Без Категории

Азия елдері қаламгерлерінің форумына бюджеттен 281 млн теңге бөлінген

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің алғашқы форумына Қазақстан бюджетінен 281 миллион 35 мың теңге (726 мың доллар) бөлінген.

Азия елдері қаламгерлерінің форумына бюджеттен 281 млн теңге бөлінген

Бұл туралы мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген. Тапсырыс беруші — Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Ұлттық кітап палатасы. Конкурсқа Қазақстан жазушылар одағы ғана қатысқан.

Қазақстан жазушылар одағының өкілі Ақберен Елгезек Азаттыққа 4-6 қыркүйек арасында өтетін форумға 281 миллион теңгенің бөлінгенін растады.

"Ешкім жасырып отырған жоқ. Мемлекеттік сатып алу бойынша ұтып алдық. Бұл форум — имидж шарасы емес. Азия елдерінен атақтары бар жазушылар келді. Қазақстаннан 200-ден астам ақын-жазушы шақырдық. Қазақстан әдебиетін әлемге таныту үшін ұйымдастырып жатырмыз. Ақша бөлінген соң қатысамыз. Әдебиетке салынған ақша қайтады" деді ол.

Қазақстан жазушылар одағының мәлімдеуінше, форумға Азияның 35 елінен 80-ге жуық жазушы қатысып жатыр. Олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар.

Жиынның ашылуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Форум кезінде Қазақстан қаламгерлер жиынын үш жылда бір рет Азия елдерінің бірінде өткізіп тұруды, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының құрлықтық баламасын тағайындау ұсынбақ.

Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз