Алтын-күміс тас емес... Халықаралық резерв неге ортайып қалды?
Қазақстанның қаржы қауіпсіздігінің кепілі саналатын халықаралық резерв наурыз айында айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Бір ай ішінде елдің стратегиялық қоры 73,4 млрд доллардан 67,2 млрд долларға дейін, яғни 8,44 пайызға қысқарыпты.
Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті бұл құбылысты алтын-валюта резервтерінің (АВР) қайта бағалануымен түсіндіреді. Резерв көлемінің кемуіне қаржының жұмсалып кетуі емес, әлемдік нарықтағы алтын бағасының арзандауы тікелей себеп болған көрінеді.
Нарыққа коррекция не үшін қажет?
Жалпы, нарықтағы коррекция, яғни түзету немесе қайта бағалану әдетте ай сайын немесе тоқсан сайын есепті кезеңнің соңында жасалады. Ұлттық банк өзіндегі алтын мен валюталық активтерді сол сәттегі нарықтық бағамен қайта есептеп, балансқа шығарады. Нарықтағы коррекция – бұл бағаның тым қатты өсуінен немесе қатты төмендеуінен кейінгі уақытша тепе-теңдікке келуі. Алтын нарығында коррекция көбіне АҚШ долларының нығаюы, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (АҚШ-тың орталық банкі қызметін атқаратын тәуелсіз мемлекеттік орган) мөлшерлемелерінің өсуі, геосаяси жағдайдың тұрақталуы немесе шиеленісуі кезінде болады.
Еске салсақ, 2026 жылдың наурыз айында алтынның құны шамамен 12 пайызға дейін төмендеді. Бұған қатысты сарапшылар бірнеше факторды алға тартты. Бұл ретте «Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуына қарамастан, алтын бұл жолы өзінің дәстүрлі «қорғаныс активі» деген мәртебесін толық пайдалана алмады» дейтіндер де бар.
Ескі түсінік өзгерді ме?
Жалпы, нарықта «геосаяси шиеленіс күшейген сайын алтын бағасы көтерілуі тиіс» деген түсінік ұзақ жылдар бойы қалыптасқан. Дағдарыс болса, инвесторлар алтынға қашатын да, оның бағасы шарықтай түсетін. Осы кезеңге дейін бұл қарапайым әрі сенімді схема ретінде қабылданып келді. Алайда қазіргі жағдай бұл қағиданың әрдайым жұмыс істей бермейтінін көрсетті. «Соғыс қаупі күшейген сәтте алтынның арзандауы – нарықтағы күрделі өзгерістердің белгісі», – дейді сарапшылар.
Бұған қатысты экономист Алмас Чукин нарықтың жаңа жағдайға бейімделіп жатқанын айтады. Маманның пайымдауынша, қазіргі экономикалық орта бұрынғыдай бір ғана логикамен жұмыс істемейді.
«Соғыс кезінде алтын қымбаттайтын, қазір, керісінше, арзандайды. Дағдарыс туындағанда инвесторлар алтынға қашатын, осылайша баға өсетін. Бұл схема көп жыл бойы жұмыс істеп келді, сондықтан бәрі соған сенді. Бірақ нарық ешқашан оқулықпен өмір сүрмейді. Нарық нақты жағдайға қарай әрекет етеді. Ал қазіргі жағдай бұрынғы сценарийлерге мүлде ұқсамайды. Сондықтан «алтын міндетті түрде өсуі керек еді» деген ойдың өзі тым қарабайыр түсінік», – дейді экономист Алмас Чукин.
Алтын нарығына тағы не әсер етті?
Нарыққа доллардың нығаюы мен АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары бойынша кірістіліктің артуы да көбірек әсер еткен. Пайыздық мөлшерлемелердің өсуі де инвесторлардың назарын алтыннан гөрі табыстырақ активтерге аударуға мәжбүрлеп, бағаға қысым көрсеткен. Сонымен қатар 2025 жылғы алтын бағасының 65 пайыздық өсімінен кейін нарықта заңды коррекция болып, мұны мамандар «бұл – бағаның шарықтау шегінен кейінгі қалыпты теңестіру» деп түсіндіреді.
Алмас Чукиннің пікірінше, бүгінгі ахуалдың басты ерекшелігі – алтын бағасының алдын ала тым жоғары деңгейге жетуі. Соңғы бір жыл ішінде қымбат металл екі есеге жуық қымбаттады. Яғни инвесторлар қауіптен қорғану үшін алтынды әлдеқашан сатып алып қойған. Нарықта бір активке тым көп сұраныс болса, оның бағасы шектен тыс өседі. Бірақ белгілі бір сәтте жаңа сатып алушылар қалмайды. Сол кезде баға өсуін тоқтатып, керісінше, төмендей бастайды.
«Алтын бір жыл ішінде екі есе қымбаттады. Бұл жай ғана өсу емес, бұл – үлкен капиталдың сол активке толық кіріп кеткенінің белгісі. Орталық банктер, әсіресе Қытай, өз резервтерін әртараптандыру үшін АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларынан шығып, алтынға өтті. Хедж-қорлар да, ірі инвесторлар да осы трендке қосылды. Тіпті қарапайым адамдар да қаржы туралы видеолар көріп, алтын сатып ала бастады. Яғни бұл активке қызықпаған адам қалмады десек те болады. Ал нарықта бәрі сатып алып қойған кезде, бағаны әрі қарай көтеретін жаңа сұраныс болмайды. Соғыс басталғанда алтынды жоғары итеретін күш қалмады, керісінше, пайдасын алып шығуға дайын отырғандар көбейді. Міне, бағаның төмендеуінің негізгі себебі – осы», – деп түсіндірді Алмас Чукин
Ұлттық банк не дейді?
Қазақстанның халықаралық резерв портфелінде алтынның үлесі өте жоғары, 70 пайыздан асады. Мұндай құрылым стратегиялық тұрғыдан тиімді болғанымен, есептілік кезінде статистикаға әсер етпей қоймайды. Алтын бағасы төмендегенде, резервтердің жалпы көлемі доллармен есептегенде азаяды. Алайда Ұлттық банк атап өткендей, бұл жерде елдегі алтын қорының нақты физикалық көлемі азайған жоқ. Яғни құймалардың саны сол күйінде сақталып, тек олардың ағымдағы нарықтық құны «теріс қайта бағалауға» ұшыраған.
Алтын бағасының мың құбылуына қарамастан, Ұлттық банк резервтердегі алтын үлесін сатып азайтып, оны долларға айналдырып қоюды жоспарлап отырған жоқ.
«Алтын – алтын-валюта резервтері портфеліндегі стратегиялық қорғаныс активі. Оның басты міндеті – портфельдегі өтімділікті, әртараптандыруды, сондай-ақ сын-қатерлерден сақтануды қамтамасыз ету. Ұлттық банк халықаралық резервтерді инвестициялық басқаруды ұзақ мерзімді негізде жүзеге асырады. Сондықтан портфель құрылымындағы өзгерістер, ең алдымен, қысқа мерзімді нарықтық құбылыстармен емес, іргелі факторлармен айқындалады», – дейді Ұлттық банк өкілдері.
Жалпы, Қазақстанның алтын-валюта резервтері (АВР) – елдің экономикалық «қауіпсіздік жастығы». Ол тек жинақталған байлық емес, мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық құрал. Қордың негізгі атқаратын қызметтері: валюта нарығында сұраныс күрт артып, теңге тез құнсыздана бастағанда, Ұлттық банк резервтегі долларды сатып, нарықты тыныштандырады (интервенция жасайды). Бұл теңгенің күрт құлдырауына жол бермейді. Сондай-ақ мемлекеттің және ірі мемлекеттік компаниялардың халықаралық міндеттемелері мен қарыздары болады. Халықаралық резервтер – елдің кез келген уақытта өз қарызын төлей алатынына да кепілдік болады. Бұл елдің инвестициялық рейтингін жоғарылатады. Бұдан бөлек, мұнай бағасы төмендегенде немесе әлемдік экономикалық дағдарыс болғанда, елдің бюджетіне түсетін табыс азаяды. Осындай қиын сәттерде бұл резервтер экономиканы қолдауға, әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы, жәрдемақы) кешіктірмей төлеуге жұмсалады.
Қауіпсіздік қорының тағы бір қызметі – Қазақстан шетелден көптеген тауарларды (техника, дәрі-дәрмек, азық-түлік) долларға сатып алады. Алтын-валюта қорының көлемі елдің кем дегенде 3-6 айлық импортын еш қиындықсыз жаба алатындай деңгейде болуы тиіс. Бұл елде тауар тапшылығының болмауын қамтамасыз етеді. Қордың көлемі неғұрлым үлкен болса, халықаралық инвесторлар Қазақстан экономикасына соғұрлым сеніммен қарайды деген тәмсіл бар. Бұл елге жаңа инвестициялар мен технологиялардың келуіне ықпал етеді.
Қорды ұқсата алып отырмыз ба?
Осылайша, «алтын-валюта қоры – елдің кез келген сыртқы экономикалық соққыларға төтеп беру қабілетінің көрсеткіші» дегенді негізге алған Ұлттық банк еліміздің алтын қорын көбейтіп жатыр. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) деректеріне сәйкес, Қазақстан соңғы 15 жылда алтын қорын шамамен бес есеге ұлғайтқан. Елдегі бағалы металл қоры қазірде 67,3 тоннадан 339,9 тоннаға жетіпті. Бұған қатысты сарапшылар былай дейді: «Алтын-валюта қорында доллардың көлемі көбейгендіктен, Ұлттық банк оның біршама бөлігін алтынға айырбастап жатыр. Бұл – бас банктің ақша-несие саясатын, валюта саясатын реттеу үшін ұдайы жүргізіп отыратын әдіс-тәсілдерінің бірі».
Алайда резервті алтынмен аптай беру қаншалықты тиімді? Алтын қанша жерден сенімді актив болғанымен, оны тез арада қолма-қол валютаға айналдыру қиын. Валюта нарығына интервенция жасау немесе шұғыл төлемдер үшін еркін айырбасталатын валюта (доллар, еуро) тиімдірек. Сондай-ақ алтын пайыздық табыс немесе дивиденд әкелмейді, оның құны тек бағаның өсуіне байланысты. Енді Ұлттық банк тонналап жиған алтынды қалай ұқсатуы керек?
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің сөзіне сүйенсек, алтын-валюта резервтерін (АВР) тікелей экономикаға жұмсау – өте күрделі және қауіпті қадам. Егер ақшаны жай ғана басып шығарып немесе резервтен алып тарата салса, бұл инфляцияның шарықтауына және теңгенің құнсыздануына әкеледі. Сондықтан АВР-ды экономиканың дамуына пайдаланудың ең «күшті» және қауіпсіз жолдары мыналар:
Бірінші, стратегиялық инвестициялық қорлар арқылы (Ұлттық қор үлгісі). Резервтерді тікелей бюджетке салмау керек. Оны арнайы «Даму қорларына» бағыттап, ел ішіндегі ірі жобаларды қаржыландыру қажет. Тек шикізат емес, дайын өнім шығаратын зауыттар салу. Логистикалық хабтар, заманауи жолдар мен порттар жасау. Бұл «мультипликативті әсер» береді. Мұндай жағдайда жұмсалған бір теңге экономикаға бірнеше теңге пайда әкеледі.
Екінші, импортты алмастыру және технология сатып алу АВР-ды ел ішінде теңгемен жұмсағанша, оны сырттан жаңа технологиялар, жабдықтар мен патенттер сатып алуға пайдалану тиімді. Отандық кәсіпорындарға шетелдік станоктар мен цифрлық шешімдерді сатып алу үшін төмен пайызбен валюталық несие беру. Бұл инфляция тудырмайды, өйткені ақша ел ішінде қалмай, сыртқа тауарға кетеді, бірақ елде өндіріс қалады.
Үшінші, алтынды «кепіл» ретінде пайдалану. Резервтегі алтынды сатпай-ақ, оны халықаралық нарықта кепілге қойып, өте төмен пайызбен (АҚШ немесе Еуропа деңгейіндегі мөлшерлемемен) ұзақ мерзімді несие алуға болады. Бұл ақшаны білім беру, медицина немесе жасыл энергетика сияқты салаларға жұмсауға болады.
Төртінші, адам капиталына инвестиция салу – ұзақ мерзімді стратегия. Резервтердің бір бөлігін «Болашақ» бағдарламасы сияқты ғылымды дамытуға жұмсау. Мамандардың біліктілігін арттыру – экономиканың ең тұрақты драйвері.
Бесінші, сыртқы қарызды қайта қаржыландыру. Егер мемлекеттің немесе ірі квазимемлекеттік компаниялардың жоғары пайызбен алған сыртқы қарыздары болса, резервтерді пайдаланып, оларды жабу немесе арзанырақ қарызға айырбастау. Бұл бюджеттің жүктемесін жеңілдетіп, босаған ақшаны әлеуметтік салаға бағыттауға мүмкіндік береді.
«Резервтерді жұмсаудың басты шарты – ашық болуы керек. Егер халық пен инвесторлар ақшаның қайда кеткенін нақты көрмесе, бұл елдің несиелік рейтингін түсіріп жіберуі мүмкін», – дейді экономист Бейсенбек Зиябеков.
Жалпы, салалық мамандардың пайымдауынша, халықаралық резервті басқаратын мамандар тек қана пайданы емес, алтын бағасының құлауы мен геосаяси санкциялардың әсерін есептей алатын математикалық модельдерді сауатты меңгеруі қажет. Сондықтан болашақта бұл салада сауатты мамандар легін жасақтау өте маңызды. Қазіргі Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов осыны мықтап ұғынуы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, алтын-валюта қорын тиімді жұмсау – асқан шеберлікті қажет ететін хирургиялық ота сияқты. Қателік жіберсе, экономиканың қырық екі тамырына тарайтын қан тоқтайды, инфляция үдейді, әлеуметтің ахуалы төмендейді, ал дұрыс қолданылса – елдің индустриялық қабілетінің артуына негіз болады. Осыны ескерсек, Сүлейменов басқарып отырған Ұлттық банктің сыналатын да уақыты алда екенін пайымдаймыз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ