Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:07, 20 Желтоқсан 2022

Азаматхан Әміртай, «Байтақ» партиясының төрағасы: «Байтақ» – науқандық партия емес

None
None

Партия ретінде тіркеліп жатқан қуаныштарыңыз құтты болсын! «Байтақ» партиясы халыққа, мемлекетке қандай жаңалық әкеледі?

–  Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Әлем халқының саны 8  млрд-қа жетті. Әр адамның тұтынушылық қажеттілігі бар. Оның барлығы жер планетасына айтарлықтай күш. Әр адамның артында айтарлықтай қалдықтар да қалады. Сондықтан адамзаттың қоршаған ортаға мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана планетамызды, адамзатты қорғап қаламыз. Болашақ ұрпағымызға да дұрыс жағдай жасай аламыз. Осы орайда қоқыс мәселесі әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе дер едім. Қазақстан сол әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, «Байтақ» партиясы еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге тырысуда. Су, өсімдік, жануарлар әлемінің экологиялық мәселесі, ауа тазалығының төмендеуі мен экологияның кері әсер етуі салдарынан халықтың денсаулығының бұзылуының алдын алуға тырысып жатырмыз. Қазір бұл бастамаға жастардың қолдауы күшті болып тұр. Атап өтер жайт бүгінгі таңда үлкен өндіріс орындарында көмірді көп пайдаланады. Ал ол ауаның ластануына ықпал етеді. Сондықтан оның бәрін қадағалауға алып, алдын алуға тырысқан жөн. Халықтың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту жұмыстары да күшеюі керек. Бұл істі жүзеге асыру үшін сапалы заңдар керек. Партиямыз да ықпалды болуы қажет. Ол үшін партияның өкілеттіктері – мәслихатта, мәжілісте отырса ғана бұл мәселелерді шешуге ықпал ете алады. Сол ықпалдылық арқылы ойлаған ойымыздың барлығын іске асыра аламыз. Қазір халықтың салуатты өмір салтын ұстануы мен табиғи, құрамының сапасы жоғары ас ішуін қамтамасыз етуге де тырысып жатырмыз. Аралды құтқаруға, экологиялық мәселесі өзекті болып тұрған кейбір өзен-көлдердің жағдайын жақсарту бағытында да қолға алған жұмыстарымыз бар. Бір сөзбен айтқанда қолға алған ісіміз ауқымды. Соны жүзеге асыруға барынша тырысып жатырмыз.

Көбінесе елімізде құрылған партиялар уақытша науқандық кезеңде құрылады. «Байтақ» партиясының белсенділігі уақытша емес пе?

– Біздің қолға алған ісіміздің өзі әлемдік деңгейдегі өзекті, еліміз үшін өте маңызды болғандықтан, партиямыз да уақытша, науқандық бола алмайды. Негізі 2015 жылдан бері бұл бағытта қыруар жұмыстар атқардық. Осы бағытта одан әрі жалғастыра да береміз. Әрине халық арасында мұндай көзқарас қалыптасуы да заңды. Өйткені партияларды көбінесе саяси науқан кезінде пайдаланады. Ал біз бұл қағиданы бұзғымыз келеді. Мемлекеттің имиджіне жұмыс жасайтындықтан, біздің көтерген ісіміз ауқымды болғандықтан, уақытша жұмыс істей алмаймыз. Қазіргі таңда қолынан іс келетін, мықты азаматтарымызды партиямызға тартып жатырмыз. Алдағы уақытта да осы ұстанымымызға адал болуға тырысамыз.

          Бір сұхбатыңызда экологиялық партия құрылып, парламентке өтсе, мұнай-газ компанияларына миллиардтап айыппұл төлеу қаупі туатынын айтқан едіңіз. Партия ретінде құрылдыңыздар, ал бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

–Әлемде климаттың өзгеруі деген мәселе бар. Бұл бағытта көміртегі қышқылының бөлінуі өзекті болып тұр. Қазақстанда 364 млн тонна көмір қышқылы ауаға жайылып отыр. Оның 184 млн тоннасы 120 кәсіпорыннан бөлінуде. Олар «Арселлор Миттал», «Қазақмыс», «Қазфосфат», «Қазцинк» сияқты мұнайлы компаниялар. Өздері қыруар пайда тауып, қоршаған ортаға көп зиян келтіруде. Оны жаңа технологиялар енгізіп, сүзгі қою арқылы, ағаш отырғызу секілді жобалар арқылы алдын алуға тырысумен қатар, сол компанияларды қадағалауға алып, шеше аламыз. Олардың істеп жатқан жұмысы халыққа зиянын тигізбеуі керек. Әрине бұл жерде сол кәсіпорындардың басшыларымен, олигархтармен кикілжіңге баратынымыз сөзсіз. Бірақ әділдік біздің жағымызда болғандықтан, біздің ұстанымымыз дұрыс, жеңетінімізге сенемін. Халық та бізді қолдайды. Әрекетіміз заңды болуы үшін осы жұмыстарды қамтамасыз ететін сапалы заңдарды қабылдауымыз керек. Экологиялық кодексті қайта қарап шығу қажет. Қазір бұл жұмыстар партиямыздың басты мақсаты болып отыр. Жақында Өзбекстанда болғанда олардың экологиялық кодексімен танысып шықтым. Бұл бағытта біраз жұмыстар жасап жатқаны көрініп тұр. Он бес шақты депутаты мен 620 мәслихат депутатымен үлкен экологиялық қозғалысқа айнала алып отыр.

Стихиялық және қоқыс полигондарының жағдайы жақсы емес. Қоқысты қайта өңдеу ісі ақсап тұр. Бұл мәселені шешу туралы қандай нақты ұсынысыңыз бар?

– Стихиялық қоқыс мәселесі елімізде отыз жылдан бері шешілмей келе жатыр.Тіпті полигондардың өзі стандартқа сай емес. Тұрмыстық, медициналық, тамақ, құрылыс, өндірістік, химикат қалдықтары талапқа сай өңделмейді, дұрыс жиналмайды. Қалдықты өңдеу, жою жұмыстары мүлдем елімізде жоқ. Соны ұйымдастырамыз деген жергілікті басқарушы орындар жылына бюджеттен қаншама қаржы алса да бұл бағытта ешқандай жұмыстар жасамады. Соның салдарынан бұл мәселе қордалана түсті. Қоқыс мәселесі жемқорлықтың салдарынан шешілуі орнына күрделенгенін көзіміз көріп отыр. Есесіне қоқыс мәселесі жемқорлық арқылы талай олигархтың одан әрі баюына жол ашты. Қазір партиямыз бұл мәселені де жіті бақылауға алды. Басқа елдер қоқыстың өзін кәдесіне жаратып пайда тауып жатса, бізде, керісінше, ең үлкен мәселеге айналып отыр. 

 Қазақстанға АЭС қажет пе?

– Біздің елімізге АЭС қажет. Өйткені энергетикамыздың 80 пайызын біз көмірден алып отырмыз. Көмір ең зиян отын болып саналады. Мысалы, көмір жағып отырған «Арселлор Миттал», Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» секілді өндіріс орындары ауаға қаншама зиянды қалдықтарды шығарып жатыр. Сол өңірдің халқының жасы алпыс жастан аспауы-ақ көп нәрсені аңғартады. Сондықтан экологиялық таза отын табу – еліміз үшін өте маңызды. Иә, басында АЭС-ке қарсы болдық. Оның ішінде Ресей немесе Қытайдың салуына қарсы болдық. Олардың көрші ретінде гесосаяси жағдайына қарап, өздерінің мүддесіне күмәнмен қарадық. Қауіптендік. Ал енді әлемдегі дамыған француз, жапондарға сеніммен қарап, мүмкіндік беруге болар еді. АЭС ғылымның жетістігі. Ғылымның жетістігіне сеніммен қарап, артықшылығын пайдалануға болады. Салынбай жатып, Чернобыль секілді апаттар болады деп қорқу дұрыс емес. Қазір уақыт ағымына сай жетілген құрылыс салуға болады. АЭС ең таза электр энергиясының көзі ретінде тезірек іске қосуға тырысуымыз керек. Францияда 75 пайыз  АЭС пайдаланып, қамтамасыз етілген. Америкада 950 АЭС бар. Жапондар да АЭС-тың игілігін көріп отыр. Олардың бәрі ақымақ емес қой. Артықшылығын білгендіктен, қолданып отыр. Бүгінгі күні АЭС ең қауіпсіз энергия көзі болып саналады. Сондықтан «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, алдын ала байбалам салмай, АЭС салу керек, қолдану керек. Сол арқылы ғана біз энергетиканың жетіспеушілігін жоя аламыз. Көмір отыннан тезірек кетуіміз керек.  

Бүгінгі күнгі еліміздің экологиялық жағдайына қалай баға берер едіңіз?

– Еліміздің экологиялық жағдайы өте қиын жағдайда. Қоршаған ортаны қорғау үшін халықпен үлкен ауқымды жұмыстар жасалуы керек. Қоғамымызда табиғатқа жанашыр жасылдарды көбейтуіміз керек.

Партияларыңыздың ерекшелігі қандай? Басқа партиямен салыстырғанда қандай нақты артықшылығы бар?

–Партиямыздың ерекшелігі оны өте қарапайым адамдар, халық құрды.Съезімізге де қарапайым адамдар көп жиналды.Қазір партиямыздың 21 мың мүшесі бар. Алдағы уақытта олардың санын 100 мыңға жеткізуге тырысып жатырмыз. Қоршаған орта мен халық денсаулығына қамқор бола отырып, үлкен жетсіктерге жетеміз деген мақсатымыз бар. Әрине қарсылықтар да бар. Жүз пайыз халықтың ықыласына бөлену мүмкін болмаса да, тең жартысының ойлаған ойынан шығып, мүдделес бола алсақ – мақсаттың орындалғаны болар еді.

Желіде белсендісіз. Әлеуметтік желі арқылы әлеуметтік жағдайын айтатын халық көп пе?

– Әрине, әлеуметтік желіде белсендіміз. Өйткені халқымыздың әлеуметтік желідегі белсенділігі жоғары болып келеді. Сол мүмкіндікті пайдаланып, халықтың сұрағына дер кезінде жауап беріп, желідегі жұртшылықтың көкейіндегісін дөп таба білсек, қолдан келгенше көмектессек деген ойымыз бар. Рас, желіде көп жұрт хабарласып жатады. Алдағы сайлауларда халық осы белсенділігімізді бағалап, лайықты дауыс беріп, табиғатқа бірге жанашыр бола алсақ деген үлкен үмітіміз бар. Ел алдындағы сол мұрат орындалса, ел игілігі үшін атқарылған үлкен шаруа болар еді.

Тегтер: