Аймақ

Бөкейханов туған топырақ. Автобусы жоқ, жолы жоқ...

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, ауылдағы ағайын бүгінде жол туралы мәселені айтудан қажыған, себебі қанша айтса да жөнделіп, түзеліп жатқан жол жоқ. Үкіметке иек артпай-ақ өз күнін өзі көріп отырған ауылдағы жұрт үшін аудан мен қалаға қатынайтын жолдың тақтайдай түзу болғанына не жетсін?!

жол

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылы бүгінде жолдың машақатын әбден көріп отыр. Ақжарық (Қызыларай) ауылынан Шабанбай би ауылына дейінгі жол жөнделген. Енді Шабанбай би ауылынан аудан орталығы Ақтоғайға дейінгі жолға асфальт төселмекші болып, бұл жұмыс басталып та кеткен. Нақтырақ айтсақ, «Ақтоғай-Шылым-Ақжарық» автокөлік жолын жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталып, Қызыларайдан Шабанбай би ауылы арасындағы 22 шақырымдық жолға асфальт төселген. Жоспар бойынша биылғы жылдан бастап жыл сайын он бес шақырымға асфальт төсеп, үш жылда Шабанбай би ауылы мен Ақтоғай ауданы арасы тегіс жолға айналуы тиіс еді. Былтырғы жылы «СК «Евродор С» ЖШС компаниясы мен келісімшарт жасалып, 15 шақырым жол тегістеліп, суағарлары салынып, асфальт төсеуге дайындап қойған. Негізінен, бұл жолдың жөнделуін аудандық бюджет көтере алмайтын болғандықтан, қаражат облыстан бөлінуі тиіс еді. Алайда көктем шыққалы бұл жолды жөндеп жүргендер мүлдем көзге түспеген. Енді ауыл жұрты асфальт жолмен жүреміз бе деген үміттерінің үзіліп бара жатқанын айтып, көмек сұрайды.

«Қызыларайдан Шабанбай би ауылына дейін жол кедергісіз, Шабанбайдан Ақтоғайға дейінгі жол бейнет болды. Өмір бойы жөні түзу жөнделмеген жолды неғып асфалттайтын болды деп, көңіліміз жақсылыққа сенбей, күпті болып қалып еді. Енді сол ойымыз дәл болып қалды-ау. Былтыр қырып, жолды дайындап жатыр еді, енді ауданға дейінгі шақырымнан қаражаттарын қалайша қысып қалды. Бастаған істі аяқтау деген жоқ па?», – деп қынжылады Қызыларай ауылының тұрғыны Саттар Серік.

Шенділер жолды жөндеуге кедергі келтіріп отыр ма?

Жол жөндеп жүрген компания өкілдерінің айтуынша, олар жұмыстарын әрі қарай жалғастыруға сақадай-сай болып, дайын отыр. Алайда биліктегілердің «қаражат жоқ» деген уәжінен кейін жұмыстарын амалсыз тоқтатып отырған көрінеді. Аудан әкімдігі өздерінде мұндай көлемді қаражаттың болмауы себепті облыс билігіне қарап отырғаны анық. Негізінен бұл жұмыс көлік министрінің бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында ауыл жолдарын асфальттегеннен гөрі, қиыршық таспен жөндеген тиімді деген сөзінен соң тоқтап қалған. Ал, шын мәнісінде, көлік министрлігінің бұл бұйрық жобасы әлі қолданысқа енбеген.

«Бұл мәселені министрлік ұсынып, қоғам талқылауына шығарған. Қазір бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында және қолданысқа енгізілген жоқ», – деп мәлімдеді Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Дәулет Сәмбетбаев.

Не себепті шенеуніктердің әлі қолданысқа енбеген бұйрық жобасы үшін бұрынғы жылдары басталып қойған жол жөндеу жұмыстарын тоқтатып тастағаны белгісіз. Бұл бұйрық жобасында аталмыш шектеу халық саны 500-ден аз ауыл арасындағы жолдарға бағытталған екен. Ал бұл жол бойындағы Қызыларай, Шабанбай би ауылдарында мыңнан астам тұрғынның бар екені, әрі тәулігіне осы жолмен жүретін көлік санының да көп екені ескерілуі тиіс жағдай.

Бұл өңірде қазақтың марғасқа ұлдарының бірі – Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов дүниеге келген. Алаш көшбасшысының ата-анасы, ағайын-туыс бауырлары осы мекендегі Талды бейіт деген қорымға жерленген. Сондай-ақ бұл өлкеде қазақ тарихы үшін ерекше орын алатын «Беғазы – Дәндібай» мәдени ескерткіші бар. Жыл сайын көктем шыға осы өңірге еліміздің әртүкпірінен және шетелден туристер ағылып келе бастайды. Облыс билігі туристер ағымын көбейтудің неше түрлі жобасын жұртқа жариялап, бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Ал сол туристердің ойқы-шойқы жолмен бір келген соң қайтадан бұл өлкеге аттап баспайтыны айтпаса да түсінікті жағдай.

Қызыларай мен Шабанбай би ауылы Орталықтың ең биік тауы саналатын Ақсораңның баурайында орын тепкен. Бұл өлкенің қайталанбас тұмса табиғаты – алғаш көрген жұрттың есінен шықпайтындай сұлу, көртартардай көркем. Шабанбай би ауылы 2025 жылы «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жариялаған байқауда «Үздік туристік ауыл» атанған болатын. Бір сөзбен айтқанда, жолға жарымай отырған ауылдың туристік әлеуеті зор.

Аудан мен қаладан шалғайда жатқан бұл екі ауылға осы жол сапасының нашарлығы салдарынан соңғы жылдары қаладан қатынайтын автобус та тоқтап қалған. Ауылда әупірімдеп әзер күн көріп отырған халық енді билік бізге асфальтті қимай қалды ма деп наразы болуда. «Үмітсіз – шайтан» демекші, қараша халық әлі де болса облыстық биліктен жағдайды оңтайлы шешер деп үміттеніп отыр.

Арайлым Еркебаева

Қарағанды облысы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз