Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 23 Мамыр 2024

Ауылдарға ауыз су қашан жетеді?

ауыз су
Фото: ашық дерек көз

Елімізде ауыз сумен қамтамасыз ету ісі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Себебі қысы-жазы алыстан су тасып, не құдыққа қарап отырған ауылдар мен елді мекендер әлі де бар.

 Бұған орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің тозуын қосыңыз. Негізі 2025 жылға дейін халықты таза ауыз сумен 100 пайыз қамту мақсат етілген. Осы бағытта өңір-өңірде белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл ауданы бойынша 61 елді мекеннің біреуінде ғана орталықтандырылған ауыз су жоқ. Бүгінде аудан бойынша тек Бозой ауылының тұрғындары тасымалды суды пайдаланып отыр. Алайда жаңа мөлтек аудандардың көбеюіне байланысты тағы 17 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу және реконструкциялау қажеттілік бар. Осы мәселені шешу үшін Еңбекшіарал, Ақсеңгір, Қастек, Сарыбастау, Ұзынағаш ауылдары және Мыңбаев, Ынтымақ, Қасымбек, Шолаққарғалы, Ащысу елді мекендерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары бірқатар мәселелердің барын да жасырмады. «Ақсеңгір және Сарыбастау ауылдарының ауыз су жүйелеріне құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу мерзімі өтіп кеткен. Ақсеңгір ауылы бойынша мердігер «Көлсай строй» ЖШС нысанды аяқтамай, жауапсыздық танытты. Оған қатысты және тиісті шығындарды өндіру бойынша сотқа талап-арыз берілді. Сарыбастау ауылы бойынша мердігер «ПМК-602» ЖШС-ға да қатысты сотқа талап-арыз беріліп, тұрақсыздық айыбын төлеу және құрылыс жұмыстарын аяқтап беру міндеттеліп отыр. Алайда соттың шешімі бойынша міндеттеме орындалмады, осы себепті мердігерді жосықсыз өнім беруші реестріне енгізу және орындалмаған жұмыстар үшін төленген қаржыны қайтару бойынша талап-арыз берілді», – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

Жамбыл ауданы сынды ауыз сумен қамтылу деңгейі жоғары аудандардың бірі – Ұйғыр ауданы. Онда 25 елді мекеннің бәрі де орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Десек те, Сүмбе және Ават ауылдарының құбырлары тозған көрінеді. Онда тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесі болса тек Шонжы ауданында бар.

Ал жалпы Алматы облысы бойынша жағдайды алып қарасақ, мұнда екі облыстық маңызы бар қала бар. Ол жақында іргетасы қаланған Алатау қаласы мен облыс орталығы Қонаев қаласы. Тағы Қаскелең, Есік және Талғар сынды үш аудандық маңызы бар қала бар. Аталған елді мекендердегі орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Ал облыстағы 368 елді мекеннің ішінде әлі де «ескі» әдіспен су алып отырғандар баршылық. Соның ішінде 23 елді мекен өз ұңғымаларынан, 2 ауыл тасып әкелінетін суды пайдалануда. Ал жалпы тозу деңгейі 53,5 пайызды құрайды. Аталған мәселелерді шешу үшін 2023 жылы 15 жобаны іске асыруға 31 миллиард теңге, 2024 жылы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 43 жобаны және су бұру бойынша 19 жүзеге асыруға 26,8 миллиард теңге қарастырылған. Көріп отырғандарыңыздай, жауапкершілікті сезінбейтін мердігерлердің кесірінен біраз елді мекен таза ауыз суға өз мерзімінде қосыла алмай отыр. Бұл мәселе сот арқылы шешімін тапса, облыс халқының игілігіне тезірек берілсе дейсің.

Балауса Ділдәбек

Алматы облысы

Тегтер: