Сараптама

АҚШ атып түсірілген Apache тікұшағына байланысты Иранға шабуылды қайта бастады

АҚШ әскери күштері Иранға қарсы соққыларды қайта бастады.

AH-64 Apache

Бұл шешім Ормуз бұғазында америкалық Apache тікұшағының құлауынан кейін қабылданғанын АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді.

Пентагон әуе шабуылдарын «Иранның негізсіз агрессиясына берілген лайықты жауап» деп атады. АҚШ президенті Трамп қатаң жауап беру туралы шешімді қолдаған.

«Жауап өте күшті әрі қуатты болуы керек, дәл қазір сондай жауап беріліп жатыр», – деді Трамп америкалық журналистерге берген сұхбатында.

Иранның оңтүстігіндегі жарылыстар мен қарымта шабуыл

Америкалық қорғаныс көздерінің мәліметінше, шабуылдардың негізгі нысаналары Иранның әуе қорғаныс жүйелері, жерүсті басқару бекеттері және радиолокациялық станциялары болған.

Осы уақытта ирандық БАҚ елдің оңтүстігіндегі Сирик, Минаб қалаларында және стратегиялық маңызы бар Кешм аралында бірнеше қуатты жарылыс болғанын хабарлады.

Тегеран билігі Вашингтонға қатаң жауап беретінін мәлімдеді. Иран сыртқы істер министрі Аракчи:

«Біздің қуатты қарулы күштеріміз ешбір шабуыл мен қоқан-лоқыны жауапсыз қалдырмайды. Егер қауіпсіз болғыңыз келсе, өңірден кетіңіздер», – деп ескертті.

Осы мәлімдемеден кейін көп ұзамай ИРСК АҚШ-тың Таяу Шығыстағы нысандарына қарай зымырандар мен дрондар жіберілгенін хабарлады. Бірнеше сағаттан соң CENTCOM өңірдегі америкалық операцияның әзірге аяқталғанын мәлімдеді.

Apache тікұшағының құлауы

Тікұшақтың нақты қалай құлағаны әзірге толық анықталған жоқ.

Трамптың айтуынша, Apache Ормуз бұғазында патрульдік міндет атқарып жүрген кезде Иран әскері тарапынан атып түсірілген. Оның сөзінше, екі ұшқыш та аман қалған.

Алайда Associated Press агенттігінің Ақ үйдегі дереккөздері басқа нұсқаны алға тартты. Олардың мәліметінше, тікұшақ ирандық дронмен соғысқаннан кейін құлаған. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде кездейсоқ оқиға ма – әзірге анықталмаған.

Бітімге төнген қауіп

Шиеленіс дәл Израиль, АҚШ және Иран уақытша атысты тоқтату жөнінде келісімге келген кезеңде күшейіп отыр. Бұған дейін Трамп Тегеранмен бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары екенін айтып, құжат екі-үш күн ішінде жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Енді америкалық әуе соққыларынан кейін Иранның қалай әрекет ететіні және Таяу Шығыстағы жағдайдың толыққанды соғысқа ұласу-ұласпауы әлемдік қауымдастық назарындағы басты мәселеге айналып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз