Арайлым Әбенова самбодан әлем чемпионы атанды
Арайлым Әбенова аса ауыр салмақта үздік шықты, бұл туралы спортты дамыту дирекциясы мәлімдеді.
Өткен жылғы әлем біріншілігінде қоланы қанағат тұтқан Арайлым бұл жолы финалда 80 келіден жоғары салмақта ресейлік спортшы, Орынбор облысының өкілі Жанар Құсанованы 6:0 есебімен жеңді.
Әбенова алдымен ширек финалда филиппиндік Сидней Сиді қапы қалдырды. Содан кейін жартылай финалда румыниялық Бианко Проданды 3:2 есебімен жолдан тайдырды. Осылайша, Арайлым қазақ қыздары арасында алғаш рет аса ауыр салмақта жеңіс тұғырына көтеріліп отыр.
Ол жеңісті сәтінен кейін берген сұхбатында бұдан былай да әлемде үздік шығып, Қазақ елінің көк байрағын биікте желбіретуді мақсат тұтатынын жеткізді.
Жарыстың соңғы күні сондай-ақ Әлібек Зекенов 98 кг салмақта қола жүлдеге ие болды. Ол үшінші орын үшін белдесуде тәжік балуаны Бахтовар Замировты 3:0 есебімен жеңді. Тағы бір қазақстандық Талғат Жиентаев әскери самбодан 98 келіден жоғары салмақта үздік үштікке ілікті.