Бақытжан Базарбек "2026 жылдың үздік Парламент депутаты" атанды
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "Халық сүйіктісі" ұлттық премиясында "2026 жылдың үздік Парламент депутаты" номинациясын жеңіп алды.
Базарбектің айтуынша, бұл марапат ол үшін ерекше маңызға ие. Себебі оны халықтың еңбегіне берген бағасы деп қабылдайды.
Ол бұған дейін де аталған байқауда жеңімпаз атанған. 2023 жылы қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге "Жылдың үздік Парламент депутаты" номинациясын иеленген. Ал 2024 және 2025 жылдары байқаудың финалына дейін жеткен.
Экс-депутат марапаттан гөрі Парламентте атқарған жұмысының халық тұрмысын жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға және әділетті қоғам қалыптастыруға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.
"Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды. Бүгінгі марапат – соның бір дәлелі деп білемін", – дейді Бақытжан Базарбек.
Ол заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында жоспарлаған жұмыстарының барлығын аяқтап үлгермегенін де жасырмады. Алдағы уақытта Құрылтайдың жаңа депутаттарымен бірге заңнаманы жетілдіруге және ел мүддесіне бағытталған бастамаларды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Базарбек алдағы уақытта да білімі мен кәсіби тәжірибесін осы мақсатқа жұмсайтынын айтты.