Әуе қозғалтқыштарын ұрлау ісі: Bek Air-дің бұрынғы басшысы сотталуы мүмкін
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Bek Air әуе компаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты тергеуді аяқтады.
Оған және тағы бір күдікті З. Тұрсыновқа аса ірі көлемде әуе қозғалтқыштарын ұрлады деген айып тағылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Алматы әуежайының аумағында тұрған Fokker 100 ұшағынан екі қозғалтқыш жоғалған. Кейін олардың бірі 2019 жылғы 27 желтоқсанда апатқа ұшыраған Bek Air ұшағынан табылған.
Қозғалтқыштың ұрланған бөлшек екені әуе апатын техникалық тексеру кезінде сериялық нөмірі арқылы анықталған. Алматыдан Астанаға бағыт алған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы жарақат алған.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық істі тергеу 2026 жылғы 23 қыркүйекте аяқталған. Қазір іске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Істің сотқа қашан жолданатыны әзірге белгісіз.
Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, оларға мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.