Қоғам

«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: Жаңа қорғаныс министрі әскерге қатысты өзгерістерді атады

Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов министрліктің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді.

Айдос Мырзахметов

Жиында Мемлекет басшысының Қарулы күштерді кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды.

Министр армияны дамыту кезінде заманауи қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстар тәжірибесі, әскери технологиялардың дамуы және әскери қызметшілердің қауіпсіздігі ескерілетінін айтты.

Жауынгерлік әзірлік артады. Әскерлердің нақты жауынгерлік дайындығын күшейтіп, оқу-жаттығу сапасын арттыруға, қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға басымдық беріледі.

Жарғылық емес қарым-қатынасқа жол берілмейді. Әскери ортадағы әлімжеттіктің алдын алуға ерекше назар аударылады. Министрдің айтуынша, әр сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек.

Әскери дайындық жүйесі өзгереді. Оқу бағдарламалары заманауи соғыс жағдайына бейімделіп, практикалық тәжірибеге және қазіргі қақтығыстарды талдауға негізделеді. Ұшқышсыз жүйелер, радиоэлектрондық күрес, барлау және байланыс құралдарын қолдануға да басымдық беріледі.

Әскерді басқару цифрландырылады. Басқару процестерін одан әрі цифрландыру және қажетсіз әкімшілік рәсімдерді қысқарту жоспарланып отыр.

Материалдық-техникалық база жетілдіріледі. Армияны қажетті техника, қару-жарақ және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту жұмыстары жалғасады.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан болатын. 

Бұған дейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалған еді. Мемлекет басшысы жаңа министрге әскери басқару жүйесін жетілдіруді тапсырған.

 

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз