Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:10, 26 Қыркүйек 2024

Боқтампаз Баймурзиннің жолы Малыбаевқа сабақ бола ма?

Малыбаев
Фото: mvd.gov.kz

Jas Alash-та «Боқтампаз Баймурзин, менмен Мәжикенов және иесіз 100 сиыр» атты мақала жариялаған болатынбыз.

 Онда: «Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшылық қызметіндегі шенділердің бір-бірімен араздасып, бірін-бірі мойындамай, беттерімен кеткендері жайлы аз естіп жүрген жоқпыз. Ал облыстық ішкі істер департаментінің басшылығына Арманбек Баймурзин келгелі жағдай тіпті ушыға түскен сияқты.

...Боқтампаз Баймурзин, менменсіген Мәжикенов сияқтылар әбден елдің зығырданын қайнатып біткені жасырын емес. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп, бұл жайтты сөз етпеуге де болар ма еді? Бірақ мәселе құмалақтың тым көптігінде болып тұр емес пе?!» деп, қарамағындағы қызметкерді боқтап-балағаттаған видеосы әлеуметтік желіге тараған Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин мен орнына уақытша міндетін атқарушы болып бекітілген орынбасары Мәжикенов те қызметке әкіреңдеп кіріскенін сынға алғанбыз. Айдалаға айқайламаған сияқтымыз. Ішкі істер министрлігі қырық күн толғанып, күні кеше Баймурзин мен Мәжикенов ғана емес, басқа да орынбасарлары Нұржан Рахметуллаев, Қанат Сматов, Бауыржан Удергенов, сондай-ақ ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Алмас Қожашевты қызметінен босатты. Баймурзиннен босаған орынға қонжиған Бақытжан Малыбаев төрт орынбасарын бірден сайлап алды.

Малыбаевтың қызметтік жолына қарасақ, 2022 жылдың қарашасынан бері Көліктегі полиция департаментінің бастығы қызметін атқарыпты. Жамбылда соңғы уақытта жантүршігерлік жол-көлік апаттары жиілеп кеткені жайында қыркүйектің 19 күні «Бетіңді суық сумен жуып ал. Жамбылда жол апатымен қалай күреседі?» атты мақала жариялаған едік. Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері 8 айда жол-көлік оқиғалар саны – 65,8 пайызға (614-тен 1018) және дене жарақатын алғандар саны – 70,9 пайызға (931-ден 1591) өскен. Оның ішінде республикалық маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғалар саны – 5,9% (188-ден 199) және дене жарақатын алғандар саны – 29,2% (346-дан 447) өскен.

Осыған ұқсас жағдай жергілікті маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғалар саны – 85,7% (56-дан 104) және дене жарақатын алғандар – 95,3% (85-тен 166) өскен.

Ал қалалар мен елді мекендердегі көше-жол желісіне келетін болсақ, жол-көлік оқиғалар саны – 93,2% (370-тен 715), қаза болғандар саны – 42,0% (19-дан 27) және дене жарақатын алғандар – 95,6% (500-ден 978) жеткен.

Сонымен қатар автокөлікті мас күйінде басқарған 509 жүргізуші ұсталып, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік құралын басқарғандары үшін 26 қылмыстық іс қозғалған.

Ал 271 жаяу жүргіншіні көлік қағып, салдарынан 30 адам қайтыс болса, 248 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Сұмдық статистика, көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты.

Жамбылда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың өршіп тұрғаны белгілі. Оқушылар арасындағы әлімжеттік мәселесін ерекше бақылауға алу тиіс. Жамбылда қаншама жасөспірім есірткі бизнесі, нашақорлықтың құрбаны болды десеңізші. Әлі де құрсаудан босай алмай, дымы құрып жүргендері қаншама? Күн аралатып ұстадық деп жатса да, есірткіні шегетіндер мен егетіндер азаймай тұр. Жамбыл полициясының жаңа басшылық құрамы, міне, осы бағытта күресті күшейтсе, қанеки... Қысқасын айтқанда, Көліктегі полициядан келген Малыбаев Жамбылға тәртіп орната ала ма? Міне, мұны алдағы күндері көре жатармыз.

Нұрболат ӘЛДИБЕК,

Жамбыл облысы

Тегтер: