Сараптама

Тарихта болмаған тариф: Бұл әлі қымбатшылықтың шегі емес

Үкіметтің "Инвестиция орнына тариф" саясатын ұстанғанына биыл 3 жылдан асты.

тариф

 Бастапқыда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыратын кезде экс-энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл жаңа тарифтік саясаттың энергетика секторына инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін, тарифтерді қымбаттату арқылы елдегі электр станцияларының тозуы ең кемі 15 пайызға төмендейтінін жиі айтқан. Станцияларды жаңғыртуға және реконструкциялауға кең мүмкіндіктер ашылатыны тәптіштеліп түсіндірілген. Үкімет тарифтердің кезең-кезеңімен халықтың қалтасына ауырлық салмай қымбаттайтынын, тарифтің өсуі инфляцияға ең минималды түрде әсер ететінін, тіпті әсер де етпейтінін алға тартқан.

Тариф қазір қалай өсті? 

Қатарынан 3 жыл қымбат тариф төлеуге мәжбүрміз. Биыл қыркүйектен бастап тарифтердің бағасы тағы да өсті. 12 қыркүйектен бастап Алматы мен Алматы облысындағы тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифтері өзгерді. Енді тұтыну көлемі көбейген сайын бір киловатт-сағаттың құны да жоғарылайды. Сондықтан 12 қыркүйектен бастап тарифтердің бағасы 1-деңгей – қосылған құн салығынсыз (ҚҚС-сыз) 29,55 теңге, ҚҚС-пен 34,28 теңге, 2-деңгей – ҚҚС-сыз 39,23 теңге, ҚҚС-пен 45,51 теңге, 3-деңгей – ҚҚС-сыз 49,04 теңге, ҚҚС-пен 56,89 теңге. 3-деңгей электр энергиясын көп тұтынатын отбасылар үшін ең қымбат тариф болады. Төлем түбіртегіндегі нақты сома тұтынылған электр энергиясының көлеміне және қолданылатын тариф деңгейіне байланысты есептеледі.

Электр энергиясына қатысты тарифтердің қымбаттауын "Алатау" жарық компаниясы электр энергиясының бастапқы сатып алу құнының өскенімен түсіндіреді. 2026 жылдың 15 шілдесінен бастап бірыңғай сатып алушы – "ЖЭК жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС-нен электр энергиясын сатып алу бағасы 1 кВт·сағ үшін 13 теңгеден 16 теңгеге дейін қымбаттаған, яғни былтырғыдан 23 пайызға көтерілген.

Бұдан бөлек, қазан айында еліміздің біраз өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгерді. Алматыда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шахтинск, Курчатов, Орал және басқа да елді мекендерде жекелеген коммуналдық қызметтердің бағасы қымбаттады. Мәселен, 1 қазаннан бастап Алматыда 1 текше метр су тарифі 178,06 теңге, ал су бұру қызметі 119,46 теңге болып белгіленді. Жаңа тарифтер енгізілгенге дейін, яғни 2026 жылдың 1 қазанына дейін Алматы тұрғындарына мораторий аясында төмендетілген тариф қолданылып келген. Бұл ретте су тарифі жаңа бағадан 101,5 теңгеге арзан, су бұру кәріз қызметі жаңа бағадан 71,96 теңгеге арзан болған. Осылайша, бұған дейін Алматы халқы екі қызмет үшін бір текше метрге жалпы алғанда 124,06 теңге төлеп келсе, 1 қазаннан бастап бұл көрсеткіш екі еседен астам өсім құрады.

"Алматы Су" компаниясы да тарифтің өсуін бірнеше себеппен түсіндіреді. Олардың қатарында электр энергиясының қымбаттауы, еңбекақы шығындарының өсуі, су желілерін күтіп ұстау шығындары және инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі бар.

Астана қаласында да электр энергиясының орташа тарифін қайта қарау жоспарланып отыр. "Астана-РЭК" мәліметінше, қазан айынан бастап орташа тариф 38,98 теңге/кВт·сағ болуы мүмкін. Бұл 1 шілдеден бері қолданылып келген тарифтен 19,1 пайызға жоғары. Тізе берсек, тарифтердің қымбаттап жатқанын дәлелдейтін дәйек көп. Өз кезегінде тұтынушылар да "қымбат тариф қалтамызды қақты" деп жиі шағым айтады.

"Шотты көрсем, "шок" боламын"

"Жас Алашқа" хабарласқан оқырмандарымыздың бірі – Қымбат Сүлейменова тарифтердің шотын көрген сайын "шок" алып жүргенін айтады. 68 жастағы зейнеткер өзінің зейнетақысы 88 мың теңгеден әрең асатынын, ал қыс келсе бір бөлмелі 30 шаршы метрлік панель үйге 24 мың теңге коммуналдық төлем төлейтінін айтып, қынжылады.

"Былтыр қыс айларында 24 мың теңге төлеп келдім. 30 шаршы метрлік шағын үйге мұндай сома шыққанына сене алмаймын. Шоттағы есептеулерді көріп, "шок" болдым. Элиталық тұрғын үй кешенінде тұрсам, бір жөн. Бұл – 80-жылдары салынған ескі үй. Биыл "тарифтер тағы өсті" дегенді естіп отырмын. Алатын зейнетақым 88 мың теңге. Қант диабетімен ауырамын. Инсулин аламын. Дәрі-дәрмектің бағасы да удай. Коммуналдық төлемім бар. Бала-шағам жоқ, жалғызбын. Коммуналдық төлемді кейде төлей алмаймын. Сондықтан біз сияқты зейнеткерлердің жағдайы ескерілсе деймін. Меніңше, коммуналдық тарифтердің өсуіне белгілі бір шектеу қойылуы керек", – дейді алматылық тұрғын.

Коммуналдық төлемнің шарықтауы талайдың төбе шашын тік тұрғызды. Алматылық Ержан есімді азамат та түбіртекті көріп, аң-таң болғанын айтады. Төрт адам тұратын отбасының екі бөлмелі пәтеріне қыс айларында бір ай үшін 38 мың теңгенің төлемі келіпті. 

"Мұндай соманы көргенде айтарға сөз таппай қалдым. Былтыр коммуналдық қызметке 40 мың теңгеге жуық қаржы төледім. Енді су мен электр энергиясының бағасы тағы өскені айтылып жатыр. Қайтпек керек? Сонда қалай жан бағамыз?", – дейді тұрғын.

Жалпы, сала мамандарының ойынша, коммуналдық қызметтің қымбаттауы әлеуметтік алаңдаушылықты күшейткен. Әсіресе тұрақты табысы жоқ зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтар үшін мұндай өсімнің салмағы зіл батпан.

Сауатсыз дүниенің салмағы ауыр

"Аналитик" талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың ойынша, "Инвестиция орнына – тариф" саясатын әлі де зерттеу керек еді, себебі қазіргідей геосаяси жағдай ушығып, сыртқы және ішкі экономикалық ахуал дағдарып тұрғанда бұл саясаттың жеміс бере қоюы екіталай. Маманның ойынша, Үкіметтің "Инвестиция орнына – тариф" саясаты қазір тіпті Ұлттық банктің инфляцияны тұрақтандыру саясатына кері әсерін тигізіп жатыр.

"Білесіздер, Ұлттық банк әр жыл басында "инфляцияны белгілі бір межеден асырмаймыз" деп есеп береді. Негізінде бас банк қымбатшылықтан сақтану үшін табиғи монополиялардың тарифіне де белгілі бір шектеу енгізіп барып, болжам жасайды. Ал Үкіметтің соңғы екі жылдағы "Инвестиция орнына – тариф" саясаты Ұлттық банктің инфляцияны бұғаттау саясатына кері әсер етіп жатыр. Тарифтер өскен сайын инфляция да қоса өседі. Жылу мен жарыққа, суға қымбат төлеген кәсіпорын өз өнімін арзанға сатпайды. Сондықтан тарифтер қымбаттаған сайын елдегі инфляция көрсеткіші кем дегенде 2 пайызға өсім беріп отырады. Былайша айтқанда, Үкіметтің жоспары мен Ұлттық банктің жұмысы үйлеспей отыр", – дейді экономист.

Маманның ойынша, сауатты зерттелмеген, сарапталмаған дүниенің салмағы ауыр болады. Қарапайым халықтың қалтасына әлі де салмақ түседі. Енді арзан тариф туралы армандау да қисынсыз. Себебі 30 жылдан астам уақыт әбден тоқыраған, тозығы жеткен саланың бірі осы энергетика саласы болып отыр.

"Қазір бұл саланың жыртығын жамау үшін ең кемі 13 трлн теңге қажет және бағдарламаның орындалу мерзіміне 20 жылдай уақыт керек. Ал мұндай қаражатты қайдан аларын білмей, тарифті қымбаттату арқылы селбесіп отырған Үкімет жақын арада бір нәрсе өзгертеді дегенге сену қиын", – дейді маман.

Сауатты стратегия қандай болуы керек?

          Энергетика саласындағы түйткіл тек электр қуатының тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы мен тарифтердің өсуімен шектелмейді. Саланы тежеп тұрған мәселелердің қатарында білікті кадрдың жетіспеуі, энергетикалық нысандар мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, энергия өндіруші ұйымдар арасындағы тарифтік айырмашылықтан туындайтын теңгерімсіздік және басқару жүйесінің тиімсіздігі бар. Сондықтан Қазақстанға энергетиканы дамытудың нақты әрі жүйелі стратегиясы қажет.

Энергетик маман Қайырбек Терлікбаевтың пікірінше, Қазақстанның электр энергиясын өндіру мүмкіндігі жеткілікті. Алайда қолданыстағы станциялардың техникалық және кадрлық тұрғыдан дамуы қажетті деңгейде емес. Ал энергетика нысандарын жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосу үшін ең алдымен кәсіби мамандар даярлау мәселесін шешу қажет.

"Бүгінде энергетиктер мен инженерлерді даярлау жүйесінде бірқатар мәселе бар. Оқу барысында негізгі пәндердің саны қысқарып, бұрын бірнеше жыл бойы оқытылатын кәсіби бағыттар қысқа мерзімге сыйдырылған. Бұрын мұндай мамандарды техникумдардың өзінде 4 жыл оқытатын. Қазір жоғары оқу орындарында да оқу мерзімі – 4 жыл, бірақ мамандыққа қатысты негізгі пәндер студенттің соңғы екі жылында ғана тереңдетіліп оқытылады. Мұндай тәсілмен жан-жақты кәсіби маман даярлау қиын. Оған қоса, оқу бағдарламаларындағы техникалық терминдердің дұрыс қолданылмауы да алаңдатады. Кейбір оқулықтар мен бағдарламалар орыс тілінен сөзбе-сөз аударылғандықтан, студенттер кәсіби ұғымдардың мәнін түсінбей жатады. Мысалы, бағдарламада "трансформатордың бос жүрісі" деген тіркес кездеседі. Негізінде, бұл жерде "трансформатордың бос жүріс тогы" деген термин қолданылуы керек. Осындай аудармадағы қателердің өзі маман даярлау сапасына кері әсер етеді. Сондықтан энергетика саласына кадр дайындау жүйесін қайта қарау қажет. Өйткені электр станциялары сияқты стратегиялық нысандарға кәсіби білімі жеткіліксіз мамандарды жіберу үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Энергетикадағы кез келген қателіктің салдары ауыр болуы ықтимал. Сол себепті бұл салада теориялық біліммен қатар, практикалық даярлыққа да ерекше мән берілуі тиіс", – дейді Қайырбек Терлікбаев.

Жалпы, маманның ойынша, қызмет құнын қымбаттату арқылы сол саладағы қызметкерлердің жалақысын өсіру, шығынын түгендеу, жоқ-жітігін жамап алу – нарықта бар ереже. Бірақ бүтіндей бір ауқымды саланың жыртығын бір ғана тариф саясатын өзгерту арқылы түгендеп аламыз деуге тағы болмайды. "Мұндай тарихта болмаған. Бұл салаға ауқымды инвесторларды тарту керек" деседі салалық мамандар.

Ал біздің энергетика және ұлттық экономика министрлігінің мамандары мен Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы жаңа тариф саясатының болашағы жарқын боларына кәміл сенеді. Бұдан бөлек, 2024 жылы бізде энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың Ұлттық жобасы бекітілген. Осы салада жүрген атқамінерлердің ойынша, мұндай жобаны бекіту де бұрын-сонды тарихта болмаған оқиға. Аталмыш жоба аясында шамамен 13 трлн теңгеге дейін қаражатқа бүкіл Қазақстан бойынша 1 622 шақырым жылу желісі, сонымен қатар энергетикалық нысандарға жаңа жылу жүйелері қосылатын болады.

Рас, бұл – айналдырған бір-екі жылда шешілетін шаруа емес. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 20 жыл уақыт керек екенін жоғарыда айттық. Электр энергетикалық қауымдастығының өкілдері "осы жобалар негізінде тарифтер әлі де шамамен екі есеге дейін өседі" деген болжам барын жасырмайды. Міне, енді осы жоба аясында тарихта болмаған тарифтерге де дайын болуымыз керек шығар…

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз