98 жекеменшік мектеп білім беруде. 212 мемлекеттік мектептің 73 қазақ тілді, 59 мектеп орыс тілді болса, аралас тілде оқытатын 77 мектеп бар екен. Оның  – 75 қазақ орыс, 1 – қазақ орыс ұйғыр тілдерінде және 1 – орыс ұйғыр тілдерінде, тағы 3 ұйғыр тілінде оқытатын мектеп бар екен. Шыны керек аралас тілді мектептің аты аралас болғанымен оқушылар үзілісте орыс тілінде сөйлесіп, өтетін іс шаралар да негізінен орыс тілінде өткізіледі. Соның дәлелі қоғам қайраткері Дос Көшім мырза «сондай бір аралас тілді мектепке барғанымда мектеп директоры  шараны қазақ тілінде сөйлеп ашқанымен, шара негізінен орыс тілінде өтті. Яғни мектеп директорлары негізінен мәдени, спорттық шараларды орыс тілінде ұйымдастырады» дейді. Сондықтан аралас мектепте білім алатын оқушылар да негізінен орыс тілді өрендер болып қалыптасады.

Осы орайда аралас мектептерді де орыс тілді білім беретін мектептер деп санауға болатындай. Сол есеппен қарасақ Астанада қазақ тілді 35 мектеп болса, 64-і орыс тілді балаларды тәрбиелеп шығуда. Ал Алматыда 73 қазақ тілді мектеп болса, 135-і орыс тілді ұрпақ қалыптастыруда деп сеніммен айта аламыз. Салыстырмалы түрде қарасақ орыс тілді балаларды тәрбиелейтін мектептер саны қазақ тілді мектептерді екі орайды екен. Осыдан соң қоғамымыз неге қазақыланбай жатыр деп бас қатырудың да жөні жоқ секілді. Қоғамда қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеймеуінің де сырын осындан іздеуге болады.

Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Жеңісбекқызы «Аралас мектептерді қазақыландыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?» деген сұрағымызға «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласы бойынша қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны небәрі 13 болса, ал бүгінгі күні олардың саны — 73. Балалар саны 11 мыңнан 144 мың балаға дейін өсті» деп жұбатты. Қанша жерден аралас мектептер мәселесін елеусіз қалдыруға тырысып, қазақ тілді мектептер туралы мәліметті көрсетіп бағуға тырысқанымен министрлік тарапынан қазақ тілінде білім беруге енжарлық анық байқалады. Мақтаулы Аймағамбетовтің де неше жыл Бас мұғалім болып отырғанда аралас мектептер мәселесін шешу орнына ушықтырып жібергенін аңғарып отырмыз. Рас демографияның өсуімен бірге қазақ тілді мектептердің де саны артуда, оларға баратын балалар саны да өсе түсуде. Алайда аралас мектептің саны олардан екі есе көп болып, орыс тілді ұрпақ саны еселеп өсіп жатқанының сұрауын кімнен сұрар екенбіз...

Осы орайда айта кетсек, елімізде қазақ тілді мектептерден гөрі аралас мектептердің саны жыл өткен сайын артып барады. Кейінгі 10 жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейсе, аралас мектеп бірден 340-қа артқан. Мәселен 2011 жылы 3 828 қазақ мектебі болса 2090 аралас мектеп болған. 2016 жылдары 3805 қазақ тілді мектеп, 2 235 аралас мектеп тіркелген. Ал 2021 жылы 3 832 қазақ тілді, 2 429 аралас мектеп тіркеліп отыр. Барған сайын аралас мектептер саны айтарлықтай көбейіп барады. Ірі қалаларда жаңадан қазақ мектептері ашылып жатқанымен, халық көшіп кеткен шағын ауылдарда бала санының азаюына байланысты бұл мектептер жабылып жатыр. Соның әсерінен қазақ мектебінің де өсуі бйқалмай отыр.

Саясаттанушы Дос Көшім «Мәселені заңмен реттеуіміз керек. Сонда кейбір тұрғындар үйімнің қасында мектеп жоқ, мына мектепті аралас жасаңдар деп айта алмайды. Екіншіден аралас мектептің орыс сыныптарында білім беру орыс тілінде болғанымен барлық шаралар қазақ тілінде өтуін сол заңмен реттеуіміз керек.  Үшіншіден, аралас мектептерді  жыл сайын қазақтілді мектепке айналдырудың нақты жоспары болуы керек. Ең бастысы, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік орнауы тиіс. Онсыз тіл мәселесі шешілмейді. Атап өтер жайт, осындай жоспардың жоқтығынан кейбір аудандарды аралас мектеп қажеттілігі болмаса да жұмыс істеп тұр. Шын мәнінде олардың бәріне жақсы мониторинг жасаса, кейбір аудандарда аралас мектептің қажеті жоқ болып қалар еді. Мұның бәрі мемлекеттің, биліктің, сол жердегі атқарушы биліктің нақты жұмысы. Бірақ ондай жұмысты біз көріп отырған жоқпыз» дейді. Яғни аралас мектептерді азайту бағытында еш жұмыс жүріп жатқан жоқ деуге болады.

Ал журналист Қанат Әбілқайыр «Талғар ауданындағы №25 мектеп әу баста қазақ тілді мектеп болып ашылатын болған. Құжаттары да солай жасалған. Алайда кейін аралас мектеп болып қалды. Бұл жерде мемлекеттің де ұлт мүддесіне келгенде кежегесі кейін тартып тұруы ықпал етті. Аралас мектеп болса бөліп оқытатындықтан қаржы да көптеу бөлінетін секілді. Егер биліктің ұлттық құндылықтарға келгенде бір бүйрегі бұрып тұрса мұндай келеңсіздік орын алмас еді. Үкімет тарапынан қазақ тіліне жаны ашымастық орын алып отыр. Оны көрген халық та сол биліктің ыңғайына қарай бейімделуде» дейді.

Расында да қазақ тілін талап еткендерді «үңгірдегі ұлтшылдық» деп бағаланып тұрған заманда ешкім қазақ тілінің болашағына да сенбейді, аралас мектептер де одан әрі көбейе берері анық...

Тегтер: