Қоғам

Қазақстанда кімдер әскерге бармайды? Қорғаныс министрлігі жаңа ережелерді бекітті

Қорғаныс министрлігі әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және әскери билет беру тәртібіне өзгерістер енгізді.

сарбаз

Жаңа бұйрықта кімдердің әскерге баруды кейінге шегере алатыны және кімдердің мерзімді әскери қызметтен босатылатыны нақты көрсетілген.

Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінің ресми сайтында Қорғаныс министрлігінің қолданыстағы бұйрығына өзгерістер енгізу туралы құжат жарияланды.

Жаңа құжатта бейбіт уақытта азаматтарды әскери есепке қою, әскери билет беру, сондай-ақ әскерден босатылған немесе әскери қызметке шақырылуы кейінге қалдырылған азаматтарға құжат рәсімдеу тәртібі қамтылған. Сонымен қатар қызмет көрсету талаптары нақтыланып, құжаттардан қате анықталған жағдайда қандай шаралар қабылданатыны белгіленген.

Кімдер әскерге шақыруды кейінге қалдыра алады?

Құжатқа сәйкес, мына санаттағы азаматтар әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға құқылы:

Денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін отбасы мүшелеріне қарайтын азаматтар. Бұл ретте олар толықтай мемлекеттің қамқорлығында болмауы және күтім жасайтын басқа міндетті туыстары болмауы керек.

Анасынсыз тәрбиелеп отырған бір немесе бірнеше баласы бар азаматтар.

Ата-анасы қайтыс болуына, ата-ана құқығынан айрылуына немесе сот үкімімен бас бостандығынан айрылуына байланысты кемінде екі жыл бойы басқа адамдарды тәрбиелеп, асырап отырған азаматтар.

Некеде тұратын және бір немесе одан да көп баласы бар азаматтар.

Білім алып жүргендер – оқу мерзімі аяқталғанға дейін.

Денсаулығына байланысты әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылғандар.

Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтер.

Тиісті білімі бар және ауылдық жерде мамандығы бойынша тұрақты еңбек ететін дәрігерлер.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының және жергілікті өкілді органдардың депутаттары.

Өзіне қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан, сондай-ақ қылмыстық ісі сотта қаралып жатқан азаматтар.

Азаматтық авиацияның ұшу экипаждары, инженерлері, механиктері мен техниктері.

Тиісті білімі бар кеме экипажының мүшелері.

Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандар.

Кімдер мерзімді әскери қызметтен босатылады?

Бұйрықта мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылатын азаматтардың санаттары да көрсетілген. Олардың қатарында:

Денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар.

Заңды негіздер бойынша әскерге шақырылмаған және 27 жасқа толған азаматтар.

Әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде әкесі, анасы, ағасы, әпкесі, інісі немесе қарындасы қаза тапқан, қайтыс болған не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік алған азаматтар.

Басқа мемлекетте әскери немесе баламалы қызмет өткергендер.

Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет атқарған азаматтар.

Ғылыми дәрежесі бар азаматтар.

Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері.

Жаңа өзгерістер әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату тәртібін нақтылауға бағытталған.

 

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз