Сараптама

«Саяси неке»: «Аманат» пен «Әділет» қосыла ма?

Биыл мамыр айының басында «Әділет» деген жаңа саяси партия құрылды. Партия төрағасы қызметін бұған дейін Президент әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай атқарады. Оның үстіне ірі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева сияқты белгілі тұлғалар партияға кіретіні белгілі болды. Көпшілік осыған қарап, «Әділеттің» саяси салмағы ауыр болатынын болжаған.

Әділет

«Әділет» өзге партиялар сияқты тіркелу үшін Әділет министрлігіне қайта-қайта өтініш жазып әуреге түскен жоқ, құрылғанына бір ай толмай жатып, ресми тіркеуден өтті. Осылайша, елде тіркелген партиялар саны 8-ге жетіп, саясат сахнасында ойыншылар көбейгендей көрінген. Тіпті тамыз айында өтетін Құрылтай сайлауында қай партия, қанша дауыс жинайтынын іштей есептеп, болжам жасайтындардың қатары артты.

Бәсекелес пе, серіктес пе?

Әрине, біздің елде әділ саяси бәсеке бар дегенге күмәнмен қарайтындар көп. Бұған дейінгі сайлаулардың ешбірінде қазіргі «Аманат», бұрынғы «Нұр Отан» (тіпті «Отан» кезінде де) ешкімге дес берген емес. Қазақстан тарихында алғаш рет 2023 жылы Мәжіліске 6 партия өтті, бірақ мандат бұйырған өзге 5 партия «Аманатқа» қарсылас бола алған жоқ. Сондықтан жұрт төрағасы «жоғары жақтан» келген, құрамында билікке жақын адамдар көп «Әділетке» біршама «үміт артқаны» жасырын емес. Кем дегенде «сайлауда аздаған интрига пайда болады» деп күткен.

Бірақ сол үміт ақталмайтын сияқты. Кейінгі апта «Аманат» пен «Әділет» бірігеді деген гу-гуге толы болды. Мұндай болжамның шығуына «Аманаттың» 6 маусымда өткен шұғыл жиналысы – себеп. Сол күні партияның саяси кеңесі отырыс өткізіп, елдегі қоғамдық-саяси күштерді әділетті Қазақстан құру жолында күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуге шақырған мәлімдеме жариялады. «Аманат» өкілдері «президент тапсырмасын жүзеге асыру жолында еңбек етуге дайын кез келген күшпен өз әлеуетін біріктіруге дайын» екенін мәлімдеді.

«Осы тарихи кезеңнің маңызын терең түсінуіміз керек. Жаңа Конституцияның қабылдануымен тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Енді біздің алдымызда жаңа Конституцияда белгіленген барлық мақсатты жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл – жалғыз атқаруға келмейтін күрделі жұмыс. Ол бізден жұдырықтай жұмылуды, бірлік пен келісімді талап етеді. Біз қоғамға жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуіміз қажет», – деді партия төрағасы Ерлан Қошанов.

Яғни «Аманат» президентті қолдайтын электоратты бөліп-жармау үшін кез келген саяси күшпен бірігуге дайынбыз дегенді алға тартып отыр. Айтпақшы, «Әділет» партиясы алғаш құрылғанда «ешкіммен жауласпайтынын, оппозиция болмайтынын, әділдік орнату үшін күресетінін» мәлімдеген. Демек, екі партия да «іздегенге – сұраған» болып, сөздері бір жерден шығып тұр. Соған қарағанда, олар жұрт күткендей бәсекелес емес, серіктеске айналатын сияқты.

Біз «Аманаттың» бірнеше белсенді мүшесіне хабарласып, істің мән-жайын сұрадық. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Бәрі 12 маусым, жұма күні белгілі болады, содан кейін ғана сөйлесе аламын», – десе, мәжілісмен Ерлан Сайыров «екі партияның бірігуін қолдайтынын» айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы прогрессивті саяси партиялар консолидация жасауы керек деп мәлімдеді. Енді пропрезиденттік саяси күштер бірігуі керек, өйткені, өздеріңізге белгілі, геосаяси жағдай бар, сыртқы экономикалық жағдай бар. Сондықтан «Аманат» партиясы мен «Әділет» партиясы бірігуі мүмкін. Жеке өз басым бұл партиялар бірігуі керек деп санаймын. Бірақ шешімді съезд жасайды, өйткені партияның жоғарғы органы – съезд. Съезд 12 маусымда өтеді, ол жерде қандай шешім қабылданатыны әлі белгісіз», – дейді депутат.

Депутаттардың сөзіне қарағанда, қос партияның бірігетіні растала бастаған сияқты. Сарапшылар бұл қадам ақылға қаншалық қонымсыз болса да, екі партия үшін тиімді екенін айтады. Біріншіден, «Әділет» жақында ғана құрылды. Төрағасы мен құрамы қанша мықты болса да, бір айдың ішінде жүз мыңдаған жақтас пен миллиондаған электорат жинай алуы екіталай. Демек, заңды құжаты мен басшылары ғана бар «Әділет» «Аманаттың» миллионға жуық мүшесі мен аймақтардағы ресурстарына ие болып, жұмысы біршама жеңілдейді.

Екіншіден, «Аманат» атын қанша мәрте ауыстырса да, бұрынғы «Нұр Отанның» елесінен арыла алмасы анық. Өйткені сол партияның заңды жалғасы екенін елдің бәрі біледі. Демек, аты таза, жаңа «Әділетпен» бірігу арқылы бұған дейінгі «жаман атынан» арылып, жаңа партия сияқты түр танытуға мүмкіндік туады. Сол үшін екі партияның қосылуы ақылға қонымды, логикаға сыйымды шешім сияқты көрінеді.

Дос Көшім

Дос Көшім, саясаттанушы: Бұл – жаман атты партиядан құтылу әрекеті

– Ең алдымен екі партияның бағыты бір екенін мойындау керек. Екеуі де биліктің бағытын қолдайтын, президентті жақтайтынын айтып жүрген, билік партиясы деп аталатын ұйымдар. Сондықтан екі партияның болғаны белгілі бір саяси ойын үшін керек шығар, бірақ оның қандай ойын екенін ешкім білмейді. Дегенмен екеуінің біріккені қисынға келетін мәселе. Екеуі бірігетін болса, «Әділет» партиясын құрудың қанша қажеті бар еді? Демек, бұл жерде бір жоспар болғаны анық.

Менің ойымша, мұның себебі мынада: «Аманат» партиясы «Нұр Отан», оған дейінгі «Отан» болды. Бірақ қанша рет атын ауыстырғанымен, халықтың көз алдында негативті бейнесімен ғана қалды. Қаңтар оқиғасы кезінде 6 облыста «Нұр Отанның» филиалы өртенді. Демек, атағы жаман партиядан құтылып, бірақ сол адамдардан жаңа партия жасау қажет болып тұрған сияқты. «Әділеттің» құрылу себебін осы бағытта ғана түсіндіруге болады. Әйтпесе, «Аманат» пен «Әділет» – бір бағытты ұстанатын егіз бала сияқты ұйымдар. Сондықтан оларға екі түрлі ресурс бөліп, екі түрлі ойын ойнап, қолдан бәсекелестік жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан олар біріккені жөн деп санаймын. Қысқасы, мұндағы мақсат – жаман атты партияның атынан да, өзінен де құтылып, бірақ сол адамдармен бірге, сол адамдардың бағытындағы жаңа биліктің партиясын жасау. Мұны өте қарадүрсін, өте ыңғайсыз, халықтық ақымақ санаған саяси ойын деп санаймын. Екі партия біріксе, басшылары – «Әділеттен», мүшелері – «Аманаттан» шыққан партия болатын шығар.

Бірақ бұл жерде «бірігу» деген сөз сай келмейді. Себебі саяси күштер ғана біріге алады. «Әділет» – саяси күш емес, жаңа құрылып жатқан партия ғана. Саяси күш деп қалыптасқан имиджі бар, жасаған ісі көзге көрініп тұратын, сайлауға қатысып, жеңіске жеткен, заң жобаларын ұсынған, қоғамға пайдасын тигізген ұйымды айтамыз. Ал «Әділетте» мұның бірі де жоқ, бір топ адам жиналып партия құратынын жариялады, ұраны мен бағдарламасы ғана бар. Әлі ештеңе істеген жоқ, өйткені енді құрылып жатыр. Күші тең, тарихы бар саяси күштер ғана біріге алады. «Аманат» пен «Әділет» ондай тең деңгейдегі саяси күштер емес. Сондықтан «бірігу» деген сөзді бұл жерге пайдаланудың жөні жоқ, өйткені жоқ партия бар партиямен біріге алмайды. Билік бұл қадамға не үшін барып отырғанын жоғарыда айттық. «Аманаттың» жаман атынан құтылу әрі сол адамдарды пайдаланып, жұмысты бұрынғыдай жалғастыра беру.

Нұр отан
Фото: РИА Новости

«Отан» – «Нұр Отан» – «Аманат»

«Аманат» қандай «жаман аттан» қашып жүр? Бұл сұраққа жауап беру үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. Партия 1999 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы негізінде «Отан» деген атпен құрылған. Партия құрыла сала биліктің биік мінберіне қол жеткізді. 1999 жылғы Мәжіліс сайлауында жеңіске жетті. Уақыт өте партия билікте толық үстемдік орнатты. 2007 жылы тіпті Парламентке жалғыз осы партияның өкілдері өткен.

2006 жылы партия атауы «Нұр Отан» болып өзгерді. Отанға «нұр» сөзінің жалғануы партия басшысының жеке басына табынудан туындағаны белгілі. Осыдан барып елде «Нұр Отан! Нұрсұлтан!» деген ұран пайда болғанын білеміз. Партия атауы 2013 жылға дейін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы» болған, кейін атауындағы «халықтық-демократиялық» деген сөзді алып тастап, жай «Нұр Отан» болып өзгерді.

«Нұр Отан» шексіз күшейіп, елдегі билеуші партия деңгейіне жетті. Қаңтар оқиғасына дейін биікте жүрген шенді-шекпенділердің бәрі, мемлекеттік қызметкерлердің көбі осы партияға мүше болды. Парламентті де осы партия шеңгелдеп алды. Сөйтіп, партияның қоғамдық рөлі жойылып, халықтан алыстап, билік аппаратының бір бөлшегіне айналып, мемлекеттік институт деңгейіне жетті. Тіпті партия атауы мемлекеттік қызметпен синонимге айналып, лауазымды қызметке қол жеткізгісі келген адам «Нұр Отанды» жағалайтын.

Бұл жүйе КСРО кезіндегі коммунистік партияны еске түсіретін. Бәріміз білетіндей, Кеңес кезінде мемлекеттік қызметтен үміті барлар сөзсіз компартияға мүше болатын. Тіпті кез келген Кеңес азаматының саяси мақсаты коммунистік төсбелгі тағу болды десе де болады. «Нұр Отан» партиясы да осы бағытта жұмыс істеді. КСРО тарағанда бұрынғы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары есігіндегі жазуды өзгертіп, облыс әкімі болып шыға келгенін білеміз. Ал тәуелсіздік жылдары, керісінше, облыс әкімдері «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болды.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өмір ағысы басқа арнаға бұрылды. Сол жылы наурызда партия атауы «Аманат» болып өзгерді. Бірақ жаңа атауға абыроймен емес, бұрынғы атауының әбден қадірін қашырып барып, амалсыз ауысты. Қаңтар оқиғасы кезінде наразы жұрт бірнеше қалада «Нұр Отан» ғимаратын өртеп жіберді. 2022 жылы 26 сәуірде мемлекет басшысы партиядан шығып, партияның облыстық филиалдарын әкімдер басқармайтын болды. Одан бері де 4 жыл уақыт өтті. «Аманат» әлі билік партиясы статусынан айырыла қойған жоқ. Парламентте де осы ұйымның өкілдері көп.

Міне, 30 жылға жуық осылай дүркіреген, билікті ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған партия үлкен жолайрықта тұр. Тіпті жас партияға қосылып, партия тарихына нүкте қойылуы да, «Әділетпен» бірге консолидация ретінде әрекет етуі де ықтимал. Мұның нақты жауабы 12 маусым күні өтетін «Аманаттың» XXVI съезінде белгілі болады.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз