Сараптама

«Бейбітшілік кеңесіне баруы мүмкін»: Тоқаев БҰҰ-ны не үшін сынады?

Өткен аптаның аяғында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жұмыс сапарымен барып, Анталия дипломатиялық форумына қатысты. Тоқаевтың Түркия сапары мен форумда сөйлеген сөзіне байланысты жұрт арасында біршама болжам айтылған болатын.

Ердоған мен Тоқаев

Біріншіден, билікшіл ағайын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан басшысын арнайы шақырып, құрмет көрсеткенін айтып жүрді. Олар осы арқылы «Қазақстанның халықаралық беделі артып келеді» дегенді аңғартқысы келеді. Ал әлеуметтік желідегі жұрт екі президенттің тізе түйістіріп қатар отырғанына қарап, «қазақ-түрік қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты» деп алақайлап жатқанын байқадық. Мұндай әңгіме не үшін айтылатынын іштей түсініп отырмыз. Ел арасында Анкараны сырттай сүйеніш көретіндер бар екені жасырын емес, олар «Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы мен Түркияға арқа сүйеуі қажет» деп санайды. Тіпті мұндай көзқарастағы адамдар «күндердің-күні түркі әлемі бірігіп, үлкен күшке айналса» деп үміттенеді. Міне, осы ойдың жетегіне ергендер Тоқаев пен Ердоғанның кездесуінен үлкен позитив байқапты.

Екіншіден, Анталия дипломатиялық форумының «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясында сөз сөйлеген Тоқаев БҰҰ жұмысын сынға алып, ұйымға реформа қажет екенін айтқан. Қазақстан президенті қазір өңірлік және жаһандық мәселені талқылайтын келіссөздер БҰҰ алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын ескертіп, бұл жағдайға қатты алаңдайтынын жеткізді.

«Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл – ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?» – деді Қ.Тоқаев.

Көпшілік Қазақстан президентінің БҰҰ-ны реформалау жөніндегі сөзіне неге мән беріп отыр? Өйткені ел арасында «Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы қызметіне кандидат болуы ықтимал» деген болжам біраздан бері айтылып жүрген. Тіпті мұны елдегі жылдам жүріп жатқан саяси науқанмен байланыстыратын сарапшылар бар. Мысалы, биыл жыл басынан бері «жеті күнде жаңа Конституция жазып», бір ай ішінде референдум өткізіп, жаңа Ата заңды қабылдап үлгердік. Енді қыркүйекке дейін Құрылтай сайлауын өткізіп, жаңадан вице-президент тағайындауды жоспарлап отырмыз. Кей сарапшы мұны елдегі билік транзитіне дайындық болуы мүмкін деп топшылаған.

Бірақ Тоқаев БҰҰ-ны алғаш рет сынап отырмағанын естен шығармаған жөн. Халықаралық ұйымға реформа керек екенін бұған дейін бірнеше мәрте атап өткен. Мысалы, былтыр қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясында ел президенті «Ұйымды жаңғырту үшін құрамы ғасырға жуық уақыт бойы жаңармаған Қауіпсіздік кеңесін реформалау керек» екенін айтқан. Сондай-ақ БҰҰ-ны жаңарту ісіне санаулы мемлекет қана емес, барлық континент, соның ішінде Қазақстан сияқты орта державаларды араластыруды ұсынған. Тоқаев Анталия форумында да осыған ұқсас ой айтты. Демек мемлекет басшысының сөзінен сенсация іздеуге негіз жоқ сияқты.

БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидаттарды тіркеу осы айда аяқталады. Әдетте бұл лауазымға әр құрлықтың өкілдері кезекпен сайланып жатады. Ұйымды 2017 жылдан бері португалиялық Антонио Гутерриш басқарып келеді. Оған дейін 10 жыл бойы (2007-2017 жылдары) Азия өкілі – оңтүстіккореялық Пан Ги Мун жетекшілік еткен. Ал оның алдында (1997-2006 жылдары) Африка өкілі – Кофи Аннан қызмет атқарды. Осы қисынға салсақ, бұл жолы Азия өкіліне кезек беріле қоюы екіталай. Сарапшылар Оңтүстік Американың кезегі келгенін айтады.

Қазір 4 кандидат бар. Олар: Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет, МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси (Аргентина), Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребекка Гринспан және Сенегалдың бұрынғы президенті Маки Саль. Бас хатшы қызметіне үміткерлер 21-22 сәуірде БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің елшілерімен үш сағаттық сұрақ-жауап сессиясына қатысып, Бас Ассамблея залында өз бағдарламаларын таныстырады. Демек сайлау науқаны басталып кетті.

Қазыбек Бейсебаев

Біз белгілі саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазыбек БЕЙСЕБАЕВҚА хабарласып, ел арасында талқыға түсіп жатқан осы әңгімелерге қатысты пікір сұрадық. Саясаттанушы елдегі жылдам жүріп жатқан саяси науқандарға қатысты да өз болжамын айтты.

«Анкараның Астанаға аздаған өкпесі бар сияқты»

– Жақында Қазақстан президенті Түркияға барып қайтты, биыл 14 мамырда Түркия президенті біздің елге келмек. Көпшілік осыған қарап екі елдің арасы бұрынғыдан да жақындап келеді деп санайды. Сіздің ойыңызша, Астана мен Анкараның қазіргі қарым-қатынасы қандай?

– Әдетте екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас қандай екенін ол елдердің арасындағы тауар айналымына қарап бағалауға болады. Яғни екі елдің байланысына экономикалық қарым-қатынасқа қарап баға бере аламыз. Осы тұрғыдан алғанда Түркиямен сауда-саттығымыз аса жоғары деңгейде емес. Қазір Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі – Қытай, екінші орында – Ресей тұр. Бұрын Ресей бірінші болатын, қазір екінші сатыға сырғыды. Бұл мәселенің бірінші жағы.

Екіншіден, біз Түркі мемлекеттер ұйымына мүше болып отырмыз. Түркия –ТМҰ-дағы ең басты мемлекет. Экономика бойынша да, саяси тұрғыда да, күш жағынан да Түркия ұйымдағы бірінші мемлекет саналады. Осы тұрғыдан алғанда Түркиямен қарым-қатынасымыз жоғарыда атаған формулаға сыймауы мүмкін. Бірақ кейінгі геосаяси жағдайларға байланысты Анкараның Астанаға аздаған өкпесі бар сияқты. Мысалы, қазір Израиль мен Түркияның арасы нашарлап тұрғанын білеміз. Ал Түркия мен ол елдің президенті Режеп Тайып Ердоған мұсылман әлемінің қорғаушысы ретінде көрініп жүр. Қазақстан ТМҰ мемлекеттері арасында бірінші болып Ибраһим (Авраам) келісіміне қосылды. Астана сол кезде ТМҰ елдерімен ақылдасты ма? Бұл –үлкен сұрақ.

Бұрынғы дипломат ретінде айтайын, біздің бұл қадамымыз Түркияға ұнай қойған жоқ. Өйткені Ибраһим келісімі Израиль мен мұсылман әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Бірақ оған Сауд Арабиясы сияқты елдер қосылған жоқ. Демек Қазақстанның сол келісімді жақтағаны Анкараның көңілінен шыға қоймайды. Мысалы, жақында Наурыз мерекесін тойладық, президенттер бір-біріне құттықтау хатын жолдады. Сол кезде Ердоған біздің елді құттықтаған жоқ. Ал Өзбекстан президентінің сайты «Ердоған Ташкентке құттықтау жолдағанын» хабарлады. Бірақ кейін Қазақстан президенті мен Түркия президенті телефон арқылы сөйлескенде бір-бірін құттықтағаны айтылды.

Ал Тоқаевтың осы жолғы Түркия сапарында екі ел президенті жылы сөйлесіп, жақын жүргенін байқадық. Көпшілік осыған баса мән беріп отырған сияқты. Бірақ бұл да дипломатияда бола беретін қарапайым әрекеттер. Мұндайға қарап, екі елдің қарым-қатынасына баға беруге болмайды.

– Тоқаев Түркияда БҰҰ жұмысын сынға алды. Көпшілік осыған қарап, ел президенті халықаралық ұйымға басшы болуы мүмкін деп болжайды. Бұл жайлы сіз не айтасыз?

– Біріккен ұлттар ұйымын басқарудың өз кезегі бар. Әр құрлықтың өкілдері ауысып отырады. Қазір Батыс Еуропаның өкілі отыр. Енді Латын Америкасының кезегі келіп тұр. Қазіргі 4 кандидаттың үшеуі осы құрлықтан – Чили, Аргентина және Коста-Рикадан. Төртіншісі Африка өкілі. Демек бұл жолы қалайда оңтүстікамерикалық саясаткер тізгін ұстайды. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері (АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания) бізді қолдап отырса да, бұл кезек өзгермейді деп ойлаймын.

Тоқаевқа келсек, ол кісі негізі лайықты кандидаттардың бірі. БҰҰ Бас хатшысы төрағасының орынбасары және ұйымның Женевадағы өкілдігінің басшысы болды. Қазір Қазақстанды басқарып отыр, оған дейін сыртқы істер министрі болған. Демек кандидатурасы келіп тұр. Бірақ кезек біздікі емес. Сондықтан бұл әңгімені тоқтату керек, БАҚ-та көтере берудің қажеті шамалы.

Бірақ басқа бір мүмкіндік бар. Қазір Астананың Вашингтонмен қарым-қатынасы өте жақсы. АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ-ны қатты сынға алып, оған альтернатива болуы мүмкін ұйым – Бейбітшілік кеңесін құруға күш салып жатыр. Иә, ұйымды қазір Трамп өзі басқарады. Бірақ алдағы уақытта Трамптың жоспары орындалып, осы ұйым күш алып жатса, біздің президентті сонда шақыруы ғажап емес. Өйткені былтыр АҚШ-та өткен жиналыста екі президент бір-бірін әбден мақтағанын ұмытқан жоқпыз.

Бірақ Бейбітшілік кеңесінің болашағы күмәнді. Егер АҚШ Иранды басып алса, жағдай басқаша болар еді. Онда Трамп Иран, Венесуэла, Сауд Арабиясы сияқты мұнай нарықтарын түгел өз қол астына алып, Қытаймен бәсекеде ырықты орынға шығып, Бейжіңге талап қояр еді. Бірақ Трамп мақсатына жете алмайтын сияқты, әлемнің барша мұнай қорын бақылауға алу жоспары орындалмады. Бұл жоспар орындалмаса, Бейбітшілік кеңесі күн тәртібінен түсіп қалуы мүмкін.

– Елде саяси науқандар неге сонша жылдам өтіп жатыр деп есептейсіз?

– Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімі үш жылдан кейін аяқталады. Ал өзі бір кезек қана отыратынын айтты. Ендеше, неге асығады? Жаңа Конституция не үшін қажет болды? Өте күрделі сұрақтар. Сұрақа жауап беру үшін Конституцияға қандай өзгеріс енгеніне назар аударайық. Онда президенттің билігі күшейді, вице-президентті мемлекет басшысы өзі тағайындайды. Сенатты алып тастағандықтан, орталық биліктің күші артты, өйткені қалай болған күннің өзінде Сенатта облыстардың өкілдері отырған, енді ол жоқ. Қысқасы, билік қатты күшейді.

Егер ел арасындағы болжам рас болса, Тоқаев бір жаққа кеткелі жатса, онда бәрі түсінікті болар еді. Сол логикаға салсақ, «жаңа Конституция бойынша президенттің билігін күшейтіп, орнына өз адамын қойып, шетелге қызметке кеткелі жатыр» дер едік. Не үшін барлық саяси науқан асығыс жүріп жатыр деген сұраққа да жауап табылар еді. Бірақ БҰҰ Бас хатшысы қызметіне бара қоймайтынын жоғарыда айттық. Барғысы келсе де, кезек келіп тұрған жоқ. Ал Бейбітшілік кеңесіне қызметке бару мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Демек саяси науқандар неге асығыс өтті дегенге нақты жауап беру қиын. Тек логикаға сүйеніп, осындай болжамдар ғана жасай аламыз.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз