Қоғам

Бекзат ҚҰЛШАР: Біз балаға «тәрбиелік мәні болсын» дегенді ойлап, «қызық болсын» дегенді ұмытып кетпесек екен

Әлемдік әдебиет тарихына көз жүгіртсек, балалар әдебиеті ешқашан екінші қатардағы әдебиет саналған емес.

балалар

 Керісінше, дамыған мемлекеттердің барлығы бала оқырманды қалыптастыруға ерекше мән берген. Өйткені бүгін кітап оқып өскен бала ертең ғылымға, мәдениетке, экономикаға үлес қосатын саналы азамат. Сондықтан көптеген елдерде балалар әдебиетін дамыту мемлекеттік мәдени саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырылады. Жазушылар, иллюстраторлар, баспалар, кітапханалар, мектептер мен ата-аналар біртұтас экожүйе құрып, баланың кітаппен тұрақты байланысын қамтамасыз етуге күш салады. XXI ғасыр балалар әдебиетінің алдында мүлде жаңа міндеттер тұр. Егер бұрын кітап баланың негізгі ақпарат көзі болса, бүгін бұл орынды смартфон, әлеуметтік желі, бейнеплатформалар мен компьютерлік ойындар бөлісіп алды. Қазіргі бала ақпаратты бұрынғыдан әлдеқайда жылдам қабылдайды, бірақ назарын ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырландыру қиындай түсті. Мұндай жағдайда балалар әдебиеті уақыт талабына бейімделіп, жаңа форматтармен, жаңа тақырыптармен, жаңа көркемдік тәсілдермен толықпаса, жас оқырманнан алыстап кету қаупі бар. Осы орайда, бүгінгі балалар әдебиеті туралы балалар ақыны Бекзат Құлшармен сұхбаттастық.

Әр дәуірдің өзіне сай баласы, сол баланың қызығушылығына сай кейіпкері болатыны анық. Десек те, қазіргі қазақша балалар әдебиетінде қаһармандар жүйесі жоқ сияқты. Біз әлі күнге Ер Төстік пен Алпамыстан шыға алмай жүрген сияқтымыз. Осы туралы сөз қозғайықшы. Кез келген балаға не жасөспірімге өз дәуірінің оқиғасы қызықты емес пе?

Иә, әдеби қаһарман керек. Себебі бала еліктемей тұрмайды. Ол міндетті түрде біреуге қарап бой түзейді. Егер әдебиет сол кейіпкерді ұсына алса, бала соны үлгі етеді, ал ұсына алмаса – оны басқа ортадан іздейді. Жалпы, әрбір әдеби шығарма айна секілді. Оқушы соларды оқи жүріп өзін таниды. Меніңше, бүгінгі балалар әдебиетінде қаһарманды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазіргі қоғамның өзінде балалар сүйсінетін тұлғалар жеткілікті. Солардың бала кезін, қалыптасу кезеңін, алғашқы армандары мен қиындықтарын көркем шығармаға айналдыру өте тиімді тәсіл болар еді. Бұл жерде бастысы – құрғақ өмірбаян емес, тірі образ жасау. Бала әдеби қаһарманның ішкі дүниесін, қорқынышын, талпынысын, жеңілісі мен жеңісін бірге сезінуі керек. Сонда ғана ол кейіпкерге сенеді, соған еліктейді. «Мен де осындай бола аламын» деген сенімі оянады. Сондықтан бүгінгі балалар әдебиетінде өз саласының биігіне шыққан тұлғалардың балалық шағын көркем бейнеге айналдыру бағытына көбірек мән берілгені дұрыс. Осындай ізденістер көбейсе, оқырман өзі-ақ табылады. Себебі балаға ең қызығы – өз өміріне жақын кейіпкер.

Қазіргі балалар баяғыдағы біз бен сіздей мыстан кемпір, тау қопарған Толағай сияқты ертегілерді оқымайтыны анық. Шет ел авторлары аниме, комикс, супербатырлар арқылы балаларды қызықтырудың жолдарын іздейді, сондай-ақ оларда жабық тақырыптардың өзін бала танымына сай беру бар. Ал біздің балалар әдебиетінің осы орайда беталысы қандай деп сұрағым келіп тұр?

«Толағай сияқты ертегілерді оқымайтыны анық» деп кесіп айтуға болмас. Қазір кітап дүкендерінде ең көп өтетіні – сол ертегілер. Ал ертегі дегеніміз – қиял-ғажайыптар әлемі. Балалар ғажайыпқа сенгіш келеді. Және осы сенім адам баласына есейгенде де өте қажет. Өйткені ғажайыпқа сену – тек ертегіге сену емес, ол – үмітке сену, мүмкін емес көрінген дүниеге талпыну деген сөз. Бала кезде қалыптасқан осы сенім адамды кейін үлкен мақсаттарға жетелейді, қиындыққа мойымауға үйретеді. Егер адам мүлде ғажайыпқа сенбейтін болса, ол тәуекелге барудан, жаңалық ашудан да қорқуы мүмкін.

«Тау көтерген Толағайдың» мультфильмін балалар қазір сүйіп көреді. Сондықтан мәселе – ертегінің өзінде емес, оны қалай ұсынуда. Қазіргі бала мәтінді ғана емес, визуалды әсерді де қатар қабылдайды. Сол себепті иллюстрация, дизайн, кітаптың жалпы эстетикасы үлкен рөл атқарады.

Бүгінгі аниме мен комикстің табысы да – сол ғажайыпты заманауи тілмен, әдемі суреттермен жеткізе білуінде. Біздің балалар әдебиетінде де осы бағытқа бетбұрыс жоқ емес.

Тек мынаны ескерсек. Біз балаға «тәрбиелік мәні болсын» дегенді ойлап, «қызық болсын» дегенді ұмытып кетпесек екен...

Бұдан бөлек, қазіргі балаларға арналған өлең, хикаяттардың басым көпшілігінде асық, киіз үй, қыранды дәріптеу сынды идея әлі бар. Мейлі делік. Бірақ қазіргі балаға өзі сүріп жатқан кеңістіктегі дүниелермен қарым-қатынас жасау әлдеқайда қызық болатын сияқты. Мәселен, күнделікті тұрмыстық құралдармен әлде өзі күнде қолданатын смартфонмен диалог құрған тиімдірек пе деп ойлайсың. Осы жайлы ой тарқатсаңыз.

Қазіргі бала екі әлемде өмір сүріп жатыр: бірі – дәстүрлі орта, екіншісі – цифрлық кеңістік. Ол таңертең мектепке барып, түсте телефон ұстайды, кешке TikTok көреді. Сондықтан әдебиет те сол кеңістікті қамтуы керек. Меніңше, бүгінгі балаға өзі күнде қолданып жүрген заттармен, құбылыстармен «сөйлесу» әлдеқайда қызық. Смартфон, ойын, интернет – бұлар жай құрал емес, баланың күнделікті өмірінің бір бөлігі. Егер әдебиет осыны көркем образға айналдыра алса, бала оны бірден қабылдайды. Бірақ мұнда да бір тепе-теңдік керек. Біз тек технологияны дәріптеп кетпеуіміз керек, керісінше, сол арқылы ой айтуымыз қажет. Яғни бүгінгі құрал – ертеңгі тәрбиенің тіліне айналуы тиіс. Мысалы, мен өз шығармаларымда қазіргі баланың мінезін, оның телефонға тәуелділігін мазақтама арқылы көрсеткім келеді. Өйткені кейде тікелей ақыл айтқаннан гөрі, жеңіл юмор арқылы әсер ету әлдеқайда өтімді.

«Балалар әдебиеті – үлкен әдебиеттің кіріспесі» деген біржақты пікір қоғамда әлі күнге дейін белең алып тұр. Оған балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы анық дәлел. Алайда соңғы жылдары түрлі жобалар қолға алынып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, оның барлығы айтарлықтай нәтиже бере ме – ол уақыттың еншісінде. Балалар әдебиетінде үлкен өзгеріс болуы үшін нақты қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?

Үлкен өзгеріс болуы үшін жекелеген бастамалар жеткіліксіз, жүйелі қадамдар қажет. Ең алдымен, балалар жазушысы өз аудиториясын нақты білуі керек. «Балалар әдебиеті» деп жалпылама айтылғанымен, балабақшадағы балақай мен жоғары сыныптағы жасөспірім – екі түрлі әлем. Біріне – қарапайым тіл, қысқа сюжет, ойын элементі керек болса, екіншісіне – күрделірек ой, ішкі конфликт, психологиялық тереңдік қажет. Егер осы айырмашылық ескерілмесе, шығарма да дәл адресіне жетпейді.

Екіншіден, автор мәселесі. Балалар әдебиетіне арнайы келетін, осы бағытты саналы түрде таңдайтын жазушылар керек сияқты. Көп жағдайда бұл жанр «аралық» дүние сияқты қабылданады да, тұрақты түрде айналысатын қаламгерлер аз.

Үшіншіден, сапалы контент пен редакция. Балаларға арналған шығарма жеңіл көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Сондықтан мәтінге де, тілге де, идеяға да кәсіби талап күшеюі тиіс.

Төртіншіден, иллюстрация мен дизайн. Қазіргі бала визуалды әлемде өмір сүріп жатыр. Кітаптың мазмұны ғана емес, оның сыртқы көрінісі де оқырманды тартуы керек.

Бесіншіден, формат. Біз әлі де дәстүрлі кітаппен шектеліп қалмауымыз керек. Аудиокітап, анимация, қысқа видеоконтент сияқты жаңа форматтар арқылы балалар әдебиетін кеңінен таратуға болады.

Алтыншыдан, оқырманмен тікелей байланыс. Балалар әдебиеті кабинетте отырып жазылатын дүние емес. Мектеппен, оқырманмен, ата-анамен байланыс орнағанда ғана шынайы, өтімді шығарма туады. Осы бағыттар жүйелі түрде дамыса, балалар әдебиетінде сапалы серпіліс болатыны анық.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз