Балаларымызды "ЗЭК" сияқты жүргізген" : Қызылордадағы жеке балабақшалардың бірінен шу шықты
Қызылорда қаласындағы "Нұр - Әлемі" балабақшасынан шу шықты. Жеке білім беру ұйымының ата - аналары тәрбиешілердің қатыгездігіне шағымданып жатыр.
Олардың айтуынша, бөбекжай қызметкерлері бүлдіршіндерге қол көтеріп, себепсіз жазалап келген. Тіпті түрмеде отырған азаматтар секілді қолдарын бастарына қойып жүргізген көрінеді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
"Нұр - әлемі" балабақшасы облыс орталығында орналасқан, мекеме әр бала басына мемлекеттен субсидия алады. Соған қарамастан, балабақшадағы жағдай адамның жағасын ұстатады. Ата - аналар мұндай қатыгездікті көріп, шошығандарын жасырмайды. Балаларын бөбекжайға аманаттап тапсырған жандар әділеттіліктің орнауын талап етеді.
"Менің екі егіз ұлым осы балабақшаға баратын. Ересектер тобында тәрбиеленетін. Соңғы уақытта балаларым өте қатты өзгеріп кетті. Жасқаншақ болып кеткен, қасына жолап қалсаң қорқып кетеді. Түнгі ұйқылары да дұрыс емес, бөбекжайдан қарындары ашып келеді. Содан балабақшаға бардым, тәрбиеленушілерімен сөйлестім. Камераны аштыруды талап еттім, шынымды айтсам мұндай қатыгездіктен өзім шошындым. Ұлым апайына қолын ЗЭК - тер секілді көтеріп бара жатыр. Бұл не сұмдық, балаларымызды осынша қорлауға қызметкерлерге кім рұқсат берді?", - дейді ата - аналардың бірі Бибінұр Қаражанова.
Шағымданушылар бөбекжай камерасы жазбасынан балаларын ұрып жатқан тәрбиешілерді көрген. Бүлдіршіндерге тамақ та талапқа сай берілмей келіпті. Кіші топ бүлдіршіндері тіпті мұздай еденде ұйықтап, бір табақтан ас ішкен. Мұндай сорақылық ата - аналардың ашуын туғызып отыр.
"Менің балам бұл балабақшаға бар болғаны үш ай ғана барды. Басынан иіскейін десең, бірден қолымен қорғанады. Әбден үркіп қалған. Камера жазбасын қарағанымызда, балалар бірнеше сағат қозғалмай отырғанын көрдік. Қимылдаған баланы апайы басынан ұрған, аяусыз жұлқылаған", - деп ашынады Нұрсәуле Сәмбетбаева.
Ата - аналардың айтуынша, шу шыққаннан кейін балабақшада кіші және ересек топтары жұмысын тоқтатыпты. Бөбекжай қызметкерлері де бірінен соң бірі жұмысынан кетіп жатқанға ұқсайды. Балабақша құрылтайшысымен сөйлесіп, ақпарат алғымыз келген болатын. Алайда бөбекжай есігін ашу мүмкін болмады, телефон қоңырауына жауап ала алмадық. Бүгінде ата - аналар құзырлы органдарға жүгінген.
"Аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді, басқарманың ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді.Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді және Білім басқармасына ұсыныс жолданды", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облыстық білім басқармасы өз кезегінде жағдай бақылауға алынғанын жеткізді.
"Аталмыш балабақша жеке нысан, қалалық білім бөлімі арқылы қаржыландырылады. Қазір басқарма тарапынан қалалық білім бөліміне тиісті тапсырмалар берілді. Бөлім мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Нәтижесі қосымша хабарлаанады", - деді басқарманың баспасөз қызметі.