Астанада 1500-ге жуық адам есірткіге қарсы бұқаралық жүгіруге қатысты
Профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі ретінде елордада "Астана – есірткісіз қала" бастамасын қолдауға арналған бұқаралық жүгіру ұйымдастырылды.
Астанада есірткіге қарсы күрес идеясын қолдау және тұрғындарды белсенді өмір салтына ынталандыру мақсатында ауқымды спорттық іс-шара өтті. Қала әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, жүгіруге 1500-ге жуық адам қатысқан.
Спорттық шара Ырыскелді қажы мешітінің маңынан басталды. Оған елорда тұрғындарымен қатар, басқа өңірлерден келген спорт әуесқойлары, жастар, отбасылар және қала қонақтары қосылды.
Бұқаралық жүгіру "Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету және "Астана – есірткісіз қала" бастамасын қолдау аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғам назарын есірткіге тәуелділіктің алдын алу мәселесіне аудару, жастар арасында спортқа қызығушылықты арттыру және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Қатысушыларға екі түрлі қашықтық ұсынылды. Жүгірушілер Ырыскелді қажы мешітінен басталған бағыт бойынша Кенесары хан ескерткішін айналып өтіп, 4 және 7,6 шақырымдық қашықтықтарды еңсерді.
Спорттық бастаманы "Жастар Рухы" жастар қанаты ұйымдастырды. Оған "Әділет" партиясының өкілдері қолдау білдірді. Сонымен қатар іс-шараға Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты.
"Әділет" партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаевтың айтуынша, мұндай шаралар қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға және тұрғындарды спортпен жүйелі түрде айналысуға ынталандыруға бағытталған.
Ол есірткі мәселесін бір ғана спорттық іс-шара арқылы шешу мүмкін емес екенін, алайда азаматтардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар жүгірудің кәсіби спортшыларға арналған жарыс емес, барлық жастағы тұрғындар қатыса алатын бұқаралық сипаттағы шара екенін жеткізді.
Жүгіруге елордалықтармен бірге еліміздің өзге өңірлерінен келген қатысушылар да атсалысты. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Евгений Казаков.
Ол Астанадағы іс-шарадан бір күн бұрын Ақмола облысының Зеренді ауданында ұйымдастырылған жүгіруге қатысып, 30 шақырым қашықтықты еңсерген.
Евгений Казаковтың айтуынша, Астана арқылы жол жүріп бара жатқанда бұқаралық жүгіру туралы біліп, отбасымен бірге қатысуға шешім қабылдаған.
"Кеше Зерендіде 30 шақырым жүгірдім. Бүгін Астанада осындай іс-шара өтіп жатқанын көріп, отбасыммен қатысуды жөн санадым. Өзім кёкусинкай каратэмен айналысамын. Біздің отбасымызда спортпен шұғылдану қалыпты өмір салтына айналған. Ең бастысы – адамның белсенді болуы. Ол үшін міндетті түрде жүгірудің қажеті жоқ, кез келген спорт түрімен айналысуға болады", – деді ол.
Павлодарлық спортшы мұндай бастамалардың тұрғындарды дене белсенділігіне ынталандырумен қатар, отбасылық спорт мәдениетін дамытуға да ықпал ететінін айтты.
Іс-шара соңында белгіленген қашықтықты еңсеріп, мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медальдар табысталды.
Айта кетейік, есірткі қылмысының алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту "Заң мен тәртіп" қағидатының маңызды бағыттарының бірі саналады.
Бұл ретте құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмыстары мен қоғамдық ұйымдардың бастамаларын ұштастыру, азаматтарды салауатты өмір салтына тарту және есірткіге қарсы қоғамдық ұстанымды қалыптастыру маңызды.
Астанада өткен бұқаралық жүгіру де осы мақсаттарды көздеп, "Қауіпсіз қоғам" идеясын насихаттауға және қала тұрғындарының қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуына бағытталды.