Оқиғалар

Бейжіңде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мәдени кеш өтті

Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қазақтың ұлы ақыны, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты әдеби-мәдени кеш өтті.

1

Мәдени шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, ақынның немересі әрі Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова, қытайлық жазушы және аудармашы Акбар Мәжит, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің дипломаттары, сондай-ақ Қытайдың шығармашылық, ғылыми және іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Кеш барысында Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Экспозициядан ақынның кітаптары мен фотосуреттері, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары, этнографиялық жәдігерлер орын алды. Әрі жүз жасаған жыраудың өзі тұтынған заттары көрермен назарына ұсынылды.

Көрмеге Алматы облысынан ақынның шығармашылық мұрасын таныстыратын жүзден астам экспонат әкелінген. Жәдігерлер арқылы көрермендер Жамбылдың өмір жолы мен әдеби мұрасы, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті туралы кеңірек мағлұмат алды.

Мәдени бағдарламаның жалғасы ретінде «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты концерттік кеш ұйымдастырылды. Сахнада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі ән-күйін орындады.

1

Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әнуар Мұхтарханұлының айтуынша, мұндай мәдени іс-шаралар екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтып, қазақ өнері мен әдебиетін Қытай жұртшылығына кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

«Бүгін Бейжіңге арнайы жоспарланған мәдени шараға келіп отырмыз. Ақынның жүзден астам экспонатын алып келдік. Сонымен қатар Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары да арнайы келіп, Жамбылдың ән-күйлерін орындады. Өнердің шекарасы жоқ. Мәдениет те ел мен жер таңдамайды. Керісінше, ол халықтарды жақындастырып, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді», – деді Әнуар Үмбетәлиев.

Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін Қытай жұртшылығына таныстыратын маңызды мәдени алаңдардың біріне айналып отыр. Орталықта ашылғаннан бері түрлі бағыттағы елуге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылған.

Қазақстан мәдени орталығы директорының орынбасары Талант Оңғаровтың айтуынша, орталықтағы шараларға Бейжіңде тұратын қазақтармен қатар, өзге этнос өкілдері де қызығушылық танытады.

«Қытай халқы жаңа дүниені көруге, білуге өте қызығушылық танытады. Мәдени шараларға келушілердің қатары күннен-күнге артып келеді. Бүгін Алматы облысының Сүйінбай атындағы филармониясының өнерпаздары Бейжің көрерменіне қазақ өнерін таныстырып жатыр. Айта кетерлігі, Алматы облысы – біздің орталыққа арнайы келген алғашқы өңір. Сондықтан Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын ғана емес, жалпы қазақ мәдениетін насихаттауға келген өнерпаздарға алғысымызды білдіреміз», – деді Талант Оңғаров.

Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мәдени кеш ақынның шығармашылық мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған шаралардың бірі болды. Кеш барысында әдебиет, музыка, бейнелеу өнері және ұлттық мәдениет бір арнада тоғысып, Бейжің көрерменіне қазақтың рухани мұрасы кеңінен таныстырылды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз