ЕуроОдақ: Балаларға шабуыл жасау арқылы, Ресей қатыгездігін тағы көрсетті
Киев пен Брюссель балалар ауруханасына жасалған ресейлік шабуылды әскери қылмыс деп атады. Бұл туралы Euronews агенттігі хабарлады.
Сейсенбі, 9 шілде Киевте Ресейдің жаңа әуе шабуылынан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жарияланды.
Украина астанасы мен басқа да қалаларға жасалған бірнеше соққыдан ел бойынша 30-дан астам адам құрбан болған, оның кем дегенде 27-сі Киевте. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы деректер үнемі жаңарып отыр.
Украина Әскери-әуе күштері 38 қанатты және баллистикалық зымыранның 30-ын атып түсіргенін мәлімдейді.
Киевте елдегі ең үлкен «Охматдыт» балалар ауруханасына шабуыл жасалды. Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі шабуыл кезінде онда 600-ге жуық науқас пен осыншама қызметкер болғанын, бірнеше операция жасалып жатқанын хабарлады. Екі дәрігер қайтыс болған.
Ресейлік БАҚ бұл Украинаның әуе шабуылынан қорғану амалы болды деп мәлімдейді. Ал, Владимир Зеленский мұндай мәлімдемелерді жоққа шығарды:
Сіздер Украинаның әуе қорғанысы кінәлі деген хабарларды көрдіңіздер, бірақ, нақты жасаған соққыны емес. Мен Украинада көптеген адамдарды жарақаттап, өлтірген тікелей зымыран соққысын көрсететін бейнелерді жариялай бастаған барлық украиндықтарға алғыс айтамын, деді ол.
БҰҰ Ресейдің зымырандық шабуылын қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Ал, Еуропалық одақ ұйымы Ресейді бейбіт келіссөз жасауға сенімсіз ел деп атады.
«Ең осал топ саналатын балаларға шабуыл жасау арқылы, Ресей бейбітшілік келіссөздеріне қатысты өзінің қатыгездігі мен толық сенімсіздігін тағы бір рет көрсетті» деп мәлімдеді ЕуроОдақ.