«Бес сотта жеңіп шықтым»: Қызылордада жеке балабақша айналасындағы дау тоқтамай тұр
Қызылорда қаласындағы «Нұр-әлемі» балабақшасы айналасындағы дау-дамай тоқтамай тұр. Балаларымызды тәрбиешілер «ЗЭК» сияқты жүргізіп, қол жұмсаған деп шулаған ата-аналар бүгінде сот ғимаратының табалдырығын тоздырып жүр.
Айтуларынша, білім беру мекемесінің басшылары шағым білдіргендердің үстінен арыз жазып, тіпті «ақша бопсалады» деп айыптап жатқан көрінеді. Ал жауапты сала мамандары мәселеге араласуға ниетті емес.
«Нұр-әлемі» балабақшасына қатысты дау өткен жылдың қазан айында басталған. Балаларының мінез-құлқында өзгеріс байқаған ата-аналар бөбекжайға барып, ішкі камералардағы бейнежазбаларды көрсетуді талап еткен. Балабақша тәрбиешілері бүлдіршіндерді ұрып-соғып, түрмеде отыратын азаматтар секілді жүргізетінін көрген аналар құзырлы органдарға жүгініп, жанайқайын журналистерге жеткізген. Алайда ушыққан мәселе бүгінде тіпті күрделеніп кетіпті.
«Менің екі егіз ұлым осы балабақшаға баратын. Бейнежазбаны көргеннен кейін ата-аналар құзырлы органдарға шағым түсірдік. Нәтижесінде балабақша меңгерушісіне айыппұл салынып, тәрбиешілер жұмысынан босатылды. Бірақ оқиға осымен аяқталған жоқ. Бөбекжай иелері менің үстімнен қайта-қайта сотқа арыз түсірді. Мені тәрбиешілерді ұрып-соқты, балабақшаға есірткімен кірді, қызметкерлерді боқтады, анайы сөздер айтты деп айыптады. Соңғы үш айдың ішінде күнде сотқа қатысып жүрдім. Абырой болғанда, бес сотта да мен жеңіп шықтым, маған тағылған айыптардың ешбірі дәлелденбеді. Осы уақыт аралығында қаншама психологиялық қысым көрдім. Бірақ менің жағдайым Қызылорда қалалық білім бөліміндегілерді алаңдатпайды», – деп ашынады Бибінұр Қаражанова.
Кейіпкеріміздің айтуынша, балаларға қол көтерген тәрбиешілердің бірі де оның үстінен арыз жазған. «Бибінұр Қаражанова ұрып-соқты, басыма зақым келтіріп, ауруханаға түсірді», – деп шағымданған маман не себепті екені белгісіз, сот-медициналық сараптамасынан өтуден бас тартыпты.
«Ең қызығы, бүлдіршіндерді ұрып, әбден шошытқан балабақша қызметкерлері қатаң жаза алып отырған жоқ. Тек жұмыстан қуылып, бөбекжай құрылтайшысына азын-аулақ айыппұл салынды. Қазір менің үстімнен қылмыстық іс қозғалып жатыр. «Нұр-әлемі» балабақшасының құрылтайшысы «1 млн теңге ақша бопсалады» депті. Бұл барып тұрған қып-қызыл жала! Қызылорда қалалық білім бөлімінің маманы екі тарапты татуластыру мақсатында кездесу ұйымдастырған болатын. Бірақ біз еш мәмілеге келе алмадық, артынан мені қалалық полиция бөліміне шақырып, арызбен таныстырды. Екі ұлымның жағдайын жасаудың орнына, әлі күнге дейін балабақша қызметкерлерінің негізсіз жазған арыздарымен сандалып жүрмін», – дейді қала тұрғыны.
Естеріңізге сала кетейік, «Нұр-әлемі» балабақшасы жекеменшік нысан, мемлекет тарапынан қаржыландырылады. 2015 жылы ашылған бөбекжай 100 орынға арналған. Ата-ана мен балабақша иесі арасында болып жатқан жағдай туралы құрылтайшының өзінен сұхбат алғымыз келген. Алайда білім саласында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер ақпарат беріп, өз пікірін беруден бас тартты.
Белгілі болғандай, өткен жылы Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті аталмыш бөбекжайда жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру ұйымында ұйымдастырылған оқу қызметінде кемшіліктер анықталған. Балабақша иелеріне әкімшілік айыппұл салынған.
Айнұр Төлешова
Қызылорда облысы