Риддердегі жылу жүйесін жөндеуге Үкімет резервінен шамамен 1,8 млрд теңге бөлінді
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу желілері мен ЖЭО жабдықтарын жөндеуге резервтен шамамен 1,8 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат қаланы жылумен қамтуды арттыруға және инфрақұрылымды 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға жұмсалады. Бөлінген қаржы жылу желісінің тозығы жеткен 12 учаскесіне, сондай-ақ Риддер ЖЭО-дағы №5 және №6 қазандық агрегаттарында күрделі жөндеу жобаларын аяқтауға бағытталады.
Жылу жүйесін жаңарту қажеттілігі техникалық тексеру қорытындыларымен дәлелденді. Мамандар ең алдымен жөндеуді талап ететін негізгі учаскелер мен жабдықтарды айқындаған. Өткен жылыту маусымында бірқатар желілерде тозу мен ақаулар анықталып, оларды кезең-кезеңімен жаңарту қажет екені белгілі болды.
Қазандық қондырғылары мен жылу желілерін жөндеу жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, Риддер тұрғындарын жылумен қамту сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.