АШЫҚ ХАТ
ҚР президентіҚасым-Жомарт Тоқаев мырзаға
Алты рет инфаркт, екі мәрте инсульт алып, қылтамақ буындырған асқазанымды түгел алғызып тастаған, жұбайын мәңгілік мекеніне аттандырып, сыңарынан айырылған аққудай, жетім шалдың кебін киген менің жасым 81-ден асып барады. Биылғы жылдың сәуір айында ағара бастаған қанымның қызыл түйіршіктерін аз-аздап көтеріп, 3 айда бір жатып, емделіп жүрген клиникалық Орталық аурухананың контингенттер тізімінен сызылып қалған едім. Сол ауруханаға қайта тіркелуім үшін не мемсыйлықтың иегері, не «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақты алуым қажет екен.
Хош. Мен қазақ қаламгерлерінің арасынан алғашқы болып, тек қана көркем әдебиеттен құралған 26 (жиырма алты) томдық Шығармалар жинағын шығарған жазушымын. Осы жинақтың «Елім-айдың» үш кітабы, өлеңмен жазылған «Жарылғап батыр», «Мейрамсопы – Қарқабат» романдары, «Мен – тірімін», «Мұңлы ойлар», «Ағаларым – жағаларым, інілерім – ірілерім», «Ботасымын боздаған боздаламның», «Өмірім – өзегім» атты 11 (он бір) томы Жазушылар одағының әдеби жылдық қорытындысы бойынша «жылдың ең үздік» кітаптары аталған-ды.
Былтыр 80 жасқа толған 22 маусым күні Ерлан Қошанов маған телефон шалып, мерекеммен құттықтап, сіздің Қ.Тоқаев, маған Еңбек Ерін берем деген сәлемдемеңізді жеткізген-ді. Сол уәдеге сеніп, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мені Еңбек Еріне ұсынған болатын.
Жыл аяғында Сматаевқа Еңбек Ерінің алтын медалі тұрмақ ешбір орден, медальды да бұйырмады.
Қалам иесі қашанда кешірімді ғой. «Президенттің ұятсыз, арсыз, жағымпаз жалдамалы көмекшілері мен кеңесшілері әлгі ұсынысты Тоқаевтың көзіне көрсетпеуі мүмкін-ау...» деп биыл Қазақстан Жазушылар одағының мені Еңбек Ері атағына қайталап ұсынуына келісімімді беріп едім. Алайда, Еңбек Ерінің медалі түгіл, Сматаевтың аты-жөні анау орден-медаль алушылардың ұзын тізіміне де ілінбей қалыпты.
Осындайда қазақ: «Әкеңді мен өлтіріп пе едім?» деп ызалы ашуын көмейден төге салатын. 1986 жылы өз ажалынан қайтыс болған қадірменді Кемел аға мені 1981 жылдың маусымында Шығармашылық үйінде жатқанымызда өз нөміріне шақырған болатын. Есікті іштен кілттеп тастап, үстел үстіне бір коньяк пен жарты қазыны қойып, мені қонақ еткен-ді. Сонда сіздің әкеңіздің:
«Әу, Софыжан, менің сенен он шақты күндей қашқақтап жүргенімді сезген шығарсың. Қауіпсіздік комитетінің тапсырмасымен сенің «Елім-ай» диалогияңа тездетіп пікір жазып беруім қажет боп, содан кітабыңды оқыдым ғой. Қобалжуым бекер екен. Халқымыздың арғы-бергі тарихын терең қозғап, ұлтымыздың арман-мүддесін аялай жазыпсың. Біз «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» кейін сондай сүбелі шығарма жазылмай келеді», деп аузымызды құр шөппен сүртумен жүрміз. Сенің «Елім-айың» Мұхаңның «Абай жолымен» тең түсер құнды дүние. Шынын айтсам, Мұхаңның соңғы үшінші-төртінші томдары саясат үшін диктовкамен жазылған нәрсе ғой, – деп оңаша отырсақ та маған сыбырлап қана шешілгені бар.
Қасым-Жомарт бауыр, сіз әкеңіздің сол сыбырын да естімегендіктен, әке жолынан да адасып қалып отырған сияқтысыз. Менің кім, қандай жазушы екенімді танымайсыз да.
Мен өзімнің кім екенімді таныстыра кетейін.
1. «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағына екі рет ұсынылғанда, Әбіш Кекілбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтың киліге араласуымен сол атақты ала алмай қалғанмын;
2. Орталық аурухана тіркелуінен қайта-қайта сызыла берген соң, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлігіне» 2008–2020 жылдары 13 (он үш) ұсынылсам да, кім көрінгенге берілетін сол атақ маған бұйырмаған-ды;
3. Жоғарыда айтып кеткен «жылдың ең үздік» аталған кітаптарым 11 (он бір) рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, 11 (он бір!) рет «батыраш достарымның» арқасында, жүйріктерімнің 11 рет мойны үзіліп, көмбеге жете алмаған;
4. Елбасы Назарбаевтың уәдесімен бір мәрте «Халық қаһарманына», 2 (екі) рет Еңбек Еріне ұсынылсам, Тоқаев мырза сіздің заманыңызда 2 мәрте «Қазақстанның Еңбек Ері» мәртебесіне ұсынылып, осы бес кезеңде де дәмеленіп, ашылған алақаныма былш еткен қақырықтан басқа түк түспеп еді;
Мәртебелі Қасым-Жомарт бауыр, осы төрт тізбекті Гинестің рекордтар кітабына кіргізсеңіз, «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика», «Естігіш билік» дейтін бастамаларыңыздың қыр-сырына қаныққан әлем жұртшылығы не айтар еді.
1986 жылдан бері мемлекеттік баспалардан бір кітабым жарық көрмесе, отыз бір жыл бойы бірін-бірі ауыстырған Мәдениет министрлерінің қаулысымен БАҚ пен театр сахналарынан ажырап қалған мені сіз түгілі, қалың қазағымның тоқсан пайызы біле бермейді.
2007 жылдан бергі 15 жылда орден, медаль тұрмақ, бір парақ қағазға аты-жөнім жазылған алғыс хат та берілмесе, менің қалам иесі екенімді өз отбасым да біле бермейді-ау деп ойлаймын кейде.
Ал Еңбек Ерінің алтын медалін төсіне таққан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Ілия Жақановтардан өзімді кем санамайтын жазушымын. Осылардың «Елім-аймен» қатар тұрар қай кітаптары бар еді.
Жиырма жылдан бері науқас пен кесел әлсіреткен денемнің арқасын ағаш төсекке төсеп, қол көтерердей шағын дәптерге қаламымды жүйткіте беруден жаңылмаппын. Осы уақытта 26 томымның 12 томын өлермен тірлікпен шалқалап жатып, жазып шығыппын. Бұл – сіздің президенттікке қайталап түсем дейтін әрекетіңізден әлдеқайда ауыр, ерлікке тең еңбек екенін түсіне алсаңыз...