Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Бақытжан Базарбек жекеменшік сот орындаушыларының заңсыз әрекетін әшкереледі

Бақытжан Базарбек
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек кейбір жекеменшік сот орындаушыларының заңсыз әрекеттері туралы ашық мәлімдеді.

Парламент Мәжілісінің отырысында Базарбек жекеменшік сот орындаушылар қызметіндегі жүйелі сыбайлас жемқорлық мәселесін көтерді. Ол бұл туралы Бас прокуратура ұсынған алаңдататын деректерге сүйене отырып айтты

Депутаттың айтуынша, тек соңғы бір жылдың ішінде әртүрлі схемалар арқылы 1,7 миллиард теңгеден астам мемлекет қаражаты жымқырылған. 2024 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 1 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Бұл - 8995 күмәнді қаржылық операцияның нәтижесі.

Зиян мөлшері аса ірі болған өңірлер:

Солтүстік Қазақстан облысы - 530 млн теңге
Алматы қаласы - 409 млн теңге
Қарағанды облысы - 110 млн теңге
Павлодар облысы - 35 млн теңге
Батыс Қазақстан облысы - 16 млн теңге

Жалпы, 660 ұрлық фактісі тіркелген. Қылмыстардың әдісі сан алуан: жалған қарыз жасау, мемлекет қаражатын туыстардың есепшотына аудару, сақталған қаражаттан пайыз алып отыру, тіпті жетім балалар мен алимент төлемдеріне арналған қорларды да жымқыру кездескен. Ең алаңдатарлық жайт — бұл әрекеттерге жылжымайтын мүлік агенттері, риелторлар мен нотариустардың да қатысы бары анықталып отыр. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтардың белгілерін көрсетеді.

Бақытжан Базарбек шұғыл түрде келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

- Заңнаманы қайта қарап, түзету;
- Сот орындаушылар қызметін реформалау стратегиясын әзірлеу;
- Орындаушылардың жұмыс тиімділігін көрсететін ашық реестр енгізу;
- Құқық қорғау органдарының белсенді тергеу жүргізуін қамтамасыз ету;
- Заңсыз құрылыстармен күресіп, рұқсатсыз салынған нысандарды сүруді күшейту.

Депутат мемлекеттің қоғам талабына жауап беріп, сот шешімдерінің орындалуында ашықтық, әділеттілік пен жауапкершілікті қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.