Кейіпкер

Бижомарт Қапалбек: Мемлекеттік тілсіз өмір сүру мүмкін болмаған жағдайда ғана ісіміз алға басады

Қазақ тілі мектепте міндетті пән болғанымен, оны оқыту нәтижесі көңіл көншіте ме?

Бижомарт Қапалбек

 Мектеп түлегі мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ойын сауатты жеткізіп, жазба тілде тілдік нормаларды жетік біле ме? Әлде, пән мазмұнында құзыреттер мен құндылықтарды қалыптастыруға басымдық беріліп, тілдік білім мен дағдыны терең меңгерту мәселесі назардан тыс қалып жүр ме?

 Қазақ тілін оқытудың бүгінгі жай-күйі мен білім беру мазмұнындағы олқылықтар жөнінде Мемлекеттік тіл институтының директоры Бижомарт ҚАПАЛБЕКПЕН сұхбаттасқан едік.

Қате бағдарламаның авторын таппай дал болдық

– Бижомарт Сейсенбекұлы, 2016 жылдан бері "қолданыстағы жаңартылған бағдарлама қазақ тілі пәнінің негізгі мақсатын көмескілетті" деп айтып келесіз. Сонда бағдарламаны әзірлегенде тілші ғалымдардың пікірі ескерілмеді ме? Қате деп таныған жүйенің жылдар бойы қолданылып келуіне кім жауапты?

– 2016 жылы бағдарлама қабылданғанда оның әзірленіп жатқаны жайлы ашық айтылмады. Бағдарлама бекітіліп кетіп, оқулық жазуға кіріскенде бір-ақ көрдік. Мысалы, өзім "Мектеп" баспасына келісім беріп қойған соң, сол қате бағдарламамен оқулық жазуға кірістім. Сол кезден бері баспасөзде бағдарламаның қате екенін бірнеше рет көтердім. Басқа әріптестер де жазды. Алдымен бағдарламаның авторын таппай дал болдық. Оны да құпия ұстады. Қолданыстағы жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұнына қатысты негізгі сын – қазақ тілін оқытудың түпкі мақсаты мен пәндік білім мазмұнының нақты әрі жүйелі айқындалмауы жайында. Бағдарламада функционалдық сауаттылық, коммуникативтік және метапәндік құзыреттер, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар секілді міндеттер кең қамтылғанымен, оқушының дұрыс сөйлеуіне, сауатты жазуына, грамматикалық заңдылықтарды меңгеруіне және әртүрлі стиль мен жанрда мәтін құрастыруына негіз болатын білім жүйесі жеткілікті дәрежеде нақтыланбаған. Бағдарлама жасауға қатысы барларға осыны әлі күнге ұқтыра алмай келеміз. Бұл Сағадиевтің тұсында басталып, Аймағамбетовтің кезінде өндіріске енді. Қатесін жөндеп, жетілдіру де сол кезден бері жүргізіліп келеді. Ғ.Бейсембаев та жөндемек болған. Енді, міне, жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова да жетілдіруге кірісіп жатыр.

Бағдарлама түзу – ғылым. Сырттан әкеп, қолдана беретін дайын техника емес. Әсіресе Қазақстан тарихы, тіл және әдебиет пәндерінің мазмұны біздің реалиге сай келуі керек. Сондықтан оны жетілдіру жұмысына тілші ғалымдар, әдіскерлер және мектеп мұғалімдері бірлесе қатысып, пәннің ғылыми негізделген мақсаты мен мазмұнын қайта қарастыруы қажет. Ал бағдарламаның осындай кемшіліктермен жылдар бойы қолданылуына қатысты жауапкершілік – оқу бағдарламасын әзірлеуге, сараптауға, бекітуге және оның нәтижелерін бағалауға қатысқан тиісті институттар мен уәкілетті органдарға, бір сөзбен айтқанда, бәрімізге тиесілі.

– Оқушылар мектепте қазақ тілін мың сағаттан астам оқығанымен, кейбір түлектер өз ойын мемлекеттік тілде еркін жеткізіп, сауатты жаза алмайды. Сіздіңше, бұл бағдарламаның нәтижесіздігінің дәлелі ме? Мектеп бітірушінің қазақ тілін меңгеру деңгейіне қойылатын нақты талап неге жоқ?

– Қазақ тілін ұзақ жылдар бойы оқытып, күткен нәтижеге жете алмауымыздың басты себебі – қолданыстағы оқу бағдарламасында пәннің мақсаты, білім мазмұны айқын емес. Мақсат пен міндет айқын болмаған соң, одан күтетін нәтиже де мардымсыз.

Мектеп бітірушінің қазақ тілін меңгеру нәтижесі, ең алдымен оның өздігінен ауызша және жазбаша мәтін тудыра алу қабілетімен өлшенуі тиіс. Қазақ тілі пәні бойынша қай сыныпта қай деңгейді білу керек деген талап жоқ. Оқушы коммуникативтік мақсатқа, адресатқа және жағдаятқа сәйкес әртүрлі стиль мен жанрдағы мәтіндерді түсініп, талдап, өз ойын жүйелі жеткізе алуы, тілдің бес нормасын сақтай отырып, сауатты сөйлеп, жаза білуі қажет.

Мұғалім санатының көтерілуі де алдындағы баланың сауатты жазып, шешен сөйлей алуына байланысты болуы керек. Ол үшін жылдың басында оқушының тиісті стиль мен жанрлар бойынша сөйлеуі мен жазуы қай деңгейде, жыл соңында қарай жақсы нәтиже бар ма, міндетті түрде бағаланып отыруы керек. Бұл бір айтарлықтай күрделі іс-шара емес. Есесіне, оқушының да, оны оқытқан мұғалімнің де деңгейі анықталады.

– Тағы сол жаңартылған бағдарламада лингвистикалық білім үзік-үзік беріліп, грамматикалық тақырыптардың бірізділігі сақталмаған екен. Оқушы фонетикадан синтаксиске дейінгі білімді жүйелі меңгермесе, сауатты сөйлеу мен жазуды қалай үйренеді? Қолданыстағы бағдарламаның орнына қандай нақты жүйе ұсынасыз?

–Иә, қазіргі бағдарламада грамматика жүйесіз, бейберекет шашылып берілген. Бұл – шешімі өте күрделі, әлі де зерттей түсетін аса өзекті мәселе. Лингвистикада грамматика дәстүрлі, деңгейлік және функционалдық грамматика болып бөлінеді. Бұның екеуі де лингвистика мамандықтарына академиялық білім беру үшін оқытылады. Ал бізге керегі – қолданбалы грамматика. Яғни мектепте мәтінді тануға және оны тудыруға, әсіресе мәтін тудыру кезінде ондағы нормалардың бұзылуының алдын алатын грамматика керек.

Бұрын әр сыныпта фонетика, лексика, морфология, синтаксисті кезең-кезеңімен оқытатынбыз. Тіл жүйесін бұлай деңгейлеп оқыту филология факультеттеріне, болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мамандарына арналған. Ал коммуникативтік дағды, яғни оқушыны сөйлеу мен жазуға үйрету кезінде бес норманы үйретуіміз керек. Олар – орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық, лексика-грамматикалық, стильдік нормалар. Коммуникация кезінде сөз әдеби тіл нормасын сақтап, міндетті түрде грамматиканы білуді қажет етеді. Пәннің мақсаты – оқушыны дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйрету болса, оның кілті – грамматика. Грамматиканың бұл түрі оқушы санасында түрлі нормаларды білу арқылы көп қолданылу, көп дағдылану арқылы қалыптасады. Мұнда грамматиканы тек басқаша жүйелеп беру керек. Тілші ғалымдардың алдағы уақытта бас қатыратын мәселесі – осы.

– Сіз "ғарышты игеру", "энергия ресурстары", "экотуризм" секілді тақырыптардың қазақ тілі сабағында шамадан тыс қолданылуын айттыңыз. Бұлар арқылы оқушы тілдік дағдысын дамыта алады деген уәжге не дейсіз?

–  Әрине, "ғарышты игеру", "энергия ресурстары", "экотуризм", "көші-қон" сияқты тақырыптарды қазақ тілі сабағында қолдану арқылы оқушының тілдік дағдыларын дамытуға болады, бірақ бұл тақырыптар қазақ тілі пәнінің негізгі мазмұнына жатпайды. Қолданыстағы бағдарламадағы мәселе – лексикалық тақырыптардың қандай ғылыми-әдістемелік негізде таңдалғаны және олардың пәннің түпкі мақсатына қалай қызмет ететіні нақты түсіндірілмеген. Мұндай тақырыптарды PISA халықаралық бағалауында кездесуі мүмкін деген болжаммен іріктеу де жеткілікті ғылыми негіз бола алмайды, өйткені мәтіндердің тақырыбы шексіз, ал тілдік бірліктер мен грамматикалық заңдылықтар жүйелі түрде шиыршықтала оқытылуы керек. Сондықтан қазақ тілі пәнінің мазмұны жекелеген тақырыптар жиынтығына емес, оқушының тілдік білімін қалыптастыратын грамматикалық заңдылықтарға, тілдік нормаларға және түрлі жанрларға ауызша-жазбаша мәтін құрастыру дағдыларына негізделуі қажет. Мәтін тақырыптары осы мақсаттарға жетудің құралы ретінде қарастырылып, оқушының жас ерекшелігіне, тілдік деңгейіне және коммуникативтік қажеттілігіне сай таңдалуы керек. Мысалы, экология тақырыбындағы мәтін арқылы сөйлем құрылымын, сөздердің байланысу тәсілдерін немесе тыныс белгілерінің қойылуын меңгертуге болады. Яғни мұнда басты назар экология туралы білім беруге емес, тілдік заңдылықтарды түсіндіруге және оларды дұрыс қолдануға аударылуы тиіс. Қазақ тілі сабағында мәтін – тілдік білімді меңгертудің құралы, ал пәннің негізгі өзегі – қазақ тілінің жүйесін таныту, грамматикалық заңдылықтарды үйрету және сол арқылы оқушыны шешен сөйлеу мен сауатты жазуға дағдыландыру.

Қазақ тілі мектептегі пәндердің ішінде елеусіз қалды

– Қазақ тілін ана тілі және екінші тіл ретінде оқытудың мақсаты мен мазмұны түбегейлі бөлінбеуі керек деп есептесеңіз де, қазақ тілін күнделікті қолданып өскен оқушы мен оны алғаш мектепте үйренген баланың бастапқы деңгейі бірдей емес. Бір бағдарлама екі топтың қажеттілігін қалай өтейді? Оқу нәтижесіне қойылатын талап қандай болуы керек?

–Иә, әдіскерлер арасында қазақ тілін ана тілі ретінде оқыту, шет тілі ретінде оқыту, екінші тіл ретінде оқыту деп шектейтіндер бар. Бұлай болу шартты. Тілді оқыту жоғарыда айтып өткенімдей, екі түрлі бөлінеді. Бірінші, теориялық білім беру, екінші – коммуникативтік дағды қалыптастыру. Осы тұрғыдан келгенде қазақ мектебіндегі қазақ тілі (Т1) мен орыс мектебіндегі қазақ тілі (Т2) мақсаты бірдей. Екеуіне бөлінген сағат та шамалас. Тек, түпкі нәтиже екі түрлі. Орыс мектебі қазақ тілін орта деңгейде (В1, В2) біліп шықса, қазақ мектебіндегі оқушы тілді кемінде С1 деңгейінде аяқтап шығуы керек. Бірақ өкінішке қарай, оны талап етпейміз. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрететін қазақ тілі пәні мектептегі пәндердің ішінде елеусіз күйде қалып отыр. Ал қазақ тілі – функционалдық сауаттылық жағынан ең керек пән. Ұлт ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы оны "жалпыға бірдей тегіс керек білім беретін пән" дейді. Орта мектептегі қазақ тілі – баланың келешегіне азық болатын нағыз функционалды білім беретін пән. Ол дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйретеді. Ал жазу мен сөйлеу бәрімізге тән. Бұл өмірде жазбайтын, сөйлемейтін адам жоқ. Тілші, әдебиетші, журналист қана жазбайды, бәріміз жазамыз, бәріміз сөйлейміз. Мектептегі оқушыны дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрететін, яғни функционалды білім беретін пән болғандықтан, қазақ тілі мектептегі пәндердің ішіндегі негізгісі, төресі. Қазақ тілі пәнін оқыту бағдарламасына қатысты сынды министрлікке айтып жүріп, тоқтаттық. Енді оны "Қайта жасаңдар!" деп жатыр.

– Ал енді Әдебиет бағдарламасынан классиктерді шеттетуге кім жауапты? Мектеп бағдарламасында Жұмекен Нәжімеденов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Бейімбет Майлин секілді қаламгерлердің мұрасы жеткілікті қамтылмағаны жайында айтылып жүр. Ұлттық әдебиеттің негізгі өкілдерін іріктеудегі олқылықтар оқулық авторларының қателігі ме, әлде бағдарламаны бекіту жүйесінің кемшілігі ме?

–Оқушы оқитын шығарма таңдауды әдебиетші мамандарға, сыншыларға жүктеу керек. Олар сол саланың мамандары. "Не сойса да, қасапшы сойсын". Мектеп бағдарламасында Жұмекен Нәжімеденов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Бейімбет Майлин секілді қаламгерлердің мұрасы жеткілікті қамтылмағаны былай тұрсын, бір авторды бір сыныпқа ғана алу деген шектеу бар. Мысалы, қазіргі бағдарламада Мұқағалидың "Аққулар ұйықтағанда" поэмасы тек 8-сыныпта ғана берілген. Оған дейін еш шығармасы берілмеген. Сонда 5-сынып оқушысы оның табиғатқа арналған нәзік лирикасымен таныспауы керек пе? Ал жоғары сыныптарда ақынның терең философиялық ойға толы өлеңдерін оқымай ма? Әдебиет бағдарламасы авторды бір сыныппен ғана шектемеуі керек. Әр сыныпта сол қаламгердің жас ерекшелікке сай басқа шығармасын беріп отыру қажет. 5-сыныпта – бала жүрегіне жақын, қарапайым әрі әсерлі өлеңдері, 8-сыныпта – терең ойға жетелейтін поэмалары, 10-11-сыныпта – күрделі философиялық шығармалары. Сонда оқушы бір авторды үзбей қадағалап, жасына қарай жаңаша қырынан тани береді. Бұл тәсіл әдебиеттің тәрбиелік қуатын да арттырады, оқушыға тұлғаның толық болмысын ашуға мүмкіндік береді.

Мәселен, қолданыстағы бағдарламада Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы өте шектеулі көлемде берілген. 5-сыныпта Ахмет Байтұрсынұлының "Адамдық диқаншысы" мен "Егіннің бастары", 7-сыныпта Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасы, 8-сыныпта Міржақып Дулатұлының "Бақытсыз Жамал" романы ғана қамтылған. Алаш мұрасы – қазақтың ұлттық санасын қалыптастырған рухани құндылықтардың өзегі. Сондықтан әдебиет бағдарламасын қайта қарау кезінде алаштанушы ғалымдар мен әдебиеттанушылардың пікіріне сүйеніп, бұл олқылықтың орнын толтыру қажет.

Маған салса, әдебиетті оқыту үшін шығармаларды басты идеялар төңірегінде топтастырар едім. Балаға түсінікті әрі өміріне тікелей қатысы бар идеялар: достық, сүйіспеншілік, махаббат, адамгершілік, ар-намыс, соғыс пен бейбіт өмір, әділет, еңбек және тағысын тағы. Міне, мектепте оқытылатын шығармалар осы өзекті идеялардың айналасында топтастырылса, оқушы ұғымдармен жай танысып қана қоймай, оны сезініп, салыстырып, күнделікті мінезіне көшірер еді.

Тағылымды нәтиже үшін мәтіндерді тек дәуірімен емес, міндетті түрде жанры мен қызметіне қарай қиюластыру керек. Бір өзекке лирика, эпос, драма, публицистика қатар кірсін. Баланың санасында "достық" немесе "ар-намыс" тек өлеңмен ғана емес, әңгіме, роман, айтыс, шешендік сөз арқылы да тірі бейнеге айналады. Бағдарламаның талабы бойынша әлем әдебиетін де там-тұмдап осы өзектерге байлап, қосқан жөн. Әділет туралы Толстойдың ойы, соғыс этикасы жөніндегі Ремарк немесе Бек, адамгершілік дилеммасы бар Хемингуэйдің новеллалары – бәрі оқушыға бір ұғымның көп дауысты, көп мәдениетті кеңдігін сездіреді, жалпы адамзаттың құндылықтарын түйсіндіреді.

– 9-сыныптың бір тоқсанында 24 сабақ бойы екі ғана туындыны оқыту мысалын келтірген едіңіз. Осындай шектеулі таңдау арқылы оқушы қазақ әдебиетінің кеңдігін, жанрлық және көркемдік ерекшеліктерін тани ала ма? Сыныптар бойынша қанша шығарма оқытылуы керегін кім анықтауы тиіс?

– Бір тоқсандағы 24 сабақта оқушыға бар-жоғы бір-екі ғана шығарманы оқыту және талдату – баланың ой-өрісін шектеп, әдебиеттен жалықтыруға апаратын жол. Мәселен, 9-сыныпта төртінші тоқсанда бүкіл 24 сабақ бойы Н.Айтұлының "Бәйтерек" поэмасы мен Кнут Гамсунның "Аштық" романы ғана оқытылады. Сонда қазақ баласы бір тоқсан бойы екі-ақ туындыдан не үйренеді? Бұл қазақ мектебінде қазақ баласын рухани аштыққа душар ету. Әдебиет – көп үнді, сан қырлы, әр дәуірдің өзіндік бояуы бар рухани қазына. Ал бағдарлама соның барлығын екі туындыға сыйдырып бергісі келеді. Әсіресе ХХ ғасырдың басын, сол кезеңнің шындығын айна-қатесіз бейнелеген Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің әңгімелері неге толық енгізілмеген? Оқушы бір дәуірді бір-екі шығармадан ғана таныса, ол тұтас әдеби құбылысты қалай түсінеді? Бұл шын мәнінде, көркем сөзді тұмшалау, ұлт әдебиетінің алыптарын тасада қалдыру.

Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған А.Байтұрсынұлының еңбектері бағдарламаға кірмеген, "Әдебиет танытқышта" берілген іргелі ұғымдар мен ғылыми принциптер ескерілмеген. Әдебиет пәніне Байтұрсынұлы тізген әдебиет теориясы там-тұмдап кірмесе, онда оқушыда пән туралы түсінік қалыптаспайды ғой.

Қазақ әдебиеті пәніне 5-11-сыныптар аралығында алты жүзден аса сағат бөлінеді. Бірінші сыныптағы Ана тілі пәнінен бастап, Әдебиеттік оқуға ұласатын бастауыш мектепті қоса есептесек, мың сағаттан асады екен. Бұл – аз емес. Егер 5-сыныптан бастап, әр шығарманы талдауға орта есеппен үш сағаттан бөлінді деп есептесек, ең кемі 200-ден аса туындыны оқуға мүмкіндік бар. Бірақ қолдағы бағдарламаның түрі болса, мынадай! Бір оқу жылына берілетін 108 сабақтың ішінде бар-жоғы 12-14-ақ шығарма қарастырылған. Мәселен, 5-сыныпта жыл бойына небәрі 14 шығарма, 8-сыныпта – 16, ал 11-сыныпта бар болғаны 8 туынды ғана оқытылады. Оқушының әдебиетке бөлінген алтын уақытын осылайша қысқарту – ұлттық рухани қазынаны өз қолымызбен тарылту деген сөз. Қарап отырсақ, сағат бар, уақыт жеткілікті, бірақ мазмұн жоқ. Сонда қазақ баласы әдебиеттен не үйренеді? Жүздеген ақын-жазушы, мыңдаған көркем туынды тұрғанда, оқушыға санаулы ғана шығарманы ұсына салу – әдебиеттің құдіретін қолдан кішірейту емес пе?!

– Демек, пәннің мазмұнын, яғни "нені оқытуды" кәсіби тілші және әдебиетші ғалымдар шешуі керек, ал әдіскерлер "қалай оқытуға" жауап бергені жөн. Бірақ теориялық тұрғыдан дұрыс жасалған бағдарлама сыныптағы нақты жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін. Ғалымдар, мұғалімдер мен әдіскерлердің жауапкершілігін қалай бөлген дұрыс? Олардың ұсыныстары бір-біріне қайшы келсе, соңғы шешімді кім қабылдауы керек?

– Ең алдымен "Нені оқыту керек?" деген сұраққа жауап берілуі тиіс. Өйткені "қалай оқыту" мәселесі содан кейін ғана туындайды. Қазіргі кезде әдістеме туралы көп айтылады, алайда пән мазмұны туралы ғылыми талқылау жеткіліксіз. "Нені оқытуды" неге кәсіби әдебиетші ғалымдар емес, Кембридждің "жаңашыл әдістемесін" ұстанған тренер-әдіскерлер немесе Білім академиясында отырған бірді-екілі маман шешуі тиіс? Олар "Өрлеу" деген теңдесі жоқ мекемесі арқылы "қалай оқытуды" үйретсе жарасады. Ал мазмұнды өзгерту, әдебиеттанудың методологиясын бейберекет бұзу – олардың құзырындағы шаруа емес.

"Бізде тіл саясаты қатты босаң"

– Былтыр тамызда қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламалары мен оқулықтарындағы олқылықтарды талқылаған форум өтіп, қарар қабылданды. Содан бері қандай нақты өзгеріс болды? Қай ұсыныстарыңыз қабылданды, қайсысы орындалмай қалды?  

– Халықаралық "Қазақ тілі" академиясы аясында біз мұндай форумдарды үнемі өткізіп тұрамыз. Қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламасы 2016 жылдан бері түбегейлі өзгерген жоқ. Сондықтан біз азаматтық қоғам ретінде өз ой-пікірімізді айтуға міндеттіміз. Оқу-ағарту министрлігіне қазақ тілі мен әдебиетінің бағдарламасы жөнделмейінше тыныштық жоқ. Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы орта мектептің жиырма шақты пәнінің мазмұнына жауап бере алатын маман ұстауы мүмкін емес. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиетіне төрелік айтатын бір-екі-ақ маман бар. Олардың осы айтылған мәселелерді шешуге әлеуеті де, физикалық жағдайы да жете қоймайды, сондықтан сырттан маман тартады.

Кеңес кезінде үш пәнді, атап айтқанда, қазақ тілі, әдебиеті, Қазақстан тарихын өзіміздің мамандар жазатын. Қалғаны Мәскеуден жазылып келіп, барлық республикаларға таратылып, аударылатын. Он жыл бойы ұлттық пәндер бойынша дұрыс бағдарлама әзірлей алмай жатқанымыз ұят-ақ. Қолданыстағы қате бағдарламаны белгілі бір топқа "соқыр көргенінен жазбайды" деп жаздыра беруге тағы болмайды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қатысты құжатты әзірлей алатын, осы мәселеге тікелей қатысы бар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті сияқты мекемелер бар ғой.

Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және еліміздегі ЖОО-лардағы жетекші кафедралардан мамандарды іріктеп шақыруға болады. Олар өздері жауапты болғаннан кейін, кез келген сынға жауап берер еді. Бүгінгі жағдайымыз өз жасағандарын көпшілік алдында ақтап ала алмайтын ғалымдардың кесірі.

– Қазақ тілін мектепте ұзақ жыл оқытсақ та, оны еркін меңгеру мәселесі әлі де өзекті. Мұның негізгі себебін бағдарламадағы мақсат пен білім мазмұнының анық болмауынан көресіз бе? Білім министрлігі, оқулық авторлары, мұғалім даярлайтын жоғары оқу орындары және мемлекеттік тіл саясатын жүргізетін мекемелер арасында жауапкершілік қалай бөлінуі керек?

– Қазақ тілін балабақшада үйретеді, орта мектепте, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында оқытуға сағат бөлінген, тіпті шенеуніктерді оқытуға да ақша көзделген. Бірақ қазақ тілін оқытудың сатылары мен деңгейлері арасында байланыс, мазмұндық жалғастық, біртұтас жүйе жоқ. Ең бастысы, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білудің заңды талабы жоқ. Сондықтан зорлап үйретіп жатқан қазақ тілінің оларға түк қажеті жоқ. Бізде қазақ тілінсіз-ақ өмір сүруге мүмкіндік жасалған. Қазақ тілін білу, оған шын көңіл бөлу Қазақстан аумағында мемлекеттік тілсіз өмір сүру, тіршілік ету мүмкін болмаған жағдайда ғана ісіміз алға басады. Кез келген ТМД мемлекетінде солай, бірақ жалпақшешейлік бізде ғана. Артқа шегініп, 10-20 жылдық бағдарламаларды қайта-қайта қабылдай беру осыны білдірмей ме?

Мемлекеттік тіл кез келген салада қызмет етуі тиіс. Оны талап ететін, оған мүмкіндік жасайтын – тіл саясаты. Мемлекеттік қауіпсіздік пен мемлекеттік шекара бұзылса қорғаймыз, оған жол бермейміз. Ал мемлекеттік тілді кім қорғайды?!

– Президент Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының X құрылтайында мемлекеттік тілге қатысты сөз сөйлеп, қазақ тілін дамыту өзге тілдерді шеттету немесе кемсіту емес екенін қатаң ескертті. Ол тілдерді бір-біріне қарсы қою үлкен қателік әрі күнә екенін, ал тілді пайдаланып әлеуметтік желіде арандатушылық жасайтындарды жауапкершілікке тарту керектігін айтты.  Бұған пікіріңіз қандай? Қазақ тілінің мәртебесін қорғау мен тіл мәселесін саяси арандату құралына айналдырудың аражігін қалай ажыратамыз?    

– Тіл өмір сүруі, дамуы, өркендеуі үшін оған жайлы тілдік орта керек. Қазақ тілінің өмір сүру ортасы – Қазақстан республикасының заңды аумағы. Біздің айналадағы мемлекеттерде қаншама қазақ өмір сүріп жатыр. Мәселен, Моңғолия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, арғы жағы Иран, Ауғанстан мен Пәкістанда да бір қауым қазақ бар. Осы елдің бірде-бірінде қазақ тілі дамып, өмір сүре алмайды. Керісінше, қолданыс аясы тарылып, жойылып барады. Қазір Өзбекстанда ғана қазақ мектебі бар, қалғанында жабылып қалған. Яғни бұл елдердің басқа тілде шаруасы жоқ, ең бастысы, мемлекеттік тілін жоғары қояды. Сол сияқты біз де мемлекеттік қауіпсіздігіміз бен шекарамызды қорғағандай, мемлекеттік тілімізді де өз еліміздің шегінде қорғауға міндеттіміз. Өйткені қазақ тілінің басқа жерде өмір сүріп, дамитын мүмкіндігі жоқ. Қазақ өзі әу бастан бейбітсүйгіш халық. Олардың бір-ақ талабы бар. "Өз елінде тұрып, қоғамдық орында қазақ тілінде қызмет алғысы келеді. Бізде тіл саясаты қатты босаң. 40 жылдың ішінде Қазақстанда да басқа елдердегідей мемлекеттік тіл туралы мәселе жойылып кетуі керек еді. Мәселен, Алматының көшелерінде қазақша сөздер әлі күнге дейін қате. Оған етіміз өліп кеткен. Егер орыс тілі мен ағылшын тілінде қате жазылса, қазақтың өздері шулап, бас көтерер еді. Тіл саясаты бойынша, мемлекет өзінің мемлекеттік тілін дамытуға күш салады және оның дамуына кедергі келтіретін экспансия тілдерді тежейді. Өзбекстан, Әзербайжан, Грузияда солай. Жастарының көбі орысша сөйлемейді, есесіне, ағылшынға судай. Ешқандай күш жұмсалмай, тіл өздігінен дамиды деу бекер. Оны қорғау керек. Тіл саясаты да сол үшін керек. Осы күйі кете берсек, осылай тағы жүз жыл жүреміз.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз