Қоғам

Атыраудағы қанды қылмыс: Прокурор Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің қалай қаза тапқанын айтты

Атырауда Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды. Іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр.

Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов бекітілген айыптау актісінің мазмұнын жариялап, процеске қатысушыларға таныстырды. Құжатта айыптың мәні, оқиғаның егжей-тегжейі және тергеу кезінде жиналған негізгі дәлелдер мен айыптау тарапының ұстанымы жария етілді.

Енді қылмыстық істі мәні бойынша қарау күні мен тәртібін сот белгілейді.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев пен Наурыз Мұқанғалиев арасында тұрмыстық сипаттағы келіспеушіліктер бұрыннан болған. Уақыт өте келе екі азамат арасындағы шиеленіс күшейіп, өзара наразылық ушыға түскен.

Қайғылы оқиға қалай болған?

Тергеу дерегінше, қылмыс Атырау облысындағы Мұнайшы ықшамауданындағы жеке үйлердің бірінде болған. Екі азамат арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан. Айыптау нұсқасына сәйкес, Сәрсемәлиев асүй пышағын пайдаланып, Мұқанғалиевке ауыр жарақаттар салған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, күдікті қылмыстан кейін мәйітті жеке үйдің ауласына жасырып, дәлелдерді жоюға тырысқан.

Наурыз Мұқанғалиев ұзақ уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болды. Кейін оның сүйегі табылып, сот-медициналық сараптама жүргізілді. Сарапшылар марқұмның денесінде көзі тірісінде салынған көптеген ауыр жарақат болғанын анықтады. Қорытындыға сәйкес, дәл осы жарақаттар оның өліміне себеп болған.

Сонымен қатар сот отырысы кезінде Мирамгүл Қарабалинаның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша оқиғаның хронологиясы белгілі болды. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев күндіз азық-түлік алып, үйіне оралған. Сол кезде үйде оның жұбайы Ақбаян, кәмелетке толмаған баласы және туысы Мирамгүл Қарабалина болған.

Іс материалдарына сәйкес, тараптар арасында тұрмыстық жағдайдың қолайсыздығы мен қажетті азық-түліктің жоқтығына байланысты жанжал туындаған. Тергеу дерегінше, сөзге келіспеушілік қысқа уақыт ішінде ушығып, ауыр салдарға әкелген. Айыптау нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев Мирамгүл Қарабалинаның денесіне пышақ жарақатын салған, соның салдарынан әйел көз жұмған.

Оқиғадан кейін күдікті мәйітті жасырып, қылмыс ізін жоюға әрекет жасаған деп есептеледі. Сонымен қатар, қылмыстық іс аясында марқұмның жеке мүлкін, оның ішінде ұялы телефонын иемдену фактісі де қарастырылып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз