Оқиғалар

БҚО-да сәлемдемеге жасырылған 33,5 келі марихуана тәркіленді

Батыс Қазақстан облысының полицейлері еліміздің батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.

Есірткі

БҚО Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Маңғыстау облысындағы әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 41 жастағы ер адамды ұстады.

Тергеу мәліметінше, күдікті Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған. Заңсыз жүкті тасымалдау үшін жүк жеткізу қызметтері пайдаланылып, есірткі қарапайым сәлемдеменің ішіне жасырылған.

Күдікті Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан сәтте қылмыс үстінде қолға түсті.

Сәлемдемені тексеру кезінде полицейлер өсімдік тектес зат салынған екі қапты анықтады. Сараптама қорытындысы олардың кептірілген марихуана екенін растады. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 33,5 келіден асқан.Тергеу нұсқасы бойынша, бұл есірткі партиясы еліміздің батыс өңірлерінде таратылуға арналған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз