Бала қауіпсіздігі – цифрлық бақылауда
Мектеп – бала білім алып қана қоймай, күнінің басым бөлігін өткізетін орта.
Сондықтан білім сапасымен қатар оқушының қауіпсіздігі де кез келген мектеп үшін бірінші орында тұруы тиіс. Баланың мектепке кірген сәтінен бастап сабаққа қатысуы, дәлізде жүруі, спорт залындағы немесе басқа да ортадағы қауіпсіздігі – мұның бәрі назардан тыс қалмауы керек. Әсіресе оқушы саны көп мегаполисте мұндай міндетті тек адам күшімен толық бақылау оңай емес.
Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық технологиялардың білім саласына енуі уақыт талабы. Шымкент мектептерінде қолға алынған "Айқын" интеллектуалды жүйесі осы бағыттағы маңызды жобалардың біріне айналды. Жүйе мектептердегі қауіпсіздікті бақылауды, бейнеаналитиканы, кіруді басқаруды, дабыл тетіктерін және басқа да цифрлық құралдарды бір ортаға біріктіруге бағытталған. Бүгінде жоба қаладағы мектептердің қауіпсіздік жүйесін жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Камера тек бақылап қана қоймайды
Бұған дейін мектептердегі бейнебақылау жүйесі көбіне болған жағдайды кейін қарап шығуға арналған құрал ретінде қабылданатын. Яғни қандай да бір оқиға орын алса, камера жазбасынан оның қалай болғанын анықтауға мүмкіндік бар. Ал жасанды интеллект негізіндегі жаңа жүйенің ерекшелігі – жағдайды тек тіркеп қана қоймай, бейнеақпаратты талдап, ықтимал қауіпке жедел назар аударуға мүмкіндік беруінде.
Шымкентте барлық мектептердегі бейнебақылау жүйелері полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл құқық қорғау органдарына білім беру нысандарындағы жағдайды онлайн режимде бақылауға және қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Ресми мәліметтерде "Айқын" жүйесі мектеп қауіпсіздігімен бірге өрт, буллинг және оқушылардың оқу процесіне қатысуын бақылауға мүмкіндік беретіні айтылған.
Жобаның ауқымы да назар аудартады. 2026 жылғы мәлімет бойынша, AIQYN жүйесі Шымкенттің 147 мектебінде жұмыс істеп, 12 мыңнан астам камераны жасанды интеллект аналитикасымен біріктіріп отыр. Жүйе ықтимал қауіп пен штаттан тыс жағдайларды автоматты түрде анықтауға, ғимаратқа кіруді, турникеттер мен дабыл түймелерінің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.
Мәселен, мектепте төтенше жағдай туындағанда оған бірінші болып назар аудару үшін міндетті түрде адамның камера алдында үздіксіз отыруы шарт емес. Интеллектуалды жүйе белгіленген алгоритм бойынша күдікті немесе қауіпті жағдайды анықтап, жауапты мамандардың назарын соған аударуға мүмкіндік береді. Бұл – бірнеше минуттың өзі маңызды болатын төтенше жағдайларда айрықша мәнге ие.
Әсіресе буллинг мәселесіне келгенде бейнеаналитиканың мүмкіндігі кең. Балалар арасындағы жанжал, төбелес, күмәнді әрекеттер немесе мектеп аумағындағы қауіпсіздікке қатысты басқа да жағдайлар дер кезінде байқалса, оның соңы үлкен мәселеге айналмай тұрып алдын алуға болады. Яғни цифрландырудың негізгі мақсаты – баланы үнемі "бақылау" емес, қауіптің алдын алу.
Бұл жерде маңызды бір мәселе бар. Технология адамды толық алмастырмайды. Жасанды интеллект белгілі бір жағдайды анықтап, белгі беруі мүмкін, бірақ соңғы шешімді педагог, мектеп әкімшілігі немесе тиісті қызмет маманы қабылдайды. Сондықтан "Айқынның" тиімділігі тек камера санына емес, жүйеден түскен ақпаратқа жауап беретін адамдардың кәсіби дайындығына да байланысты.
Қауіпсіздікпен бірге ашықтық артады
"Айқын" жобасының ерекшелігі тек қауіпсіздікпен шектелмейді. Оның құрамындағы цифрлық шешімдер мектеп өмірінің басқа да процестерін бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, оқушылардың тамақтануын цифрландыру бағытында "Alaqan mektep" биометриялық жүйесі енгізілген. Шымкенттегі 98 мемлекеттік мектепке 392 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Оқушы асханаға кірген кезде алақан биометриясы арқылы тіркеледі. Осылайша нақты көрсетілген қызмет бойынша ғана есеп жүргізіледі. Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында осы жүйе арқылы 540 млн теңге бюджет қаржысы үнемделген.
Бұл жерде мәселе тек қаржы үнемдеуде емес. Цифрлық есеп жүргізу адами факторды азайтып, нақты статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қанша бала тамақтанды, қанша бала мектепте болды, қандай қызмет көрсетілді – мұның барлығы электронды жүйеде көрініс табады.
Бұдан бөлек, "Айқын" жобасының толыққанды жұмыс істеуі үшін мектептердің техникалық инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілген. Жоба аясында құрылымдық кабель жүйелері жаңартылып, жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту мәселесіне көңіл бөлінген. Былтыр жобаның таныстырылымында автоматтандырылған жұмыс орындары, құрылымдық кабель жүйесі, заманауи бейнебақылау және бейнеаналитика, сондай-ақ мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету негізгі бағыттар ретінде көрсетілген. Бұл – көзге көріне бермейтін, бірақ цифрлық мектептің негізін қалыптастыратын жұмыс.
Цифрлық мектептің басты өлшемі – баланың қауіпсіздігі
Білім беру саласының цифрлануы көбіне электронды күнделік, онлайн сабақ немесе компьютерленген сыныптармен байланыстырылып келеді. Алайда қазіргі түсінік бұдан әлдеқайда кең. Цифрлық мектеп – қауіпсіздігі, басқаруы, білім сапасы, тамақтануы және инфрақұрылымы деректер негізінде басқарылатын орта.
Шымкенттегі өзгерістер осы бағытқа бет бұрып отырғанын көрсетеді. Мәселен, "Айқын" жобасымен қатар білім саласындағы QARQYN цифрлық жүйесі де енгізіліп жатыр. Ол қаржыландыру, бухгалтерлік есеп, еңбекақы төлеу, мемлекеттік білім беру тапсырысы, балалар контингентін басқару секілді процестерді автоматтандыруға бағытталған. Ресми мәлімет бойынша, білім беру жүйесінің 12 негізгі бағыты цифрландырылған.
Демек, бір жағынан, "Айқын" мектептің ішіндегі қауіпсіздік пен мониторингті күшейтсе, екінші жағынан, цифрлық басқару құралдары білім беру саласындағы қаржы мен әкімшілік процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай жүйенің тағы бір маңызды қыры – шешім қабылдау сапасы. Бұрын белгілі бір мәселе туралы ақпаратты жинау үшін бірнеше маманның есебі, қағазы немесе түрлі ақпараттық жүйедегі деректер қажет болуы мүмкін еді. Ал цифрлық платформа ақпаратты бір ортаға шоғырландырып, нақты жағдайды жылдам бағалауға мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе оқушылар саны көп мегаполис үшін маңызды. Шымкенттің білім беру жүйесінде жүздеген мың бала қамтылған. 2025-2026 оқу жылында қаладағы 1 388 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам бала білім алған. Осындай ауқымды жүйеде әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек дәстүрлі тәсілдермен шешілмейтіні түсінікті.
Сондықтан "Айқын" секілді жобалардың басты міндеті – адам еңбегін технологиямен алмастыру емес, адамның мүмкіндігін технология арқылы күшейту. Мәселен, мектеп әкімшілігі жүздеген камераның бейнесін бір уақытта қарап отыра алмайды. Ал интеллектуалды бейнеаналитика белгілі бір белгілерге назар аударып, жауапты тұлғаға сигнал бере алады. Мұндай жағдайда технология адамның орнына шешім қабылдамайды, керісінше, оның уақытын үнемдеп, қажетті ақпаратты дер кезінде ұсынады.
Әрине, кез келген жаңа технологиямен бірге жауапкершілік мәселесі де қатар жүреді. Мектептерде бейнебақылаудың көбеюі балалардың жеке кеңістігі мен деректерінің қорғалуына қатысты талаптарды күшейтуді қажет етеді. Биометриялық ақпаратпен жұмыс істеуде де қауіпсіздік шаралары мейлінше жоғары болуы тиіс. Сондықтан технология қаншалықты дамығанымен, оның қолданылуы заң талаптарына, баланың құқықтары мен қауіпсіздігіне сай болуы керек. Өйткені баланы қорғау дегеніміз – тек сыртқы қауіптің алдын алу емес. Оның жеке дерегін, құқығын, абыройын және психологиялық жайлылығын сақтау да қауіпсіздіктің бір бөлігі. Шымкенттің тәжірибесі осы екі міндеттің арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыруды қажет етеді.
Жігер Әшім
Шымкент қаласы