Белла ОРЫНБЕТОВА: ОСК-нің жаңа қаулысы – заңды белден басу
— Орталық сайлау комиссиясының бұл жаңа қаулысының әр тармағында кереғарлықтар бар.
Бұрын үкіметтік емес ұйымдар бақылаушы ретінде өз өкілдерін жібере алатын. Оның немен айналысқаны маңызды емес еді. Жаңа қаулыға сәйкес, бақылаумен айналысатын ұйымдар ғана өз байқаушыларын жібере алады. Ал үкіметтік емес ұйымдардың көбісінің жарғысында ондай бап жоқ.
Осы әрекетімен ОСК халықаралық талаптар мен нормаларды бұзып отыр. Бұрынғы өткен сайлауда «алты метр жерден фотосессия жасауға болады» дегенді ойлап тапты. Алты метр деген сөз ешқандай заңда көрсетілмеген. Сондықтан алдағы сайлауда да сайлау жәшігінен алыс ұстап, жақындатпауға тырысады. Сайлау бюллетенін де суретке түсіруге рұқсат бермейді.
Бізде «Тәуелсіз бақылаушылардың құқықтары мен міндеттеріне» арналған бапта «фото-видео түсіруге құқылы» деп жазылса, міндеттерінде «кез келген заңсыздықты нақты фактілермен дәлелдеу керектігі» атап көрсетілген. Ал жаңа қаулыда бақылаушының ғана құқын шектеп тұрған жоқ, міндетін жүзеге асыруға да мүмкіндік бермей тұр.
ОСК-нің жаңа қаулысында адамдарды суретке, видеоға түсіруге шектеу бар. Бұл жерде олар Азаматтық кодекстің 145-бабын негізге алған. Ал бұл бап бойынша адамдарды видеоға, суретке түсіру үшін олардың рұқсатын алу керек. Ал менің түсіру объектім ол адам емес, сайлау процесіндегі заңбұзушылық оқиға емес пе? Менің мақсатым адам емес, орын алған құқық бұзушылықты түсіру болып тұр ғой.
БАҚ туралы заңда рұқсат сұрамай жүзеге асыратын үш қағида бар: қызметін атқарып жүрген лауазымды тұлғалардың жұмысы мен көпшілік мәдени іс-шараларды және қоғамның мүддесіне қайшы келетін заңбұзушылықты факт ретінде түсіруге болады.
Ал сайлау учаскесінде бақылаушылар не үшін суретке түсіреді? Біріншіден, бұл – көпшілік орында өтетін қоғам үшін маңызды саяси шара. Екіншіден, бұл жерде бақылаушы орын алған заң бұрмалаушылықты дәлел ретінде көрсету үшін түсіреді. Бұл «Сайлау туралы» заңның құқығында ғана емес, міндеттерінде де айтылған. Кез келген актіге заң бұрмалаушылық туралы жазған кезде фото-видео мен оның дәлелдемесі қажет. Бақылаушы оны сол үшін түсіреді. Егер бір сайлаушы жәшікке бес-алты бюллетень салып жатса, ол өзі заң бұзып тұрып, түсіруге қалай келісімін береді? Ал БАҚ туралы заңда заңбұзушылықты дәлел ретінде түсіруге рұқсат етілген.
Мәселе мынада: бақылаушы сайлаушыны өзінің үйінде суретке түсіріп, оның жеке өміріне қол сұғып жатқан жоқ. Бұл қоғамдық көпшілік орында түсірілетін оқиғаны дәлелдейтін факт.
Жаңа қаулыда қолданыстағы заңдарға қарама-қайшы келетін осындай тұстар өте көп. Біздің Facebook-тегі Baqylau парақшамызда жаңа қаулыдағы қисынсыз жайттар туралы осыдан бірнеше күн бұрын тиянақты талдау айтылды.
Қысқаша айтсақ, ОСК-нің жаңа қаулысы – заңды белден басу. Бірақ бақылаушылар бұған қарамастан, бақылау жұмысын жалғастыра береді.