БАҚ: Кремльде Путинмен кездесер алдында шенеуніктерге қойылған карантин талабы алынып тасталды
Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге келетін тұлғаларға алдын ала карантин талап ету тәртібі тоқтатылды.
Бұл туралы Кремль протоколымен таныс төрт дереккөзге сілтеме жасаған Faridaily басылымы хабарлады.
Журналистер Фарида Рустамова мен Маргарита Лютованың жазуынша, соғыс жағдайында Ресей президентімен жеке кездесу аса маңызды саналады және қазір мұндай кездесулерді ұйымдастыру жеңілдеген.
Карантин шаралары 2020 жылы Кремльде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген. Оның орындалуына Федералдық күзет қызметі жауапты болған. Денсаулығына ерекше сақтықпен қарайтынымен белгілі Путин ұзақ уақыт бойы қатаң карантин режимін ұстанған санаулы мемлекет басшыларының бірі еді.
Сол себепті президентпен кездесуді жоспарлаған шенеуніктер, мемлекеттік компания басшылары мен ірі кәсіпкерлер арнайы бөлінген изоляторларда бірнеше күн, кей жағдайда апта бойы карантинде болуға мәжбүр болған.
Бұған дейін Путин Кремльде әлемдік көшбасшыларды, соның ішінде Франция президенті Эммануэль Макронды қабылдағанда да карантиннен өтпеген жағдайда олармен ұзын үстелдің екі шетінде отырып келіссөз жүргізген еді.