«Атымды қаралауға жол бермеймін»: Шайдоров миристрліктің мәлімдемесіне пікір білдірді
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров спорттық құрылымдар тарапынан жалақының төленбеуі мен жаңа келісімшартқа байланысты жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Ол өзіне қатысты жағдайды ашық айтып отырғанын, бірақ мемлекеттік органдармен дауласқысы келмейтінін, тек беделіне нұқсан келтірілмеуін қалайтынын жеткізді.
Спортшының айтуынша, жалақы наурыз айынан бері төленбей келеді, ал жаңа келісімшартты талқылау тек мамыр айының ортасында басталған. Оның сөзінше, құжат әлі күнге дейін толық келісілмеген.
Сонымен қатар ол 5 маусымда оқу-жаттығу жиындары басталуы тиіс екенін, алайда қаржыландыру, бағдарлама дайындау және жол шығындары бойынша нақты шешім әлі қабылданбағанын айтты.
«Кейбір мәселенің тек ашық айтқанда ғана шешілетіні өкінішті. Қандай да бір органдармен тартысқа түскім келмейді, бірақ атымды көпшілік алдында қаралауға жол бере алмаймын», – деп жазды ол.
Шайдоровтың айтуынша, 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алғаннан кейін нормативті орындағанына қарамастан, әлі күнге дейін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігін алмаған.
Сонымен қатар ол бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған өмір бойғы төлемдер туралы ақпараттың дұрыс берілмегенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай төлемдерге тек 20 жыл еңбек өтілінен кейін ғана үміттене алады.
Бұдан бөлек, ол ақпан айынан бері жеке дәрігерсіз қалған, ал оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру және жаңа маусымға дайындық мәселелері әлі шешілмеген.
Шайдоров жаңа келісімшартқа қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, құжатқа әлі қол қойылмаған, себебі команда бірқатар тармақты, соның ішінде 2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль алу міндеттемесін қайта қарауды сұраған.
Ол барлық қаржылық мәселелер шешілген жағдайда, төленбеген жалақыны балаларға көмекке бағыттайтынын, мұны Халықаралық балаларды қорғау күніне арнайтынын айтты.