Қоғам

Астанада интернет-дүкеннің иелері есірткіні печеньеге қосып сатып келген

Астанада "Пепе" интернет-дүкені арқылы есірткі таратқан бес ер адам ұсталды.

Печенье

Полиция олардың жалдамалы пәтерлерде орналасқан есірткі сақтау және тарату орындарын анықтаған. Тінту кезінде 12 келіге жуық есірткі және каннабис шайыры қосылған 238 печенье тәркіленді.

Polisia.kz мәліметінше, интернет-дүкен елордада есірткі жеткізудің тұрақты арнасын қалыптастырған. Жедел-іздестіру шараларын полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп жүргізген. Ұсталғандардың барлығы 30 жастан асқан.

Тергеу дерегіне сәйкес, қылмыстық топ мүшелері міндеттерді өзара бөліскен. Бірі істі ұйымдастырса, өзгелері есірткіні буып-түюге, сақтауға және жасырын орындарға жеткізуге жауапты болған. Олар тәулік бойы марихуана, гашиш, каннабис шайыры және осы топқа жататын өзге де есірткі заттарын таратқан.

Тәркіленген заттардың ішінде әрқайсысының салмағы 100 грамм болатын, каннабис шайыры қосылған 238 печенье бар.

Күдіктілердің үйлерін тінту кезінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры табылған. Сонымен қатар ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразылар, есірткіні өлшеп-орауға және вакуумдауға арналған құрылғылар, брикеттер, түрлі түсті оқшаулағыш таспалар мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бес күдіктінің барлығы қамауға алынған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз