Биыл гранттардың ең көп бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға берілген
2024-2025 оқу жылына бакалавриатқа 78 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл туралы Жоғары білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Гранттардың ең көп бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға берілген.
Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» БББТ бойынша болды. Бұл мамандық бойынша бір орынға 35 талапкер таласты. Әрі қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (11 адам), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (10 адам), «Аударма ісі» және «Психология» (9 адам) болды, делінген хабарламада.
Сондай-ақ зардап шеккен 6 өңірдің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, СҚО) мектеп түлектері үшін 20% мөлшерінде квота көзделген.
Айта кетейік, су басқан өңірлерден 20 мыңнан астам түлек гранттар конкурсына қатысуға өтініш берген.
ТЖ өңірлерінің түлектері алдымен жалпы конкурсқа қатысты және 10 мыңнан астам адам барлық талапкерлермен бірдей жалпы конкурс бойынша өтті. ТЖ квотасы аясында 5 мыңнан астам адам грант алды.
1130 адам қаңтар немесе наурыз айындағы ҰБТ сертификаттарын пайдаланған.