Бишімбаевтар әулеті экс-келінін сотқа берді
Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова бұрынғы келіні Назым Қаһарманды сотқа беріп, одан 25 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп отыр.
Назым Қаһарманның айтуынша, дау 2011 жылдан бері өзі басқарған фитнес-клубқа байланысты туындаған. Оның сөзінше, сол кезде бұрынғы енесімен сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған. Енді талапкер аталған келісімге сүйеніп, фитнес-клуб қызметінен түскен табысты өндіріп алуды көздеп отыр.
Назым Қаһарман бұл өзіне қарсы соңғы екі жыл ішінде берілген төртінші талап-арыз екенін айтты.
«Соңғы екі жылда маған қарсы төрт талап-арыз түсті. Мен мұны балаларымның әкесі жағындағы туыстарымен араласуына қатысты жасалып отырған қысым деп қабылдаймын», - деді ол.
Сонымен қатар ол азаматтарды сенімгерлік басқару туралы келісімдерге қол қою кезінде барынша мұқият болуға шақырды. Оның пікірінше, туындаған даудың түпкі себебі бұрынғы енесінің өзіне деген жеке реніші.
Әзірге Альмира Нұрлыбекова немесе оның өкілдері бұл іске қатысты көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.