Астанада екі компаниядан 109 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған бухгалтер сотталды
Астанада екі компанияның есепшісі болып жұмыс істеген әйел 109 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденгені үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда сотталған азаматшаның кәмелетке толмаған екі баласы болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға кейінге шегерілді.
Сот материалдарына сәйкес, әйел 2019–2023 жылдары әуелі бухгалтер, кейін екі компанияның бас бухгалтері қызметін атқарған. Қызметтік міндетіне байланысты банктік шоттарға қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланып, ұйымдардың ақшасын жүйелі түрде өз есепшотына және өзі бақылайтын жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударып отырған. Мұндай аударымдарға заңды негіз болмаған.
Нәтижесінде компанияларға келген шығын 109 миллион теңгеден асқан. Тергеу мәліметінше, жымқырылған қаражат әлі күнге дейін қайтарылмаған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Алайда сот оны кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар әйелге мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты қызметтерді атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Сотталған әйелдің 2013 және 2014 жылы туған екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.